29.07.2021, 18:10
Оқылды: 633

Даулы баспананың дабырасы

Тұрғындар Орал қаласының Зашаған кентінде салынған үйдің сапасына байланысты «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-мен дауласқанына екі жылдай уақыт өтіпті. 2019 жылы пайдалануға берілген тоғыз қабатты үй әлі күнге аталған компанияның меншігінде тұр. «Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясы баспана бойынша шағым жасаған тұрғындармен кездесті. Айта кетейік, бұрын компания атауы «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ» болған.

1 (66)

– Қызым жалғызбасты ана санатымен жаңа пәтерге қол жеткізді. 2019 жылдың маусым айында бірінші қабаттағы пәтерге орналастық. Мен де қызыммен бірге тұрамын. Уақыт өте үйдің сапасыз салынғаны белгілі болды. Қыс бойы жертөледе мотордың даусы гүрілдеп шығады. Тіпті пәтеріміздің едені дірілдейді. Жиектасты балкон тұсына дейін таяу салған. Аутокөліктер іргемізге төніп келіп тоқтайды. Үйдің қабырғаларының сыртына сызат түскесін, оны ҚТК құрылысшыларға жөндетті. Мына үйде тұру мүмкін емес. Ресми түрде апатты деп танып, басқа пәтер берілуін сұраймыз, – деді Ұлдай Төлеева.

1 (77)

Үш бөлмелі пәтерде тұратын  Нұрболат Иманбаевтың да айтары көп. Оның сөзінше, жыл сайын көп қабатты үйдің жертөлесіне қар суы құйылады. Жертөледе тұрған қосымша темір тіреулердің мығым екеніне тұрғындардың көпшілігі күмән келтіреді. Салыстырмалы түрде алғанда, оның қасындағы үйлерде мұндай тіреулер жоқ, іргетасы бекем құйылған. Мердігер үй салуды 2016 жылы бастаған. Пәтердің шаршы метрі элиталық үйдің бағасымен есептелініпті. Нұрболат Иманбаев пәтердің бір шаршы метрі 149 мың теңгеге бағаланғанғанын, мұндай қымбат қақпен тұрақты төлем жасауға мүлдем келіспейтінін жеткізді. Нұрболат Иманбаев құрылысқа жауапты компаниялар мен тексеруші мекемелердің ықпалы боларына сенер емес.

1 (82)

Тұрғындар бұл үйді апатты деп тану керектігін айтты. Олар амалы таусылғасын, сот құрылымына да жүгінген. Бұған дейін  ішкі мемлекеттік аудит және экономикалық тергеу қызметтері және басқа да мекемелер бірнеше мәрте сараптама жұмысын жүргізген. Арыз-шағым бойынша жұмыстанған тергеушілер де ауысып отырған. Бірақ тексеру жұмысының қорытындысы қоныс иелеріне таныстырылмапты. «Бастапқы кезеңде мердігер бес қабатты үй салмақшы болған. Содан кейін құрылыс нысанын тоғыз қабат етіп көтеруге шешім қабылдаған. Қыста үйдің шатырына қар тұрып қалады. Шатырды тазалау мүмкін емес. Қазақстан тұрғын үй компаниясы мердігерден бұл үйді қалай қабылдап алғанына қайранмын. Бізге жаңа баспана беруді немесе осы үйді қайта салуды талап етеміз», – деді Алмагүл Бекешева.

1 (94)

Зашаған кенті Арман шағынауданы Мөңкеұлы көшесі 108/5 мекенжайында орналасқан үйдің тұрғындардың қолында 2020 жылдың 23 қаңтарында БҚО ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен «Батысқұрылыс» ЖШС және техникалық қадағалау мамандарының қолы қойылған акт қорытындысы бар. Бақылау өлшемінің актісінде нысан бойынша көптеген бұзушылық анықталғаны жазылған. Ондағы мәліметке сүйенсек, құрылыс-монтаж жұмысының орындалғаны  туралы жалпы құны 2 047 385 638,58 теңге болатын 18 акт құжаты толтырылған. Кейбір құрылыс материалдары жобалық-сметалық құжаттамадағы талаптарға сәйкес еместігі анықталған. Акт қорытындысында 190 854 106 теңгенің жұмысы орындалмағаны  жазылған.

1 (45)

Тұрғындармен кездесуде облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Әлихан Мырзаболатов тапсырыс беруші құрылыс-монтаж жұмысының басталғаны туралы хабардар еткенін, одан әрмен техникалық қадағалаушы ай сайын электронды құжат айналымы арқылы есеп беріп отырғанын, құрылыс соңында ХҚО арқылы қабылдау актісі ғана жолданғанын айтты. Нақтылап айтсақ, қалалық бөлім мамандары нысанды тексеруге бармаған, қабылдау актісінің дұрыс толтырылғанын ғана қадағалаған. Яғни тапсырыс беруші – ҚТК мен техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерқабылдау актісіне жауапты. Аталған көпқабатты үй тұрғынжай стандартына сай келмегендіктен, қала әкімдігі өз меншігіне алмаған.

1 (86)

Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеров мәселенің мәнісі бизнес саласындағы мекемелер жұмысына мониторинг жүргізуге шектеу қойылғанынан деп есептейді. «Тапсырыс беруші мен мердігер, техникалық қадағалаушы мен авторлық қадағалаушылар – бизнес саласының өкілдері. Олар өзара келісіп жүргізген құрылыс нысандарына мемлекеттік құрылымдардың тексеріс жүргізугеқұқы жоқ», – деді Аққали Әубекеров. «Бір жұма бұрын компания басқармасы төрағасының орынбасары Алмас Шабдарбаев тұрғындармен кездесті. Сол кезде барлық мән-жайды түсіндірдік. Төраға орынбасарымен бірге Қостанай қаласынан техникалық аудит мамандары келді. Олар бір апта бойы үй құрылысына қатысты тексеру жүргізді. Сараптама қорытындысы бір айдан кейін белгілі болады. Соның нәтижесінде мердігер тауып, құрылыс-монтаж жұмысындағы барлық кемшілікті түзейміз. Сарапшылардың алдын ала берілген мәліметі бойынша «Үй апатты жағдайда тұр» деп алаңдауға негіз жоқ»,  – деді «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның Орал қаласы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі маманы Бірлес Сәрсенбай.

1 (26)

Тұрғындар үйдің қайта-қайта сараптамадан өткізіле беретініне наразы. Мөңкеұлы көшесіндегі 9 қабатты 180 пәтерлі үй бейне ауада қалқып тұрған баспана секілді. Көпшіліктің жанайқайына құлақ асар құзырлы мекеме жоқ. Тұрғындармен келісімшартқа тұрған Қазақстан тұрғын үй компаниясы әлі күнге арыз-шағым иелеріне жарытымды жауап бермеген. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, құрылысқа жауапты мекемелердің салғырттығы салдарынан сеңдей соғылысып жүргендер көп. Бұл үйге көбіне әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын тұрғындар қоныс тепкені де ескерілмей отыр. «Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалы төрағасының орынбасары Кенесары Нұршин партиялық бақылау комиссиясы бұл мәселені назарда ұстайтынын айтты. «Бақылау комиссиясы кезекті сараптама жұмысының қорытындысын күтеді. Оның алдындағы тексерулер жүйелі жүргізілмеген. Сараптама қорытындысын тұрғындарға міндетті түрде таныстырамыз. Бұл дауға нүкте қоюға бір кісідей атсалысамыз», – деді ол.

1 (36)

 

Нұртай Текебай,

Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале