29.11.2022, 12:01
Оқылды: 44

Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді, тарих пен Конституцияны білу міндетті болмақ

Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді, тарих пен Конституцияны білу міндетті болмақ. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

220710130750139e

«Біз тұжырымдама жоспарының бірқатар іс-шарасын орындаушымыз. Бірінші, ІТ, ғылым, денсаулық және өндіріс саласындағы кәсіби шебер мамандарға тұрақты тұруға рұқсат алуды жеңілдетеміз. Екінші, Сыртқы істер министрлігімен бірге ортақ үш бұйрық дайындаймыз. Олар: ғылым-білім, өндіріс, спорт және басқа салаларға үлес қосатын шетелдіктерге, еліміздің экономикасына 300 мың АҚШ долларынан астам инвестия салғандарға және цифрлық мамандарға арнаулы виза мен ықтиярхатты алуды жеңілдетуге қатысты», - деді министр бүгін Үкімет отырысында.

Оның атап өтуінше, тұжырымдаманың тағы бір бағыты - азаматтық заңнамасын жетілдіру.

«Біріншіден, Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді, біздің тарихымыз бен Конституциямызды қарапайым деңгейде білу міндетті болмақ. Екіншіден, қос азаматтық фактілеріне жауапкершілікті қатаңдату көзделіп отыр. Егер Қазақстан азаматының жеке басын растайтын құжаты бар қандай да бір адам басқа елдің азаматтығын растайтын құжатты пайдаланса, көші-қон қызметі ол адамды біздің азаматтықтан айырады. Сонымен бірге, адам азаматтықты алғаннан кейін алты ай ішінде бұрынғы елдің азаматтығын тоқтатқаны туралы анықтама ұсынбаса, ондай адамдар да бұдан былай Қазақстан азаматы болмайды. Қазіргі заңнамада мұндай шаралар қарастырылмаған еді», - деді Марат Ахметжанов.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале