14.05.2021, 10:05
Оқылды: 174

Бударинде, бұйырса, алма бағы гүлдейді

Күн райы соңғы күндері әлденеге өкпелеген баладай біресе шуақтанып, біресе түнереді. Әп-сәтте аспанды бұлт торлап, жаңбыр нөсерлете жөнеледі. Өткен жылдардағы қуаңшылықтан, мал азығы тапшылығынан зәрезап болған ауылдағылар табиғаттың бұл құбылысын «Нұр жауып тұр» деп жақсы ырымға балады. Ержан да жердегі ылғал кеуіп кетпей тұрғанда алма көшеттерін отырғызуға асығулы. Өткен  сенбіде Бударин ауылының тайлы-тұяғы қалмастан келіп, ағаш отырғызатын шұңқырларды қазып, қолдау көрсетті. «Өз алма бағымыз болады. Тамаша емес пе?! Шетелден келетін дәмсіз алманың орнын табиғи, экологиялық жағынан таза, туған жер топырағында өскен өнімге қарық боламыз», – десті ауылдастары арқа-жарқа болып.  «Иә, туған жерде өскен алманың дәмі бөлек болады ғой. Өйткені ол қара жерден нәр алып, еңбек адамының маңдай терімен суарылады емес пе?!», – деді іштей күбірлеген кәсіпкер. Енді қайтсін, мұндай қолдау-көмекті көремін деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген, жаны толқыды. Сайын даланың шаршамайтын сары желі ышқына соғып, мұның ойын мақұлдағандай болды. Ол жүздерін күн мен жел қаққан ауылдастарына ерекше ықылас-мейіріммен қарады. Іштей сол күнге жетуді, елді алқымнан алған коронавирус індетінен тезірек құтылуды тіледі ол.  

948C2ABB-4F8C-4876-97DD-538345F03476

...Ауылдың шеткі жағына таман орналасқан айналасы металл құрама материалдарымен қоршалған бақ орнына тез жеттік. Біз атбасын тірегенде, ағаш егіп жатқан бір топ кісілер: «Бұлар кім болды екен?» дегендей, күтпеген қонақтарға аңтарыла қарасты. Жолбастаушымыз Бударин ауылдық округінің әкімі Шоқан Мұсағалиев бір сөзінде жергілікті кәсіпкердің 1 гектар жер телімін алып, оған алма көшеттерін еге бастағанын айтып еді. Сол шаруаның қолға алынғанын естіп, жұмыстың бет алысын көріп кетпекке бұрылғанбыз. Күннің ызбарлана соққан суық желіне қарамастан, топ адам ағаш көшеттерін егуде. Амандық-саулық сұрасқан соң,  қара торы жігіт ағасы замандас болған соң ба, әйтеуір, ескі танысындай ашыла сөйлесті.

– Алма көшеттерін егуге жер қазып, дайындауға көп уақыт кетті. Тың жер ғой. Тыңайтқышын, қара топырағын салып қойдық. Әзірге 10 шақты түпті отырғыздық. Үйіліп қалған артық топырақты техникаға тиеп, шығарып тастадық. Қоршауды былтыр орнаттым. Бұрыннан алма бағын өсіруді жоспарлап жүргенмін. Енді, міне, сәтін салып, игі істі бастаған жайым бар. Мына бақтың төменгі етегіне жылыжай салу да – ойдағы шаруа. Әнебір ескі ғимаратты бұзып, соның орнына салғым келеді, – деді кәсіпкер  Ержан Битілеуов.

Кейіпкеріміз бұрыннан табындап болмағанмен, шағындап мал өсіреді. Жылқы десе, ішкен асын жерге қоятыны тағы бар.  Қылқұйрықтының асылын ұстауға қам жасауда. Ауылда «Ақан» деп аталатын қоғамдық тамақтандыру орнын ашып, жұмысын дөңгелетіп отыр. Ақжайық ауданының халқы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің «Менің  аулам – менің бағым» жобасын мақұлдап, еті тірілер іліп әкетті. Наурыз айында аудандағы бақ өсіруге ниетті жандар қатарында Ержан Битілеуов те өңірімізге белгілі бағбан Қайрат Кәрімовпен кездесіп, бақ өсіру жайындағы кеңестерін тыңдады. Содан бағбаннан жергілікті ауа райына бейімделген алма сұрыптарының көшеттерін сатып алуға келісті.

– Сәуір айында  ауданға 1285 алма көшеті жеткізілді. Ауыл-ауданды жеміс ағаштарымен жайқалтар игі істен тұрғындармен қатар шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, мекеме ұжымдары тыс қалған жоқ. Аудан және ауылдық округ әкімдіктері 190 түпке тапсырыс берді. Ал мектептердің ауласында 100-ден астам алма ағашы отырғызылады. Одан басқа медицина мекемелері, мәдениет үйлері, Ақжайық аграрлық-техникалық колледж ұжымдары да аулаларына алма ағаштарын жайқалтпақ.  Бақ өсіретін адам жеміс ағашын егудің және оны баптап күтудің амалдарын білгені жөн. Сондықтан   әрбір ауылдық округке жаңа отырғызылған екпелерді қалай күтіп, суару керек екендігі жөнінде  бейне нұсқамалар таратылды. «Менің аулам – менің  бағым» жобасы аясында ауданда білім беру ұйымдарында «Мектеп. Алма бағы. Оқушы» деп аталатын жоба бастау алды. Мысалы, Есенсай орта   мектебінің ауласына  мектептің 1983 жылғы түлектері 50 түп алма ағашын отырғызды. Барлық көшет белгілі бағбан Қайрат Кәрімовтен сатып алынды, – деп  еді мұның алдында аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев.

Өткен аптада  Ерақаңның 140 түп алма көшеті Бударин ауылына жеткізілді. Сонда аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бақ өсіруді қолға алған кәсіпкердің шаруашылығына атбасын тіреп,  жұмысына сәттілік тіледі. Тіпті алғашқы ағаш түптерін өз қолымен отырғызып кетті. Әкімі бастап қолына күрек алғанда ауылдастары қарап қала ма?! Олар да қолдарына кетпен-күрек алып, бақтың негізін қалауға үлес қосты. «Алманың «конфетный», «башкирский», «қысқы», «брусничный» «родниковый» секілді түрлерін алдым. Көшеттерді әлі де алмақ ойым бар. Одан басқа алхоры, алмұрт ағаштарын да егемін. Сонда 150 түп жеміс ағашын өсіремін», – деді Ержан Қайыржанұлы.

Алма бақтың атшаптырым аумағынан екі құдық қазылған. Көшеттерге су бастамада шелекпен тасылмақ. Одан кейін құдықтардан су тартып құятын сыйымдылық қояды. Одан пластик құбырлар шығарып, тамшылата суару технологиясын пайдаланбақ. Осылайша  жер қыртысының құнарлы қабатын бүлдірмей, 1000 есеге дейін су үнемдеп, ағаштарды суаруға  ниетті. «Алма ағашының көшетіне бақша еккендегідей суды күн көзіне жылытып қойып, суармайсың. Теректер салқын суға төзімді, өсе береді», – деп қояды бақ иесі.  

– Алла қосса, алма жеуге қашан келеміз? – дейміз қарап тұрмай.

– Мына көшеттер екі жылдық, әрі қарай жақсы көтеріліп кетсе,   төрт  жылда өнім береді, – деді сенімді дауыспен Ержан Қайыржанұлы.

– Биыл 2021, келесі жылы алғашқы өнімін беріп қалар, – деді ойлана сөйлеген ауыл әкімі.

– Қазіргі кездегі жаман індетке байланысты «Ақан» кафесіндегі қызметкерлерді қысқарттық. Бұрын 10 шақты еді, бүгінде екі  адам қалды. Алма бақта жұмыс істейтін адам күші керек. Кем дегенде 4-5 ауылдасымды жұмысқа аламын. Жеміс ағашының жауы – құрт, одан қорғау үшін улау жұмыстарын жүргізу керек. Кейбір сынған бұтағын кесеміз дегендей. Сырт көзге ағашты егіп, су жіберіп қойып, жемісін теріп алатын сияқтысың. Бақ өсірудің бейнеті аз емес білгенге. Бала сықылды, қарап, күтіп, баптау керек, – деді бір сөзінде кейіпкеріміз.

Ол ағаш егу жұмыстарын бала кезден көріп өсті. Әкесі Қайыржан орман шаруашылығында жұмыс істеген. Қарашаңырақта өскен жеті баланың қай-қайсысы да әкенің бейнетке толы ақ адал еңбегінен, анасының шуақты мейірінен нәр алып өсті. Бақ шаруашылығын дамытып, ұрпағына табиғат-ананың сый-тартуын өнеге етуді ойлайды бағбан. «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» демекші, будариндік кәсіпкер бағбаншылықты одан әрі дамытсам деп отыр. Шүкір, артында ұл-қыздары бар, желкілдеп жиендері өсіп келеді. Бұйырса, ұлы үйленіп, немере сүйер күн туар. Алма бағы жайқалып өсіп кетсе, оның өнімдерімен алдымен ауылдастарын қамтиды.  «Бұйырса, алма бағы жайқалады», – деп жымияды алма бағының иесі.  Айнала қазылған шұңқыр, егілген көшеттер, сары топырақ... шынымды айтсам, бақ гүлдейтінін елестету қиындау. Бірақ сөзі нық, қимылы ширақ замандасымның өзіне деген сенімі күдігімді сетінетіп таратып жібергендей. Иә, Бударинде алма ағаштар гүлдейді. Бүкіл ауыл боп егіп, күтіп-баптаған бақ гүлдемеуші ме еді?!

Шоқан Мұсағалиев,

Бударин ауылдық округінің әкімі:

 – Бударин округіне Бударин ауылы мен Самал, Коловертный елді мекендері кіреді. Округте 1645 тұрғын тірлік кешуде. Әр үйде артезиан құдығы бар, суы тұщы. Соны бау-бақша өсіруге пайдаланады. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша әр үйге таза ауыз су тартылған. 1997 жылдан бері көгілдір отынмен қамтылған, округ тұрғындарының баспаналары қаладағыдай, жайлы жағдайда. Коловертный ауылында – 130, Самалда 235 адам тұрады. Бұл елді мекендерге де газ өткізілген. Тек Биыл Самалға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су құбыры тартылады. Қазір тендер өткізілуде. Округтегілер негізінен күнелтісін малмен айырады. Көпшілігі үйлерінің жанынан бау-бақша өсіреді. Ауыл тұрғыны Гүлім Құмарова Бударин каналы бойында бақша егуде. Ғайнеден Баянов жетекшілік жасайтын «Атамұра» шаруа қожалығы 4-5 жылдан бері төрт гектар жерге алма бағын егіп, өсіріп келеді.  Округтегі қыз-келіншектер сиыр сауып, оның өнімдерін, сүт, май-қаймағын, сиыр етін қалаға, аудан орталығына саттыққа апарады. Тұрғындар кооператив құрып, сүтті бағыттағы сиыр алуға ынталы. Осы бағытта құжаттар жинақтаудамыз.

Жұмыссыз ретінде 70 шақты азамат ресми түрде тіркелді. Округте әкімшілік, дәрігерлік амбулатория, ветеринарлық телім, мектеп-балабақша, орман шаруашылығы мекемесі, пошта, мәдениет үйі жұмыс істейді.  Шаруа қожалықтарының саны – 57, кәсіпкерлік нысандар, дүкендер 40-тың үстінде. Одан басқа токарьлық цех, кафе бар. Қызыл кірпіш шығаратын зауыт маусымдық жұмысқа 30 шақты тұрғынды қабылдайды. Жаз мезгілінде қоғамдық жұмыстарға қолы бос адам таппай қаламыз. Будариндіктер мал бордақылау жұмыстарымен де айналысады. Округте 3 мыңның үстінде қыл құйрықты, 23 мыңдай ұсақ жандық, 10 мыңның үстінде ірі қара, 50 шақты түйе өсірілуде. Былтыр ауылдағылар 20 құдық қаздырды. Мал жайылымынан да құдық соқтырды. Будариннің өзінде екі бағытта сиыр, алты бағытта қой бағылады. Малды бағымға қоспайтындармен түсінік жұмыстары жүргізілуде.

Ауылдардағы түйткілді мәселе – ауылішілік жолдардың сапасы. Биыл ауылға кіреберіс жолды жөндеуге жасалған жобалық құжаттамасы  мемлекеттік сараптамадан өтсе, жол құрылысы басталады. Ал ауылдың ішінде көше жолдарын жөндеу – алдағы күннің еншісінде.  Қазір олардың ұзындығы  есепке алынуда.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале