21.05.2024, 17:30
Оқылды: 26

Майдангерді ұрпақтары еске алды

Ақжайық ауданы Ілбішін ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, Қызыл Жұлдыз ордені, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері Орынғали Иғазиевтің 100 жылдығына орай өткен еске алу шарасы дала қызықтарымен айшықталды. Ұрпақтарының ұйытқы болуымен тай бәйге, топ бәйге, аламан бәйге және қазақ күресі, арқантартыс ұйымдастырылды.

ат акжайык жп

Шараның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Денис Умашев сөз сөйлеп, тілегін жеткізді.

– Майдан даласында қан кешіп, ел қорғаны бола білген Орынғали Иғазыұлының ерлігі – ұрпаққа үлгі. Соғыстан аман-есен оралған майдангер елдегі қауырт жұмыстарға араласты. Ауылды көркейтіп, өркендетуде аянбай атқарған қызметі ауылдастарының есінде. Осындай ардагерді дәріптеген ұрпақтары, ауылдастарына алғысымыз шексіз, – деді Денис Молдағалиұлы.

Сондай-ақ майдангердің кенже ұлы Кенжеғали Иғазиев, келіні Қиуаш Шамұратқызы сөз алып, Орынғали Иғазиұлы туралы естеліктерін айтты. Ашылу салтанатында «Нұрлыайым» әжелер ансамблі, жуырда өткен «Балдәурен» байқауында жүлдегер атанған «Әуен» тобы өнер көрсетті.

Еліне елеулі, халқына қалаулы болған О.Иғазыұлы 1924 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген. 1941-1942 жылы педагогика саласында білім алып, 1942 жылы Чапаев орта мектебінде физика пәнінен сабақ берген. Сол жылы әскер қатарына алынып, аз уақыттың ішінде аға сержант атанады. 1942 жылы 22 желтоқсанында Сталинградты қорғауға қатысып, ерекше көзге түседі. Сондай-ақ 1944 жылы Прага мен Варшаваны қорғауға қатысады.

1947-1951 жылдары елге оралған ол Первомай ауылында ұстаздық қызметін жалғастырды. Көп жылдар аудандық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды. 1964 жылы Ілбішін кеңшарына партия ұйымының төрағасы қызметіне ауысады. Зайыбы Зейнеп Қарапқызы екеуі 5 ұл, 3 қыз өсірген.

3 шақырымдық тай бәйгесінде ілбішіндік Сүлеймен Тоқтаровтың «Тұмар» атты тайы І орынды иеленді. ІІ орында – жанамалық Аманжол Әлинұрдың «Қарындас» атты тайы, ІІІ орында – Томпақ ауылынан келген Нұрғанат Әміровтың «Сомбалақ» атты тайы. 15 шақырымдық топ бәйгеде қарауылтөбелік Қуанғали Сағынбаевтың «Шыбыққасқа» атты сәйгүлігі топ жарды. ІІ орынды Қабыл ауылының тұрғыны Алтынбек Қозбақовтың «Торкасы», ІІІ орынды базаршоландық Абзал Құрметтің «Жирені» иеленді. 21 шақырымдық аламан бәйгеде базартөбелік Ермахан Төлегеннің «Байқасқа» атты сәйгүлігі шашасына шаң жұқтырмай, бірінші келді. ІІ орынды жанамалық Армат Ғаббасовтың «Нұрторы» атты жылқысы, ІІІ орынды базартөбелік Дәурен Салиевтің «Айқасқасы» еншіледі. Бәйгенің үш түрінде де ат иелеріне бірінші орын алып берген шабандоз – Базартөбе ауылының 7-сынып оқушысы Жеңіс Аймұратұлы.

Күресте оралдық Диас Кенжеғалиев «Түйе палуан» атанса, арқан тартыста командалық есепте Ақсуат ауылының жігіттері жеңіске жетті.

Сайыстарға майдангердің ұрпақтары қомақты қаржымен жүлде тікті.

Бекболат Қаленов,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале