11.03.2021, 20:59
Оқылды: 18

Гүл патшасы – қызғалдақ

Гүл патшасы қызғалдақ сәуір айының соңғы күндерінде ғана бой көтеріп, жылына бар болғаны 15 күн ғана гүлдейді. Солай бола тұра, бүкіл алқапты бір мезгілде қызыл кілемге көмкеріп, жазиралы кең даланы асқан сұлулық пен әсемдікке бөлей алатын жалғыз гүл!

 қыз

Жер бетінде қызғалдақтың 120-дан астам түрі болса, отыздан астам түрі біздің елімізде өседі. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстан – қызғалдақ пен алманың отаны» деп ерекше атап өткен болатын.

Гүл патшасының басым көпшілігі Шығыс Азия мен Оңтүстік Еуропа елдерінде кездеседі. Гүл өндірушілердің кейбірі қызғалдақты сатып пайда көрсе, қалғандары хош иісті парфюмериялық заттар жасауға пайдаланады. Ал отандық мамандар бұл гүлдің «грейг» деген түрін бауыр ауруларына қарсы дәрі-дәрмек ретінде пайдалануға болатынын айтуда. Қызғалдақ гүлi нидерландтықтар арасында аса қастерлі саналып,  жоғары бағаланады. Олар жыл сайын қызғалдақ сатудан 500 млн АҚШ доллары көлемінде табыс табады екен.

Қазақстандық қызғалдақтардың 35 түрінің 18-і Қызыл кітапқа енсе, біздің өңірде оның 12 түрі кездеседі. Құрып кетудің шақ алдында тұрған дала гүлдеріне әлем назарын аудару үшін соңғы жылдары Казталов ауданында «Ұлы даланың қызғалдағы» атты халықаралық этнофестивальдің ұйымдастырылуы да тегін емес.

Қызғалдақ – Наурыз мейрамының да символы. Өйткені қазақы жыл бастауының қарсаңында көше бойына ілінетін баннерлерге, телеарналар мен газет-журнал беттерінде қызғалдақ фотосының жарияланып, бейнеленуінде зор мән жатыр. Себебі қазақ халқының түсінігінде бұл гүл – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі. Ендеше, көктеммен бірге келген әз-Наурыз құтты болсын!

 

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале