27.06.2023, 9:45
Оқылды: 122

Қазақстандағы алғашқы ветеринарлық дәрілер Оралда өндірілуде

Паразиттер тарататын мал аурулары еліміздегі мал шаруашылығына елеулі экономикалық зиян келтіреді. Өйткені паразиттер мал ағзасында өмiр сүреді, жануарлардың қанымен, сөлiмен коректенедi. Зиянкестермен күресте пайдаланылатын дәрі-дәрмектің барлығы сырттан тасымалданады. Бағасы қолжетімді отандық препараттарды өзімізде дайындау жолында оралдық ветеринар-ғалымдар көп еңбектенді.  2010 жылдан бастап Орал қаласындағы «Эпсилон» ЖШС-ның  ғалымдары дайындаған дәрілерге ғылыми-техникалық және тәжірибелік зерттеулер жүргізді. Бірқатар шаруашылықта қосымша сынақтан өткізді. Осылайша жануарларға арналған препараттарды және дезинфекция құралдарын кешенді қолдану арқылы төрт түлік малдың паразит ауруларын емдеудің тиімділігіне қол жеткізуге болатынын іспен  дәлелдеді.

IMG_9633

2022 жылы «Эпсилон» заманауи өндіріс орнында жаңа дәрілердің алғашқы легін шығарды. Өндіріске лицензия және препараттарға мерзімсіз тіркеу куәліктері алынды. «Бұрын диссертация жазып жүргенімде сарыпқа (бруцеллезге) қарсы антигендер шығарғанбыз. Паразитарлық ауруларға арналған дәрілер өндірісін қолға алдық. Ондай мал аурулары Қазақстанда, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында кең таралған. Бірақ соған мән-маңыз беріліп жатқан жоқ. Паразит дегенде малға ауру тарататын жәндіктер, құрттар, сона, шодыра, кенелерді айтамыз.  Ұзақ жыл бойы ветеринария ғылымдарының докторы Александр Пушкаревпен бірге ғылыми ізденісте болдық. Әріптесім бақилық болса да, әке ісін ұлдары жалғастыруда. 2018 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитетінің «Ғылым» қорының  ветеринариялық дәрілер жобасын  коммерцияландыру бойынша қомақты грант қаржысына қол жеткіздік. Қосымша инвестор да табылды. Қаржының «басын құрап», Оралдың іргесіндегі Бортау (Меловые горки) ауылынан халықаралық стандартқа сай етіп, аумағы 600 шаршы метр болатын ғимарат салынды. Технологиялық жабдықтар сатып алынып, орнатылды. Енді отандық препараттар шетелден ағылған балама өнімдерді нарықтан ығыстырады деп ойлаймын. Өйткені жергілікті өнімдердің бағасы төмен», – деді Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті жанындағы ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу орталығы жанындағы  ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров  (суретте).

Үш ветеринарлық препарат Қазақстанда алғаш рет өндіріліп отыр. Ғалымның айтуына қарағанда, «Дисалар» деген дәрімен малды паразиттерге – шодыраға, эструсқа, мұрын-жұтқыншақ, ішек-қарындағы жұмыр құрттарға, тері астындағы құрттарға (личинкаларға), қан сорғыштар, саркоптикалық кенелерге қарсы егеді. Ол малдың ағзасына қан арқылы жылдам тарайды. Препарат төрт түлік малдың салмағына қарай (1 мл препарат 50 келі салмаққа) егіледі. Мал өсіретін ағайындар Ресейде өндірілетін «Ивермек» екпесін кеңінен  пайдаланады.

– Бұрын қойларды көбікте тоғытатын. Қазір ауылдарда  қотыр малды «Ивермекпен» үсті-үстіне еге береді. Ресейлік препараттың қауіптілігі 1-класты, ал мына «Дисалар» 3-класты, улылығы кем.            Дәрі-дәрмектің күші 10-15 күннен кейін тарайды, мал бұрынғы қора-қопсыға қайта кіргенде, кенелер қайта жабысады. Биологиялық ерекшелігіне қарай кенелер тіршілігін жылдап жалғастырады. Мал тұратын орындарды, құс қораларды залалсыздандыру үшін «Эстрозоль А-ны» өндіріске қостық. Аэрозоль генераторының шырпысы бар, соны жаққан кезде  түтіндейді. Газ буы аралас қоспа шашқан  аумаққа, оның қуыс-қуысына жылдам тарайды. Оны шашуға арнайы маман, техника қажет емес.  Шаруашылықтар мұны қолдануға көп шығынданбайды. Кенеге, шыбын-шіркейге, бүргеге, малдың битіне, шодыраға, қотырға қарсы қолданады. Бір генератор 200 текше метрге жетеді. Препараттың құрамында химиялық заттар бар. «Дисалармен» еккеннен кейін міндетті түрде қораларды осы «Эстрозоль А» препаратымен залалсыздандыру керек. Әйтпесе, екпені еккен еңбегіңіз еш кетеді. Ауру малды емдеу жұмысын осылайша кешенді түрде жүргізу өз нәтижесін береді,  – деді Ғайса Ғарапұлы.

Ғалымдардың ғылыми ізденістерінің үшінші «жемісі» –  «Тимутин». Ол  – кең ауқымда қолданылатын антибактериалды дәрі. Оны төрт түліктің бактериалды инфекция, дизентерия, энзотикалық пневмония, плевропневмония, инфекциялы артрит және басқа да індеттерден сауықтыру мақсатында қолданады. Түсінікті тілмен айтсақ, мал жөтелгенде, салқын тигенде, іші өткенде осы дәрімен 1-3 күн егеді. «Тимутинмен» егілген малды тек 16 тәуліктен кейін союға болады.

Ғайса Ғарапұлының ғылым жолында жүргеніне 40 жылдан асты. Ветеринарлық препараттарды ойлап табу біркүндік жұмыс емес екенін айтады.  Ол  К. И. Скрябин атындағы Мәскеу ветеринариялық академиясын бітіріп, сол білім ордасында, кейін Оралдағы ауыл шаруашылығы институтында, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде қызмет етті. Өндірісте, малдәрігерлік ғылыми-зерттеу стансасында ұзақ жыл бойы тәжірибесін жетілдірді. Бүгінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық, университетінде студенттерге дәріс оқиды. Бұдан 13 жыл бұрын Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде докторлық диссертация қорғады. Қазіргі кезде өндіріспен тығыз байланыста  ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Одан басқа 15 жылдан бері ветеринария саласына арналған республикадағы жалғыз газет – «Жайық ветеринарын»  шығарып келеді. Таралымы 50 дана болғанымен, ветеринарлар саладағы көкейтесті мәселелерді көтереді.

– Күн жылына мал қорадан шығып, жайылысқа кетеді. Осы кезде арқаны кеңге салмай, мал орындарын «Эстрозоль А» препаратымен залалсыздандырып, тазартып алған дұрыс. Өйткені кенелер өте төзімді, ұзақ уақытқа шыдайды. Тағы 2 препарат Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне жолданып,  клиникалық сынақтан өткізілуде,  – деді ғалым Ғ. Абсатиров.

Жаз шыға қой қырыққанда, кейде мал терісіне зақым келеді. Содан шыбын-шіркей үймелеп, қой құрттайды. Оған қарсы қолданылатын жаңа препараттар көп ұзамай қолға тиер. Қазір бұрынғыдай дуст пайдаланбайды. Оны канцероген, ісік ауруларын тудырады деп қолдануға тыйым салынған. Жергілікті ветеринарлық дәрі-дәрмекті қолданып, «Малы саудың жаны – сау» болып жүргенге жететіні жоқ. Жаңа дәрі-дәрмекті Оралдағы «Ел ырысы» базарының қасындағы «Ветеринария орталығы» немесе орталық «Мирлан» базарындағы «Азиза» сауда үйіне қарсы «Зоо доктор» малдәрігерлік дәріханадан  алуға  болады.

Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале