2.05.2024, 22:34
Оқылды: 54

Күн тәртібіндегі келелі жұмыстар талқыланды

Бүгін Теректі ауданының әкімдігінде аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың төрағалығымен һәм бөлім басшыларының қатысуымен жиын өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері де қашықтықтан қосылды.

FB_IMG_1714660954421

Мәжілісте аудан басшысы Әлия Биғазықызы аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған Ерлан Амандықовты таныстырды. Тасқын кезінде елдің ортасында жүрген Ерлан Мұратұлының алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Күн тәртібінде мамыр айындағы мерекелік іс-шаралардың өту барысы, тазалық айлығы, тал-терек егу жұмысы қаралып, аудан игіліне қатысты келелі істер талқыланды. Сондай-ақ аудан басшысы Әлия Биғазықызы баспасөзге жазылудың маңыздылығына тоқталды.

FB_IMG_1714660957080

Аудандық «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» газетінің директор-редакторы Әділет Орынбасаров сөз алып, аудан айнасын қолдауға шақырды. Дегенмен ауыл әкімдерінің тарапынан редакция жұмысына айтылған «сын» да аз болмады. Ақсоғым ауылының әкімі Мұфтах Дүйсенғалиев газет бетіне ауылдың ахуалы жарияланбай жүргенін айтты. Өз кезегінде Әділет Әлібекұлы бұл жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіріп, жіберілген ақпараттың мазмұны, құрылымы сын көтермейтіндігін жеткізді. Содан соң аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Лунара Сердалиева мерекелік іс-шаралардың, аудан көлеміндегі спорттық жарыстар мен мәдени байқаулардың қандай бағытта өтетіндігінен хабардар етті.

FB_IMG_1714660959305

Лунара Ганибалқызының баяндауынша, Отан қорғаушылар күні Ұлы Жеңіс күнімен бірге, яғни 9 мамырда аталып өтілмек. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайыржан Есетов тазалық айлығы хақында баяндады. 2024 жылы облыстық елді мекендерді көгалдандыру және жасыл аймақты құрудағы өңірлік жоспарды орындау бойынша ауданымызға 21 мың 750 түп ағаш егу жоспарланған. Биыл 957-ге жуық терек отырғызылған. Бұл пайыздық көрсеткішпен есептегенде өте төмен. Әлі де қызу жұмысты талап ететін тал-терек егудің жемісін болашақта көреріміз айқын. Айналамыз жасыл желекпен жайқалса, нұр үстіне нұр болар еді. Жиында күн тәртібінен тыс мал бағымы мәселесі қозғалды.

FB_IMG_1714660961393

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Кенжебек Абушахманұлы ауылдардағы малдардың босып жүретіндігін айтып, ауыл әкімдеріне ескерту жасады. Әсіресе Ақсуат ауылында бақташы тапшы. Аталған ауылдың әкімі Жаннұр Ахметов тұрғындармен жүздесіп, мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатқандығын айтты.

- Бақташымыз бар еді. Биыл ол өз малын басқа шаруа қожалыққа қосқанын жеткізіп, өзге адамды табуды ұсынды. Ендігі кезекте ауыл жұртшылығының арасынан бір бақташы шығып тұр. Бірақ оның еңбегіне сұраған ақшасын тұрғындардың қалтасы көтермейді. Тағы да жолдарын іздестірудеміз,- деді Жаннұр Бекбауұлы.

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова күн тәртібіндегі мәселерге бармақ басты, көз қысты қарамай, ауданның гүлденуі үшін тер төгіп, аянбай еңбек етуді тапсырды.

Асыл Қазына,

Теректі ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале