29.03.2023, 14:46
Оқылды: 16

БҚО-да жыл басынан бері қызылша ауруы тіркелген жоқ

Батыс Қазақстан облысында қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2023 жылдың алғашқы екі айында тұрғындар арасында қызылша ауруы тіркелген жоқ.

640eb106e61f8459652497

Фото: liter.kz

Дегенмен әлемде және республикада эпидемиологиялық жағдайдың асқынулары байқалуда. Бұның негізгі себебі - қызылшаға қарсы екпенің төмендігі және екпеге қарсылық білдірушілердің жылдан жылға көбеюі.
Қызылша – жедел инфекциялық ауру. Ауру ауа-тамшы жолымен беріледі. Басқа аурулардан ерекшелігі - егер адам қызылшаға қарсы вакцина алмаған болса, жұқтыру қаупі 100 пайыз.
Қызылшаның негізгі белгілері – денеде бөртпе пайда болуы, конъюнктивит, дене қызуының жоғарылауы, жөтел және мұрынның бітелуі. Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті, яғни медициналық қызметке кеш жүгінген жағдайда немесе басқа да қосымша аурулары болған кезде асқынулар салдары өлімге әкелуі де мүмкін.
Қызылшаның арнайы емі жоқ. Қызылшаның алдын алуда тиімді  де сенімді шаралардың бірі – қызылшаға қарсы екпе алу. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, қызылша ауруына қарсы  бала 1 және 6 жасында екпе алуы тиіс.
Қызылша ауруының алдын алу бойынша ұсыныстар:
- ата-аналарға өз баласының қызылшаға қарсы екпелерінің болуын тексеру, вакцинация болмаған жағдайда - қызылшаға қарсы профилактикалық егуді алу;
- аурудың өршуі кезінде қызылшаға қарсы әр түрлі себептермен егілмеген балалардың әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуын, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарына баруын шектеу;
- катаралды құбылыстармен (дене қызуының жоғарылауы, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерге жүгіну, қызылша ауруына тексеруден өту және дәрігердің барлық нұсқауларын орындау.

Жұлдыз Каримова,
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің бас маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале