18.03.2022, 16:40
Оқылды: 329

Бруцеллез жұқтыру жолдары және алдын алу шаралары

Облысымызда соңғы жылдары бруцеллез бойынша эпидемиялық жағдай тұрақсыз. Жыл сайын сарып ауруы Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі аудандарында және Орал қаласында тіркеледі.

000

Фотосурет: ser-per.kz

2021 жылы адамдар арасында бұл аурудың 37 жағдайы тіркелді. Ақжайық, Жәнібек, Жаңақала, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Тасқала аудандарында аурушаңдық көрсеткіші облыстық орташа деңгейден жоғары. Ең қолайсыз жағдай Ақжайық ауданында қалыптасты, онда бруцеллездің 12 жағдайы тіркелген. Бруцеллез ошақтарын эпидемиологиялық тексеру материалдары көрсеткендей, ауруды жұқтыру көп жағдайда жануарларды күту кезінде жеке гигиена ережелерін сақтамау салдарынан болған. Іш тастаған ұрықтарды жинау кезінде қалың резеңке қолғап пайдаланылмайды. Жануарлардың мерзімінен бұрын тууы, түсік тастауы, өлі туылған төлдер туралы жануар иелері ветеринариялық қызметке хабарламайды. Бруцеллезбен ауыратын жануарлар табында қалады да, жайылымдарды, су айдындарын, қораларды, жазғы алаңдарды ластайды және басқа жануарлар ауруды жұқтырады.

Бруцеллез - қимыл-тірек аппараты, жүйке, жүрек-тамыр және несеп-жыныс жүйесін зақымдайтын ауыр созылмалы ауру.

Адамдар үшін инфекция көзі – қой мен ешкі, сирек ірі қара, түйе, шошқа.

Жануарларда бруцеллез ауруының негізгі белгісі түсік тастау болып табылады, ол іш тастаған ұрықпен, плацентамен, амниотикалық сұйықтықпен бруцеллалардың жаппай және ұзақ шығарылуымен бірге жүреді.Аборттан басқа, жануарларда мастит, эндометрит, бурсит, орхит болуы мүмкін. Жануарлардағы ауру жасырын түрде пайда болуы мүмкін, бұл арнайы зертханалық тексерумен анықталады.

Бруцеллездің қоздырғышы жануардың ағзасында 1 жылға дейін сақталады, сыртқы ортаға сүт, несеп, нәжіс, іш тастаған материалмен, қағанақ сұйықтығымен және басқа да бөлінділермен бөлінеді. Сонымен топырақ, жайылымдар, су қоймалары және айналадағы заттар: қоралар, қоқыс, жем қалдықтары, үй-жайлар ластанады. Қи, топырақ, жүн бөлінділерінің ішінде бруцеллездің қоздырушысы 3-4 айға дейін сақталады.

Инфекцияның таралуында шикі сүт пен сүт өнімдері (ірімшік, кілегей, қаймақ, қымыз, шұбат) маңызды рөл атқарады.

Бруцеллалар брынзада, ірімшікте, майда 2 айға дейін, қымыз бен шұбатта – 3- 5 тәулікке дейін, сүтте – 10 күнге дейін, ішкі ағзаларда, бұлшық еттерде, сүйектерде – 1 айдан аса, жүнде – 3 айға дейін өмір сүреді. 60-650С градусқа дейін қызған кезде микробтар 30 минут ішінде, қайнаған кезде – бірден өледі, мұздатылған етте 5 айға дейін өмір сүреді.

Бруцеллез инфекциясы негізінен көктем-жаз мезгілінде, жаппай төлдеу кезінде, сондай-ақ жануарлар арасында түсік түсіру басталған кезден сәл ертерек пайда болады.

Адам ауру жануарларды күту кезінде, жеке гигиена шаралары сақталмаған кезде, ауру жануар тұрған үйде темекі шегу кезінде, шикізатты өңдеу, жануарлардан алынатын өнімдерді термиялық өңдемей тамаққа пайдалану кезінде, жүнді қырқу, түбітті тарау кезінде, сондай-ақ ауру жануарлар тұрған үй-жайлар мен аумақты жинау кезінде жұқтырады.

Адамда ауру бірден пайда болмайды. Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанша 7 күннен 2 айға дейін созылуы мүмкін.

Аурудың басында әдетте дене қызуы көбінесе кешке көтеріледі, науқастар бүкіл дененің әлсіздігіне, бас ауруына, бұлшықеттің ауырсынуына, аяқтың буындарына, төменгі арқаға, әсіресе түндегі қатты терге, нашар ұйқы, тітіркену, тәбеттің жоғалуына шағымданады.

Температураның көтерілуі қалтыраумен, ал түсуі қатты термен бірге жүреді. Ауыр кезең 3-4 айға созылады. Содан кейін ауру созылмалы түрге өтеді, ол бірнеше жылға созылуы мүмкін. Созылмалы түрі жұмыс өнімділігінің төмендеуімен және аурудың жиі өршуімен сипатталады. Кейбір жағдайларда бруцеллез, әсіресе емделмеген бруцеллез, ұзаққа созылуы мүмкін және толық мүгедектікке әкеледі. Әйелдерде созылмалы бруцеллез түсік тастау түрінде көрінуі мүмкін.

Медициналық көмекке уақтылы жүгіну өте маңызды. Науқас дәрігерге неғұрлым ертерек жүгінсе, емдеу нәтижелері соғұрлым жақсы және сәтті болады.

Ауруды жұқтырмас үшін жануарлармен жұмыс істейтін адамдар өздерін қорғауды қамтамасыз етуі қажет. Ауру жануарларды күту, туғызу, сою кезінде арнайы киім кию керек: халат, клеенкалы алжапқыш, резеңке етік, қалың резеңке қолғап, ол болмаған кезде кем дегенде қолды маймен майлау керек. Жұмыстан кейін арнайы киімді дезинфекциялық ерітіндіге салып, қолды ыстық суда сабындап мұқият жуу керек.

Қора ішінде темекі шегуге және тамақ ішуге, тексерілмеген және ауру жануарлардың шикі сүтін ішуге, жаңа туған жануарларды үйге әкелуге болмайды.

Үй-жайларды тазалағанда шаң көтермей, арнайы киім кию қажет. Іш тасталған ұрықты, плацентаны, қоқысты қорғалмаған қолмен алмаңыз. Ол үшін ілмектер, күректерді қолданыңыз.

Жануарларда түсік тастау, мерзімінен бұрын туу, өлі туудың әрбір жағдайында жануарды табынның қалған бөлігінен дереу бөліп алып, бұл туралы ветеринариялық маманға хабарлау қажет.

Ауру жануарларды уақтылы анықтау – өте маңызды. Сондықтан ұсақ және ірі қара мал иелері малды жайылымға шығарғанға дейін көктемде міндетті түрде тексеруі тиіс. Бруцеллез анықталған жануарлар сойылады.

Ветеринариялық мамандарға бірнеше жануар бір мезгілде ауырғанда немесе кенеттен қырылғанда хабарлау және ветеринариялық мамандар келгенге дейін ауру жануарларды оқшаулап ұстау шараларын қабылдау қажет.

"Аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы ҚР ДСМ 12.11.2021 жылғы №114 бұйрығына сәйкес, жұмыс берушілер – жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар орындалатын жұмыстар мен өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жұмыскерлерді гигиеналық және кәсіптік оқытуды қамтамасыз етуге және жұмысқа тек кәсіптік даярланған мамандарды жіберуге міндетті. Жұмыс берушілер (біздің жағдайда ЖШС, шаруа қожалықтарының басшылары, сондай-ақ төлдеу науқаны кезінде жұмыскерлерді жалдайтын азаматтар) өз қызметкерлерін арнайы киіммен, аяқ киіммен, қолғаппен, гигиена құралдарымен (сабын, сүлгі), дезинфекциялау құралдарымен, қосалқы заттармен (күректер, ілмектер, жәшіктер және т.б.) қамтамасыз ету керек, жұмыс басталар алдында оларға нұсқама жүргізуге міндетті.

Аумақтық емдеу-алдын алу ұйымдарының медицина қызметкерлері мал шаруашылығы қызметкерлерін жұмысқа қабылдау алдында және жұмыс аяқталған соң 1,5-2 айдан кейін қайтадан бруцеллезге зертханалық зерттеумен медициналық тексеруден өткізуі тиіс.

Алынған ақпарат сізде және сіздің жақындарыңызда бруцеллездің пайда болуының алдын алуға көмектеседі деген үміттеміз.

 

А. Утегенова,

БҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің

туберкулез және аса қауіпті жұқпаларды эпидқадағалау бөлімінің

жетекші маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале