19.05.2022, 10:30
Оқылды: 133

Денсаулық күзетіндегі әулет

«... Өздеріңіз білесіздер, 1916 жылы қазақ даласында патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық көтеріліс болды. Халықтың жаппай көтеріліске шығуына сол кездегі «Маусым жарлығы» түрткі болғанымен, негізгі себеп қылышынан қан тамып тұрған патшалық Ресейдің өпірем саясатында жатыр еді. Тіпті сол кезде Жайықтың жағасына мал жаюға да тыйым салынған. Егемендігінен, жерінен айырылып қалмас үшін қазақ жігіттері атқа қонды. Солардың арасында атам Бижан Омарұлы да болған. Халықтың патша әкімшілігіне қарсы ашық көтерілісі жазалаушы отрядпен қарулы қақтығыстарға ұласады. Сырым ауданы Тасқұдық ауылында орыс-казактармен болған шайқаста атам ауыр жараланып, қайтыс болады. Әжем Рабиға төрт ұл баласымен жесір қалады. Содан ол қорадағы малын бағып, балаларын асырап жүргенде, 1926 жылы жаппай коллективтендіру науқаны басталады. Сол кезде әжемнің қорасында түйе, жылқы, сиыр мен қой ешкі де болған. Ұжымдастыру кезінде бір бұзаулы сиырын ғана қалдырып, қалғанын тартып алып, айдап кетеді.  Содан әжемнің ағайындары «Бір сиырмен шиеттей мына төрт балаңды асырай алмайсың. Башқұрт жерінде жұмыс бар көрінеді. Сол жаққа көш» деп кеңес береді. Әжем ойлана келе сиырды арбаға жегіп, балаларын отырғызып, бір түнд  көшіп кетеді. Уфа қаласына  барғанда  әлгі  сиырды  сатып, барак үйге орналасады. Теміржол вокзалы маңынан жер алады. Сол жерге картоп егеді. Кейін үш ешкі сатып алып, оның сүтін сауып,  саудалайды.  Сөйтіп  күн  көріп  жүргенде, теміржол вокзалынан қазақ отбасын кездестіреді. Олар  Қызылорда облысының Қазалы ауданынан екен. Жұмыс іздеп шығыпты. Башқұрт жерінде қазақ  әйелін  кездестіргеніне  олар  да  қуанып, хал үстінде жатқан жасөспірім қызын табыстап, «Қызымның  дерті  асқынып, денсаулығы  күннен-күнге нашарлап барады. Ұзақ жолға шыдай алар  емес. Тірі  қалса, қуанышына кенелерсіз, қайтыс болса, қара  жерге  көмерсіз. Еті де, сүйегі де сізге  аманат» деп  пойызға отырып жүріп кетеді.  Рабиға әжем қызға ем-дом жасап, ешкінің сүтін ішкізіп, дертінен сауықтырады. Бойжеткен соң ол қызды ортаншы ұлына, яғни менің әкем Әжігерейге қосады. Әжемнің арқасында аман қалған анамыз Мақпал – Истаевтар әулетінің өсіп-өркендеуіне, мәуелі бәйтерекке айналуына сүбелі үлес қосқан жан. Әкем Әжігерей екеуі сегіз перзент өсіріп, балаларының білімді болғанын қадағалады». 

Бұл «Медициналық орталық» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы, медицина саласының ардагері Рафхат Истаевтың бізге айтқан естелігі. Әрі қарай газетіміздің «Келбет» арнайы бетінің қонағы Рафхат аға жайлы сыр тарқатамыз. Онда кейіпкеріміздің өмір дерегі, ол құрған жеке медициналық  орталықтың алғашқы қадамы, қалыптасу жылдары, жиған-терген тәжірибесі, өмірге көзқарасы сөз болады. Тіпті ұзақ өмір сүрудің де сырын қозғаймыз. 

3

«Субординация сақтамайды»

Жоғарыда Рафхат Әжігерейұлының анасы Мақпал Рабиға әженің ем-домының арқасында аман қалып, Әжігерей Бижанұлымен шаңырақ көтерген дедік қой. Кейін, 1941 жылы Әжігерей әкей майданға алынып, бір жылдан соң жарақаттанып, Уфаға оралады. Башқұртстандағы зауытта еңбек етіп жүріп, соғыс аяқталғаннан кейін Истаевтар әулеті Сабанчы ауданына көшеді. Сол жерде 1948 жылы бүгінгі мақаламыздың басты кейіпкері Рафхат Әжігерейұлы дүниеге келеді. Уақыт өте  бұл отбасы елге оралуды ойлайды. 1958 жылы жүктерін буып-түйіп, Бөрлі ауданының Бумакөл ауылына көшіп келеді. Бұл уақытта Қа­зақстанда жаппай тың игеру үрдісі жүріп жатқан еді. Күндердің күнінде Мақпал ана жүрек түкпіріндегі туған ата-анамды көрсем деген арман-тілегін жұбайы Әжігерейге айтады. Осылайша сонау қиын-қыстау сәтте жұмыс іздеп кеткен ата-анасын табу үшін екеуі Қызылордаға, Қазалыға барады. Алайда Уфа асып кеткен ата-анасы да, бауырлары  да  елге  оралмаған екен...

Рафхат Истаевтың балалық шағы Бумакөлде өтеді. Білім алады. Ол мек­тепте физика-химия пәндерін ерекше ынта-ықыласпен оқыған. Физика пәнінен аудандық, облыстық пән олимпиадаларында жүлделі орындар алған. Орта мектепті бітірген соң Ақтөбе қаласындағы қазіргі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетіне оқуға түседі.

– Жоғары медициналық оқу орнын невропатолог мамандығы бойынша тәмамдадым. Алғашқы еңбек жолым Ақжайық аудандық ауруханасынан басталды. Оқуды жаңа бітірген кезім, жас маманмын. Жастық жігер-қайратым тасып тұрған шақ. Бір күні аурухананың терапия бөліміне науқас ер адам түсті. Невропатолог ретінде мені шақырған соң барып тексердім. Неврология бағыты бойынша сырқаты анықталмады.

Содан қорытындыға «Неврологиялық сырқаты жоқ. Миокард инфарктісінің алдын алу керек» деп жазып бердім. Мұны көрген бөлім меңгерушісі бас дәрігерге менің үстімнен арыз-шағым жазған. «Неврология бағытында ақыл-кеңес айтса ештеңе демес едім. Науқастың сырқат тарихына (история болезни) терапия саласы бойынша қорытынды жазып берген. Субординация сақтамайды» деп. Бас дәрігер мені шақырып алып, «Терапия саласы бойынша неге диагноз қоясың?» деді. Мен де тайсалмай науқасқа қате ем-дом тағайындалғанын жеткіздім. «Жақсы» деді. Мен кабинеттен шығып кеттім. Алайда науқас сол түні қайтыс болды. Марқұмның мүрдесіне сараптама жүргізгенде оның миокард инфарктісінен жантәсілім қылғаны анықталды. Сондай тағы бір жағдай болған еді. Кезекшілікке түскенде аурухананың медқызметкері келіп, қызының диагнозын қайта қарап беруімді өтінді.

Жасөспірім бір аптадан бері ауруханада жатыр екен. Бүйрегі ауырады деп ем-дом жүргізсе де, оңды нәти­же жоқ көрінеді. Ішін басып қараған соң қалаға апарып, гастроэнтерологке тексерту қажеттігін айттым. Өйткені ауданда ондай маман жоқ еді.

«Клиникасы бойынша ас­қазанның ойық жарасы болуы керек» дедім. Ертеңіне мен аурухананың есеп-қисабы бойынша Орал қаласына келдім. Олар да қалаға келіп, дәрігер іздеп жүр екен. Нефрологке көрсеткен, бірақ нефрология саласы бойынша сырқаты жоқ екенін жеткізіпті. Маған жолығып, гастроэнтеролог тауып беруімді өтінді. Облыстық ауруханада қызмет ететін тәжірибелі  гастроэнтеролог дәрігерге жібердім. Тексере келе, сол қойған диагнозым да расталды. Содан кейін  ақжайықтықтар мендей жас маманға сене бастады, – деп кейіпкеріміз алғашқы  тәжірибелерімен  бөлісті.

Ұраны: Шипалы ем-дом, нәтижелі жұмыс!

Орал қаласындағы «Медициналық орталық» ЖШС-ның тарихы сонау 1937 жылдан басталады. Аурухана алғашында өңірдегі теміржолшылар мен олардың отбасына алғашқы медициналық-санитарлық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсету мақсатында құрылған. Сол кезде тәулігіне 200 науқасты қабылдаған. Кейін 1987 жылы орталықтың басшылығы қызметіне Рафхат Әжігерейұлы тағайындалады.  Ол келген күні-ақ  науқастардан түскен арызшағымдармен мұқият танысады. Тексере келе ауруханаға тіркелушілердің тізімі жасақталмағанына да көз жеткізеді. Содан ұжымға жиналыс өткізіп, ауруханаға келген науқастар сауығып шығатындай, орталықтың қызметіне риза болатындай нәтижелі жұмыс талап ететінін ескертеді. Егер бұл талапқа келіспесе, жұмыс орындарымен қоштасатындарын жеткізеді. Осылайша ұжымда тәртіп қалыптасады. Рафхат Әжігерейұлының басшылығымен аурухананың материалдық-техникалық әлеуеті нығайтылып, заманауи диагностикалық аппараттар алынған. Медициналық орталықтың аумағы кеңейтіліп, жанынан жаңа ғимарат та бой көтерген. Алғашында типтік үлгіде салынған ауруханада кейін реанимация, офтальмология, лор бөлімшелері ашылды. 2006 жылы «Халықаралық ИСО 9001-2001 менеджмент пен сапа жүйесі» бойынша ме­дициналық қызмет түрлерін көрсетуге сертификат алды. Бүгінде ауру­хананың 50 төсек-орындық гинекология бөлімшесіне Алик Истаев басшылық етеді. Мұнда хирургиялық эндоскопияның әдіс-тәсілдерін меңгерген жоғары, бірінші санатты дәрігерлер еңбек етеді. Бөлімшеде науқастарға консервативтік жолмен емдеу, сондай-ақ дәстүрлі әдіс-тәсілдер арқылы және диагностикалық-эндоскопиялық оталар жасалады. Ал хирургия бөлімшесінің меңгерушісі 32 жыл еңбек өтілі бар жоғары санатты дәрігер Дамир Серғалиев болса, лор бөлімшесіне білікті дәрігер Наталья Дусумуб жетекшілік етеді. Офтальмология бөлімшесінде Нұрболат  Есенбаев, неврологияда Алмагүл Тоқсанбаева, терапия бөлімін Айгүл Шүйін­шәлиева  басқарады. Аурухананың барлық бөлімшелері заманауи аппараттармен қамтамасыз етілген. Кеңес беру тұрғысынан кешенді лабораториялық диагностика, сондай-ақ функционалдық, ультрадыбыстық және эндоскопиялық, рентгенологиялық диагностикалар жүзеге асырылады.

Мұнда қызмет ететін дәрігерлер біліктілігін еліміздің бас қалаларында ғана емес, шетелдерде, әсіресе Германия, Италия, Кореяға барып та арттыруда. Былтыр аурухана жанынан 250 төсек-орынға арналған стационар ашылған. Бүгінде күніне 500 келушіге қызмет көрсететін «Медициналық орталық» ЖШС – өңіріміздегі  тұрғындардың іздеп жүріп баратын ауруханалардың бірі. Өйткені аурухана ашылған сонау жылдардан бастап Рафхат Әжігерейұлының ұжымға қойған «Сыпайы қарым-қатынас, шипалы ем-дом және нәтижелі жұмыс!» деген талабы бүгінде өз нәтижесін берген.

«Күніне 10 мың қадам жаса!»

– Кеңес одағы кезінде адам сырқаттанса, емделу тегін болатын. Ал қазір сәл ауырып қалсаңыз, сізге ем-дом мемлекеттің немесе жұмыс берушінің, кей жағдайда сақтандыру мекемесінің есебінен төленеді. Тіпті өз қалтаңыздан да қыруар ақша жұмсауыңыз мүмкін. Яғни бүгінде дерт жамасаңыз, емделу қымбатқа түседі. Сол себепті тұрғындар ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын білгені абзал. Ұзақ өмір сүрудің алғашқы қадамы спортпен шұғылданудан басталады. Жапондар жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алу үшін күніне 10 мың қадам жасау қажеттігін айтады. Қимыл-қозғалыс – денсаулыққа өте пайдалы. Қан айналымын жақсартады. Тамақты да таңдап, талғап, мөлшермен ішіңіз. Егер адамның тәулік бойы физикалық жүктемесі аз болса, яғни кабинетте отырып жұмыс істесе, онда тамақты шектеп ішуі қажет. Өз басым аптасына үш рет дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күні міндетті түрде спортзалға барып, үстел теннисін ойнаймын. Қыста сенбі, жексенбі күндері Хан тоғайында шаңғы тебемін, – деді Рафхат Әжігерейұлы салауатты өмір салтын ұстаудың тиімділігін тілге тиек етіп. Сондай-ақ ол «Батыс Қазақстан облыстық үстел теннисі федерациясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі қызметін де қоса атқарып жүр. Облыс тұрғындарының үстел теннисімен еркін айналысуы үшін қоғамдық бірлестікті құрудан бастап, орынжаймен жабдықтауда сүбелі үлес қосқан.

Кейіпкеріміз – қызметте білікті басшы, тәжірибелі дәрігер болса, отбасында перзенттерінің асқар тау әкесі, немерелерінің сүйікті атасы.

4

Зайыбы Гүлшара Нұрманбайқызы да Ақтөбе қаласындағы қазіргі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетін бітірген кардиолог дәрігер. Сонау жылдары Орал қалалық денсаулық сақтау бөлімі басшысының орынбасары қызметін де абыройлы атқарған. Бүгінде зейнет демалысында. Немерелерінің тәрбиесімен айналысуда. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, Рафхат аға мен Гүлшара апаның перзенттері де ата-ананың ізін қуып, дәрігер болған. Тіпті келіндері де медицина саласында еңбек етіп жүр.

Иә, бүгінде Ақ Жайық өңіріне танымал әулеттің ел-жұрттың денсаулығын нығайту үшін сіңірген еңбектері халықтан лайықты бағасын алып, шынайы құрметке ие бола берулерін тілейміз.

 

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале