11.01.2024, 17:33
Оқылды: 41

Қазына  қаржысы  қайда жылыстап  жатыр?

Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 29-тармағын және Қазақстан Республикасы Жоғарғы аудиторлық палатасының жол іс-шараларына бөлінген бюджет қаражатын пайдалануына аудит жүргізу туралы ұсынысын орындау мақсатында  жол құрылысы саласындағы 7 мекемеге мемлекеттік аудит жүргізді. Тексеру комиссиясының отырысында жүргізілген  тексерістің нәтижелері мәлім болды (2022 жыл және 2023 жылдың шілдесіне дейінгі кезең қамтылды). Жиынға облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев, облыстық мәслихаттың депутаты Тұрарбек Тілемісов және аудит нысандарының өкілдері қатысты.   

 71dcccb5-4419-40a2-ae8c-4224a8e24f69

Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудитке жауапты комиссия мүшесі Қайрат Жапақовтың баяндауынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес өңірдегі жол сапасы республикалық рейтингіде соңғы орында. Жолдардың 53,6%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда (2553,8 км). Соның ішінде облыстық маңызы бар – 535,1 шақырым, аудандық маңызы бар – 2018,7 шақырым, тиісінше нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 46%-ды құрайды. Жергілікті маңызы  бар  жолдар құрылысына бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бағалау мақсатында мемлекеттік аудитпен жалпы сомасы 33 млрд теңге бюджет қаражаты бағытталған 7 нысан  қамтылды. Соның ішінде 5 нысанның құрылысы үстеме тексеруге тартылды. Мемлекеттік аудиттің негізгі нысандары облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, үстеме тексеруге Бәйтерек, Теректі, Жаңақала, Казталов, Шыңғырлау аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері ілікті. Аудит барысында жергілікті маңызы бар автожолдарға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалу кезіндегі  бірқатар заңбұзушылық пен кемшіліктер анықталды.

– Аудит нәтижесінде 1372,7 млн теңге шамасындағы заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылық  – 351 млн теңге, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражатының сомасы 258,3 млн теңге болса, тиімсіз пайдаланған бюджет қаражатының сомасы 763 млн теңге құрады. Одан басқа 35 рәсімдік бұзушылық анықталды. Қаржылық бұзушылықтар ішінде 266,3 млн теңге өтелуі тиіс, 85,1 млн теңге жұмыстармен (есепке алумен) қалпына келтіруге жатады. Аудит барысында 71,9 млн теңге өтелді, 85,1 млн теңге қалпына келтірілді. Әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар 10 дерек бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін уәкілетті құрылымдарға жолданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне 2 материал және БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне 1 материал жолданды, – деді Қайрат Ғилымұлы.

Безимени-1

Мемлекеттік аудит барысында тексеріп қарау жүргізу нәтижесінде жекелеген жұмыс түрлері бойынша 126 млн теңге шамасындағы орындалмаған жұмыстардың бар екені расталды. Облыстық  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы  Теректі ауданының Федоров  – Ақсай облыстық маңызы бар жолдарға (43-58 км) орташа жөндеу  жүргізуге мердігер «Айдана» ЖШС-ға орындалмаған жұмыстар үшін 44 млн теңгені негізсіз аударған. Бәйтерек ауданының автомобиль жолдары бөлімі Махамбет ауылының кентішілік автожолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде мердігер «ДСК Приоритет» ЖШС-ға орындалмаған жұмыстар үшін 3 млн 703 мың теңгені негізсіз төлеген. Бәйтерек ауданы, Раздольный-1 ауылы (0-10 км) және Раздольный ауылы (10-21 км) автомобиль жолдарын орташа жөндеу кезінде мердігер «Айдана» ЖШС-ға орындалмаған жұмыстар үшін 14 млн 646 мың теңгені негізсіз аударған. Жаңақала ауданының автомобиль жолдары бөлімі бойынша Көпжасар және Қырқопа ауылдарына кірмежолдарды орташа жөндеу және Жаңақаладағы 1 мамыр, Құрманғазы, Астана, Меңдалиев, Доспанов және №17 көшеле-
рін күрделі жөндеу кезінде мердігер «Ануш-Құрылыс» ЖШС-дан 63 млн 560 мың теңгені құрайтын орындалған жұмыстар туралы актіні қабылдаған. Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Тексеру барысында бюджетке барлық 126 млн теңгеге орындалмаған жұмыстар ақысы толықтай өтелді және қалпына келтірілді. Соның ішінде «Айдана» ЖШС 44 млн теңгені бюджетке кері қайтарды. Бәйтерек және Жаңақала аудандарында күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «ДСК Приоритет», «Айдана» және «Ануш-Құрылыс» ЖШС-лары орындалмаған жұмыстарды қалпына келтіргені мәлім болды. Бұл жұмыстарға техникалық қадағалау қызметін «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» ЖШС, «Алатау сапа құрылыс» ЖШС, «Аретмида снаб» ЖШС және «ARTERIA» ЖШС жүргізген. Алайда аталмыш компаниялар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы инжиниринг қызмет көрсету қағидаларын бұзып, техникалық қадағалау қызметін тиісті деңгейде атқармаған және өз міндеттемелеріне атүсті қараған. Баяндамаға сүйенсек, орындалмаған жұмыстарды қабылдаған техникалық қадағалаушылардың әкімшілік жауапкершілігін қарау үшін 6 материал облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына   жолданған.

Безимени-2

Мемлекеттік аудит барысында  жолдардағы жұмыстар мен материалдар сапасына сараптама өткізу үшін БҚО бойынша Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жұмылдырылған. Өңірдегі салынып жатқан жолдардың сапасына Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ұсынған қорытындылар бойынша 2023 жылғы 18 қазандағы жағдай бойынша облыстық маңызы бар жолдардың жол-құрылыс материалдарының 29 сынамасы іріктеліп, сынақтан өткізілді. Оның ішінде 17-сі немесе 59%-ы нормативтік құжаттамаға жауап бермейді. Аудандық маңызы бар жолдар бойынша жол-құрылыс материалдарының 570 сынамасы іріктеліп, сыналды. Оның  313-і немесе 55%-ы нормативтік құжаттама талаптарына сай келмеген. Мердігердің қаражаты есебінен 160,5 млн теңге көлеміндегі сапасыз жұмыстар қайта  атқарылды.

Аудит барысында сапасыз салынған жолдармен қатар сапасыз жасалған сметалық құжаттамалар да анықталды. Бюджет кодексінің бюджет жүйесінің негізділігі қағидатын бұза отырып, жобалаушы «Игілік Строй-проект» ЖШС  Тасқала – Аққурай  – Болашақ – РФ шекарасы  жолын орташа жөндеуден өткізуге сметалық құжаттаманы барлығы 8 шақырым деп дайындаған. Іс жүзінде аталған жолдың нақты ұзындығы 4,5 шақырымнан аспайтыны, соның кесірінен орташа жөндеу жұмыстарына арналған жоба құны жобалаушының сапасыз смета дайындауына байланысты негізсіз 241,6 млн теңгеге асыра көрсетілген. Әрине, бұл  бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлауға және республикалық бюджеттен жалпы сомасы 241,6 млн теңге қаражатты негізсіз бөлуге әкелді.

Жиында белгілі болған тағы бір мысалды келтірелік. Теректі ауданының автомобиль жолдары бөлімі Юбилейный ауылына кіреберіс 0-5,4 км жолын орташа жөндеу нысанына  «STROYCONSALTING» ЖШС техникалық құжаттама әзірлеген.  Сметада ұзындығы 263 метрге ресайклирлеу (технология) және асфальтбетон артық қаралған. Одан басқа жолдың екі жағынан ені 2 метрді құрайтын 4150 метр жиектерді нығайту жөніндегі жұмыстар  қаралған, алайда аталған жолда ондай жиектер мүлде жоқ көрінеді. Осындай жұмыстар «ойдан» алынып, сметаға  енгізіліп, жоба мен шарт бағасы 35,5 млн теңгеге аспандаған. Бұған қоса жолдарды орташа жөндеу құрылысын жүргізу үшін сметалық құжаттама дайындау кезінде «STROYCONSALTING» компаниясы нормативтік-құқықтық актілермен қаралмаған қосымша және ауторлық қадағалау шығындарын  қосқан. Соның кесірінен  тапсырыс берушілер жалпы 80,1 млн теңге қаражатты артық бөлген. Атап айтқанда, «Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылының 1 мамыр, Қисыққамыс, Мирманов, Бірлік көше жолдарын орташа жөндеу» жобасына қыс мезгіліндегі қосымша және уақытша ғимараттар мен құрылыстар, күтпеген жұмыс және авторлық қадағалау шығындары қаралып, 15,7 млн теңге қаражат артық бөлініп жұмсалған. Орал қаласының автомобиль жолдарын орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына күтпеген жұмыс және шығындарға жалпы сомасы 47,8 млн теңге қаражат артық бөлініп жұмсалған. Казталов ауданының 0-1,4 және 0-15 км, 0-9,2 шақырым, Нұрсай, Қоныс, Бостандық ауылдарына кіреберіс, Беспішен – Қошанкөл – Қараоба және Жаңақала ауданының Жаңақала, Бірлік ауылдары, 1 мамыр, Қиссыққамыс, Миронов көшелері, аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жобаларында авторлық қадағалау шығындары қаралып  қосылған және жалпы сомасы 16,6 млн теңге қаражатты тапсырыс берушілер артық бөліп жұмсаған.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы  Барбастау –  Ақжайық – Индербор, Тасқала  – Аққурай –  Болашақ –  РФ шекарасы,  Үлкен Шаған – Переметный және Федоров – Ақсай жолдарын күтіп-ұстау келісімшарттары бойынша «Uniserv», «BRAT. М» ЖШС-ларына, «Орал жолдары» АҚ-ға белгілі бір жұмыс түрінің бекітілген бағасын бірнеше рет көбейтіп, жалпы шамасы 15,8 млн теңгеге негізсіз төлеген. Мысалы, калькуляцияға сәйкес «Автогрейдердің 1 шақырым жолды бір ізбен өту» жұмыс түрі 2860 теңге бағамен бекітілген. Алайда орындалған жұмыс актілерінде жұмыстың осы түрі бойынша баға 12 329 теңге деп көрсетілгенімен, бағаның құнын жасанды түрде 4 есе артық төлеген. Аудит барысында 15,8 мың теңге мөлшерінде негізсіз төленген сома бюджетке толық өтелді. Осыған ұқсас, жол басқармасы Тасқала – Аққурай – Болашақ – РФ шекарасы   орташа жөндеу бойынша сметалық құжаттамасын жасақталу кезеңінде «Игілік құрылыс жобасы» ЖШС тапсырыс берушінің техникалық қадағалау бойынша шығындарын асыра көрсеткен, соның нәтижесінде техникалық қадағалау бойынша қызмет көрсетушілермен 8,4 млн теңгеге артық сомаға шарттар жасақталған. Аудит барысында 8,4 млн теңге мөлшерінде негізсіз төленген қаржы қазынаға толық өтелді.

Казталов ауданының автомобиль жолдары бөлімі 2023 жылы 4 сәуірде «Ауыл  – ел бесігі» мемлекеттік бағдарлама аясында Қараоба кентінің кентішілік автожолдарын қайта жаңарту мақсатында «Асфальт» ЖШС-мен жалпы сомасы 428,7 млн теңгеге келісімшартқа отырып 86,2 млн теңге аударады. Алайда мердігер жұмыстарды уақытылы аяқтамақ түгілі, бастамаған да. Өткен жылдың қыркүйек айында  мердігер «Асфальт» ЖШС жосықсыз қатысушы деп танылып, Казталов ауданының автомобиль жолдары бөлімі мердігермен арадағы келісімшартты біржақты бұзды. 2023 жылдың 27 қазанында өткізілген мемлекеттік аудит Казталов ауданының автомобиль жолдары бөлімінің «Асфальт» ЖШС 2023 жылғы 4 сәуірдегі мемлекеттік сатып алу туралы шартта көзделген жұмыстарды орындамауына байланысты және сақтандыру жағдайының басталуына байланысты тапсырыс берушінің сақтандыру төлемін алу бойынша 98,4 млн теңге  мөлшерінде шаралар қабылдамағанын анықтады. Аталмыш бөлім аудит өткелі бері екі ай  бойы қол қусырып отырғаны ма дейсіз... Күні бүгінге дейін аталған сома бюджетке кері қайтарылмаған, «Jusan Garant» сақтандыру компаниясының сақтандыру төлемін беру мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқталды. Есепті мерзім өткен соң сақтандыру төлемін заң жүзінде талап ету мүмкін емес. Сонда бұл 98,4 млн теңге бюджетке қайтарылмауы мүмкін дегенді білдіреді емес пе?

Мемлекеттік аудит барысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң талаптарының сақталуы тексерілген. Аудит нәтижесінде жол басқармасы, Теректі және Казталов аудандарының автомобиль жолдары бөлімдері мердігерлер мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша тапсырыс берушіге  электрондық банк кепілдігі түрінде шарттың орындалуын қамтамасыз ететін қосымша 64,3 млн теңгені енгізбеген немесе уақытылы енгізілмеген. Сонымен қатар «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның баптарын бұза отырып, Бәйтерек ауданының автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған немесе жүрдім-бардым қараған «ДСК Приоритет» ЖШС-ны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгінбеген. Мердігерден 3,6 млн теңге тұрақсыздық айыбын (айыппұлды) өндіріп алуды қамтамасыз етпеген.  Аталған бұзушылық үшін «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» заңның 207-бабының 10-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осының негізінде Бәйтерек ауданының автомобиль жолдары бөлімінің басшысының әкімшілік жауапкершілігін қарау үшін материал БҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданды. Ал 3,6 млн теңге тұрақсыздық айыбы бюджетке толықтай аударылды.

– Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін арттыру үшін және облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйін жақсарту және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында үздіксіз және апатсыз жүруді қамтамасыз ету үшін «Көлік инфрақұрылымын дамыту» және «Көлік инфрақұрылымының басым жобаларын іске асыру» атты бюджеттік бағдарламалар қарастырылған. Бірақ жоспарланған жұмыстардың жыл сайын орындалмауының пайыздық мөлшері өсуде: 2021 жылы – 24,8 км (14,5%), 2022 жылы 129,2 км  (32,5%) жол салынбаған. Жол жұмыстарының орындалмауына мердігерлердің жайбарақаттығы және соған байланысты сотқа жүгіну жағдайлары, мердігерлердің «мойнындағы» нысандардың көптігі, қиыршықтасты жеткізетін вагондардың және битум тапшылығы себеп болған,  – деді Қайрат Жапақов.

Жиында анықталған бұзушылықтарға алып келген себептер жайы, соның ішінде басшының ұйымдастырушылық қабілетінің тиісті деңгейінде болмауы, мамандардың біліктіліктерінің төмендігі сөз болды. Осындай бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік қызметшілерге еліміздің заңдарында көзделген жауаптылық шаралары қолданылатыны айтылды.

–  2023 жылы 81 млрд теңге өңірдегі жол құрылысына бөлінді. Мемлекеттік бағдарламалар әкімшілерінің жұмысы көңілден шықпайды. Былтыр жыл басынан бері депутаттық корпус болып жол құрылыстарымен танысып, ішінара мәселелерді көтерудеміз. Жол жұмыстарын жақсартпасақ, бұл жағдай ешкімге абырой әпермейді. Облыс әкімдігінің атқарып отырған жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Бұл тек бес ауданды тексергенде анықталған бұзушылықтар, келесі жылы басқа аудандардан да осындай кемшіліктер шығуы ықтимал, – деген Мұрат Мұқаев тексеру комиссиясының аудитінің сапалы жүргізілгендігін атап өтті. Сонымен қатар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшылығына жұмысты ширату қажеттігін еске салды. Басқарма басшысы, аудандағы жол бөлімдерінің басшылары тексеріс нәтижелерімен келісетіндерін жеткізді.

Гүлбаршын  Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале