4.07.2022, 16:00
Оқылды: 101

БҚО-да жергілікті жолдарды дамыту бағытында 60 жоба іске асырылуда

Өңірімізде жергілікті жолдарды дамыту, сапасын жақсарту бағытында 60 жоба іске асырылуда. Қаржыландыру көлемі бұдан бұрынғы жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда 2-3 есе артық. Осы шаруалар уақтылы әрі сапалы атқарылса, жыл соңында жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жол үлесі 50%-ға (қазіргі үлес 39%) жетеді. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі аппаратының кеңесінде айтылды. 

062375eb-01eb-40ea-9db0-3828757094c5

Жиында 2022 жылға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасы аясында жергілікті маңызы бар аутокөлік жолдарының желілерін және жол бойындағы сервисті дамыту мәселесі қаралды.

 – Биыл жергілікті жолдарды дамытуға 26,7 млрд теңге бөлініп, 60 жобаны (21-і ауыспалы, 39-ы жаңа) іске асыру жоспарлануда. Соның ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен 23,8 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлініп отыр. Бөлінген қаражатқа 350 шақырым жергілікті жол  жөнделеді. Биылғы қаржыландыру көлемі алдыңғы жылдары бөлінген қаражат-қаржы шамасымен салыстырғанда 2-3 есе көп. Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша жоспарланған 60 аутожол жобасының 55-інде құрылыс жұмыстары басталды. Әзірге 70 шақырым жол жөнделді. Ал қалған бес жоба бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда,  – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Меңеев.

22e10f77-ac8c-4c13-afb5-748afeeeec87

Жолдарды дамыту жобалары бойынша 12 мердігер ұйым (10 жергілікті, екі жергілікті емес) жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар 10 техникалық қадағалау ұйымы (барлығы жергілікті емес) қызмет атқаруда. Құрылыс жұмыстарына 18 асфальтбетон, екі бетон зауыты және 6 теміржол торабы қызмет көрсетеді. Жобаларға 2000-ға жуық жұмысшы жұмылдырылды. Аталмыш жобаларды іске асыру үшін нысандарға 18 мың тонна битум, 96 мың тонна  қиыршықтас қажет. Алайда битум 1 700 шақырым жердегі Маңғыстау облысындағы «CaspiBitum» зауытынан және қиыршықтас  700-800 шақырымдағы Ақтөбе облысының кен орындарынан теміржол арқылы тасымалдануда.

 Жергілікті жолдардың 3 733,5 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Сондықтан жобалардың құнын арзандатып, сәйкесінше ұзақ шақырымдарды жөндеу жұмыстарымен қамту мәселесі күн тәртібіне қойылған. Жобаларды  жасақтау кезінде жаңа технологияларды қолдану жағы ескеріледі. Мысалға, топырақты "Акропол", "АНТ", "Никофлок" және басқа да материалдармен тұрақтандыру арқылы қиыршықтасты пайдалануды азайтуға көңіл бөлінуде. Бұл жөндеу құнын бір шақырымға шаққанда 120-150 мың теңгеден 60-70 мың теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Аталған технология елді мекендерге кіреберіс аудандық маңызы бар және қарқындылығы төмен облыстық маңызы бар аутожолдар жобаларында қолданылуда.

Жол  саласына қаржыландыру көлемінің жыл сайын ұлғаюы, мердігер ұйымдар арасында бәсекелестікті қыздыруда. Нақтырақ айтар болсақ, жергілікті мердігер ұйымдар санының артуына және мердігер ұйымдардың материалдық-техникалық базасының жаңаруына оң әсерін тигізуде. Мысалы, 2012 жылға дейін өңірімізде төрт мердігер ұйым болса, қазіргі кезде олардың саны 12-ге жетті.

Жергілікті маңызы бар жолдардағы жөндеу жұмыстарына сараптама жасау барысында 42 бұзушылық анықталып, құны 85 млн теңге болатын жұмыстарды қайта қалпына келтіруге нұсқама берілді. Оның ішінде «Юнисерв» ЖШС-ға Барбастау – Ақжайық  – Индер бағытындағы жолдың 43-93 км, «ДСК-Приоритет» ЖШС-ға «Ақсай-Шыңғырлау» жолының 51-69 км, «Айдана» ЖШС-ға Федоровка – Ақсай» жолының 28-43 км жобалары бойынша асфальтты бетон жамылғысын қайта төсейді.

Өзіміздің қиыршықтас неге пайдаланылмайды?

 Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1414 км аутокөлік жолдарының 245 шақырымына күрделі, 131 шақырымына орташа жөндеу және 1038 шақырымына «Қазақавтодор» ЖШС-ның БҚО филиалы күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш филиал директоры Қазбек Мамбетовтың баяндауынша, биыл 245 шақырым жолдың алты учаскесінде күрделі жөндеу жұмысы жасалады. Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы жолының бөліктеріне «Унисерв», «Теміржол жөндеу» ЖШС-лары жөндеу жүргізуде, ал 53-95 км учаскесіне жаңа мердігерді анықтау рәсімдері жүргізілуде. Өнеге – Бисен – Сайқын жолының тиісті бөліктерін «Атырау жолдары», «Ақжол құрылыс» ЖШС-лары жөндеуде. Жобалардың жалпы құны 79,4 млрд теңге болса, соның ішінде 26,7 млрд теңгесі (40%) игерілді. Биыл 15 млрд теңге бөлінді.

 – Биылғы  жол құрылысына 544,5 мың тонна қиыршықтас қажет. Соның 168 мың тоннасы (31%-ы) сатып алынды. Ақтөбе облысындағы Мұғалжар,  Берсүгір стансаларынан алынған құрылыс материалдары Жәнібек, Сайқын,  Пойма стансаларына жеткізіледі. Стансадан стансаға дейінгі қашықтық 1300 км-ден асады, әрі Ресей  аумағы арқылы өтеді. Бұл құрылыс материалын жеткізуді одан сайын қиындатып, жеткізу уақыты 10 күнге созылады. Бүгінде «ҚТЖ» компаниясымен жүк вагондарын көбейтуге келісімдер жасалды,  бірақ вагондар әлі де жетіспейді, – деді Қ.Мамбетов. Ғали Есқалиев филиал басшысынан жергілікті Жамантау кен орнының қиыршықтасын құрылысқа неге пайдаланбайтындығын сұрады.

«Әлі зертханалық жұмыстар жүргізілуде», – деп жауап берді Қ.Мамбетов.

«Кен орнының жұмысы басталғанына екі жыл болды. Осы уақытта тиісті сараптама өткізілмеді ме? Мердігерлер жолдың төменгі төсеміне қиыршықтастың сапасы жарайды деседі. Ал филиал басшысы жарамсыз деп отыр. Осыны тексеріңіздер. Инвестор кен орнына 1 млрд теңге қаржысын салды. Өнімін әлі сата алмай жүр. Осыдан кейін инвесторларды қалай тартамыз?»,  – деп сұрады әкім.

Сонымен қатар облыс әкімі «Қазақавтодор» ЖШС-ның БҚО филиалына оңтүстік-батыс аумақтағы жол құрылысын барынша жандандыруды тапсырды.  Подстепный – Федоровка – РФ шекарасы жолын қайта құру жұмыстары төрт учаске бойынша жүргізіледі. Құрылыс материалдарын жеткізудегі түйткілдерге байланысты биыл тек көпірлердің, су өткізгіш тұрбалардың құрылысы жоспарланған. Әкім бұл бағыттағы жол құрылысын ширатуды міндеттеді. Орал – Атырау күрежолын қайта жаңарту жобалық құжаттамасын жылдың аяғына дейін аяқтау, бір учаске құрылысын келесі жылдың бюджетіне кіргізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарынан кейінгі ескі асфальт материалдарының қайда жұмсалатынын әлеуметтік желіде ашық көрсетуді талап етті. Тиісті басқармаға, аудан әкімдеріне жол жөндеу жұмыстары кезінде анықталған кемшіліктерді уақтылы жойып,  осы бағыттағы жұмыстарды күшейту тапсырылды. Биылғы жылға бөлінген қаражатты толық, сапалы игеру сұралатыны ескертілді. Басқа өңірден келген қадағалаушы компаниялардың толыққанды жұмыс істеуін қадағалау тапсырылды.

Дәрігерлер тапшылығын азайтудың жол картасы 

 Басқосуда «Салауатты ұлт» әрбір азамат үшін сапалы әрі қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасы аясындағы іс-шаралардың  облыста іске асырылу жайы талқыланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалыбеков әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған жобаның төрт бағыты бойынша жан-жақты баяндады.

Соның ішінде медико-демографиялық көрсеткіштер бойынша 2022 жылдың 6 айында нәресте өлімі көрсеткіші – 1000 тірі туылған балаға шаққанда 11,4-ті (2021 ж – 8,18) құрады. Осы есепті мерзім ішінде ана өлімі көрсеткіші 100 мың тірі туылған балаға шаққанда 33,6-ны (2021 ж – 14,4) құрады. Басқа көрсеткіштер бойынша жақсы нәтижелер байқалуда. Мысалға, жалпы өлім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 12,2%-ға (2022 ж. 5 айында  бұл көрсеткіш 1000 тұрғынға 3,6-ны, 2021ж. - 4,1), қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім көрсеткіші 12,3%-ға (2022 ж. 5 айында  көрсеткіш 100 мың тұрғынға 83,7-ні, 2021 ж. – 95,4), қатерлі ісік ауруларынан  болатын  өлім көрсеткіші 2,5 %-ға (2022 ж. 5 айында  көрсеткіш 1000 тұрғынға 35,7-ні, 2021 ж. – 36,6) төмендеді. 2022-2025 жылдарға арналған жүкті және босанған әйелдерге көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру бойынша Жол картасы жасақталып, босандыруға жәрдемдесу  қызметі мамандарын оқыту жоспарланған. Қазіргі уақытта жылжымалы медициналық кешен қызметімен  30 731 (70,1%)  ауыл тұрғыны қамтылған. Жыл соңына дейін 45 мыңға жуық  ауыл тұрғыны осындай кешен қызметімен қамтылады. Облысымыздың аудандарында 25 хирург маман жұмыс істейді. Теректі ауданының 2, Казталов ауданының 2 және Қаратөбе аудандық ауруханасында хирург, Қаратөбе, Сырым, Жәнібек, Шыңғырлау, Тасқала аудандарында анестезиолог-реаниматолог мамандар  тапшы.

Облыс басшысы ана мен бала өлімінің өсу себептерін анықтап, лауазым иелерінің жауапкершілігін қарастыруды сала басшылығына тапсырды. «Мұнда тәртіптік жазамен шектелуге болмайды. Тиісті тексерістер аяқталған соң, қорытындысын көрсетіңіз»,  – деп нақтылады.

Аудан әкімдеріне бюджет қаржысына қарап отырмай, кәсіпкерлердің күшімен ауылдық жерлерде шағын медпункттерді салу керек екендігін ескертті.  Дәрігерлердің тапшылығына қатысты облыстық басқарма бір айдың ішінде кадр тапшылығын төмендетудің жол картасын дайындап, ұсынуы керек. «Ауыл-аудандардағы жас мамандар шағын оталар жасап, тәжірибе жинағысы келеді. Соған мүмкіндік берілуі керек. Тұрғын үй, жалақы шешілуде, бірақ тәжірибе жинамаса, оларды ұстап тұра алмаймыз»,  – деді Ғ.Есқалиев. Сонымен қатар өңір басшысы тұрғындар тарапынан медицина қызметкерлерінің үстінен шағымдар көп түсіп отырғанын тілге тиек етті. «Дұрыс қарамайды, дөрекілік танытады, «Жедел жәрдем» қызметі уақытында келмейді» деген сыңайдағы шағымдарға орай жұмысты жүйелендіруді, тәртіпті қамтамасыз етуді басқарма басшысына шегелеп тапсырды.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале