22.02.2021, 17:40
Оқылды: 282

Электр желілерін жаңартуға қаржы керек

Жақында Орал қалалық мәслихаты жанындағы экономика, бюджет және қаржы, индустриялық даму, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комиссияларының бірлескен отырысы өтті.

8A666BE7-42A6-400B-B612-A825CC983145

Жиынның күн тәртібіне екі мәселе шығарылды. Бірінші мәселе – шаһардағы электр желілерінің ескіруі турасында қалалық электр торабының басшысы С.Доля хабарлама жасаса, екінші мәселеде 2020 жылы қалалық жер қатынастары бөлімінің атқарған жұмысы жөнінде бөлім басшысы А.Исламбековтің есебі тыңдалды.

С.Доляның айтуынша, соңғы кезде қала тұрғындары, әсіресе, Зашаған кентінің халқы электр жарығының жиі өшуіне наразылық білдіруде. Бұған жабдықтардың ескіруі, ұрлануы себеп болуда. Мәселен, сақтандырғыштардың қолды болуы салдарынан жүктеме шамадан тыс артқан кезде белгілі бір көше емес, тұтас кент жарықсыз қалады. Жаңадан сақтандырғыш сатып алу үшін шамамен 50 млн теңгедей қаржы керек. Ондай ақша кәсіпорында жоқ. Алайда қалалық электр торабы акционерлік қоғам болғандықтан, оған бюджеттен қаржы беру де мүмкін емес. Қаржы тек төтенше жағдай жарияланған уақытта ғана бөлінеді. Тығырықтан шығу үшін электр желілерін таратушы компания сенімгерлік басқарудан алынып, мемлекет меншігіне, яғни облысқа қайтарылуда. Бұл үдеріс сәуір айында аяқталмақ. Сол кезде кәсіпорынның жарғылық қорын толықтыру жолымен ғана қаржы бөлу мәселесін шешуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ қол қусырып отырмай, кәсіпорынның өзі де инвестициялық бағдарлама жасап тапқан пайдасын салып,  жұмыс  істеуі  керек.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған А.Исламбеков күні бүгін қалада үй салу үшін жер телімі кезегінде 72 мыңға жуық адам тұрғандығын айтты. «Өз кезегіңізді қала әкімдігіндегі сайттан білуге болады және әр аптаның сәрсенбісінде өтетін жер комиссиясының отырысын фейсбук арқылы тікелей эфирде қарау мүмкіндігі бар», – деді қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы.

Жиын қорытындысы бойынша бірлескен комиссия құзырлы мекемелерге өз ұсыныстарын хаттама арқылы жеткізіп, олардың орындалуын қадағалайтын болды.

Тоқтар Ғабдірешұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале