8.06.2021, 17:50
Оқылды: 211

Еңбек жолын есепші қызметіне арнаған маман

Өтебалиева Сәния Жалмұқанқызы 1960 жылы 28 қараша күні Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданында дүниеге келген. 1985 жылы қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «Бухгалтерлік есеп және ауылшаруашылық ісіне талдау» мамандығы бойынша бітіреді.

IMG-20210608-WA0029

Алғашқы еңбек жолын 1986 жылы ҚазССР совхозынан есепші болып бастайды. Туған ауылы ҚазССР совхозында жүріп, бас есепшінің орынбасары, одан кейін бас есепші қызметтерін атқарады. 1994 жылы кадр бөлімінің инспекторы, 1995 жылы бас есепші қызметінде болады.
1999 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданында Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебі бой көтереді.

Сәния Жалмұқанқызы 1999 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аталмыш мектептің бас есепшісі қызметін асқан жауапкершілікпен, табандылықпен атқарып келеді.

Сондай-ақ тарихи құрылымдарға куә болған ардагер маман Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі.

Мектеп ұжымының, маман талабының тауын қайтармай, жігерін қайрап жүрген жанашыр қызметкер қай кезде де болмасын кәсіподақ ұйымының, бірлестік мүшелерінің әрбір бастамасына қаржылай қолдау білдіріп, көмегін көрсетіп отырады. Өзінің жанкешті, жауапты қызметін адал орындап, өзгеге үлгі болып жүрген Сәния Жалмұқанқызы білім беру бөлімінің бірнеше рет алғыс хаттарымен марапатталды.
Қ.Сәтбаев атындағы ЖОББМ қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлзада Төлегенқызы: «Сәния апай сияқты нағыз еңбек адамының еңбекке деген адалдығы, тұрақтылығы, қызметке деген қызығушылығы біз секілді жас мамандарға үлгі. Қазіргі таңда ұзақтығы мен шыдамдылығын көрсететін мұндай еңбек жолын табу қиын. Кәсіподақ жұмыстарының көпшілігін әрдайым мамандықты сүюге, адал қызмет етуге, еңбек қатынастарындағы мәселелермен күресуге бағыттайтынымыздың да бір себебі – осындай ардагер, үлгілі еңбеккерлердің көзін көріп отырғаннан болар, - дейді.
 

«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале