3.05.2022, 10:00
Оқылды: 197

Қазына қаржысын орынды жұмсау ортақ мүддеге айналуы тиіс!

Облыстық қоғамдық кеңестің жаңа құрамы 2021 жылға арналған бюджеттің орындалуы туралы есепті тыңдап, талқылады. Әкімдік пен мәслихаттың кейбір қаулыларына өзгерістер енгізу бойынша ұсынымдар берілді.

2382140955887

Жиынды аталмыш кеңес төрағасы Ербол Салықов ашып, оған облыс әкімінің орынбасары Тілепберген  Каюпов, облыстық басқарма басшылары, кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері және ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі басты мәселе – өткен жылғы облыстық бюджеттің  атқарылуы туралы есепті бекіту болды. Бұл жөнінде алғашқы болып сөз алған облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев (суретте) бюджеттің әр теңгесінің кіріс-шығысын талдап-таразылап, оны цифр тілімен сипаттап берді.

5ed67d12-0b1e-4912-94fe-b7271b3db047

Басқарма басшысының айтуынша, 2021 жылғы бюджет саясаты негізінен өңіріміздің даму бағдарламасында көрі-ніс тапқан мақсат-міндеттер-ді жүзеге асыруға бағытталған. Жалпы, өңір бюджетіне былтыр 330,8 млрд теңге  түссе, облыстың өз табысы - 82,6 млрд теңге. Шығыс бөлікке келсек, ол 327,1 млрд (98,2%) теңгені құраған. Осынау қаражаттар есебінен 211 бюджеттік бағдарлама жүзеге асырылып, басым бөлігі (157,6 млрд теңге) әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалған екен. Нақтырақ айтсақ, бұл сала шығыстары бұрнағы жылғыдан 74%-ға  артқан. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына - 14,2 млрд, ауыл шаруашылығына - 26,8 млрд, көлік және коммуникацияға - 19,5 млрд, өнеркәсіп, сәулет және құрылыс қызметіне 17,6 млрд теңге қаралған көрінеді. Мұның сыртында білім мен денсаулық қызметіне тиісінше 126,7-13,3 млрд теңге бөлініп, ол да толықтай игерілген. Ал енді мәдениет, спорт және ақпараттық кеңестік жұмысын ілгерілетуге шығындалған қаржы көлемі - 8,1 млрд теңге.

– Бюджеттің  кіріс көзінің 93,7 пайызын корпоративтік, жеке және әлеуметтік салықтар (жалпы сомасы - 77,4 млрд теңге) құраса, полиция құрылымдарымен салынатын әкімшілік айыппұлдар, өсімпұлдар және өндіріп алулар 1,5 млрд  теңге, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемдер 1,7 млрд теңге шамасында болды. Сондай-ақ нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті дамытуға 2,1 млрд теңге бюджеттік кредиттер бөлінді. Әрі елді мекендер мен ауыл, аудан тұрғындары 583 шағын несиеге қол жеткізіп, 433 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туды. Бұған қоса, инвестициялық жобаларды іске асыруға, яғни жаңа жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға, құрылыс нысандарын салуға 2055 өтінім субсидияланса, мал өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға 7,4 млрд теңге берілді. Қоршаған ортаны қорғау нысандарын қайта жаңғырту мен оның құрылысына 2,2 млрд теңге, ал ауыл-аймақты газдандыруға 1,5 млрд теңге бағытталды. Қазіргі күні өңірімізде 331 елді мекенге тұрақты газ құбыры тартылып, облыс халқының көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші 99,2 пайызды құрауы – сондай нәтижелі жұмыстардың көрінісі екені айқын.

Жасыратыны жоқ, облысымыздағы жол мәселесі бүгінде көптің күрсінісін туғызып отыр. Өткен жылы күрежолдардың жағдайын жақсартуға 19,5 млрд теңге жұмсалса, қалаішілік (Орал) және аудандық маңызы бар аутожолдарды күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуге 8,4 млрд теңге қаржы қарастырылды. Осы ретте облыстық маңызы бар жол бойындағы (жалпы ұзындығы 1283 шақырым) белгілер мен сілтегіштерді жаңалауға, жер төсемдерін қалпына келтіруге және т. б. шаруаларға 532 млн теңге бөлінгендігін айта кеткен артық болмас, – деді Нұрлан Мұхитұлы.

Баяндамашының сөзінен тағы бір көңілге түйгеніміз, Бюджет кодексінің 125-бабына сәйкес облыстық қаржы басқармасы бюджеттің атқарылуы туралы ай сайын облыс әкімдігіне, тексеру комиссиясына, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына, мемлекеттік ішкі аудит департаментіне есеп беріп отырады екен. Жыл бойы бюджет қаржысының уақтылы игерілуіне мониторинг жүргізіліп, бағдарлама әкімшіліктерімен, Орал қаласы және аудан әкімдерімен селекторлық кеңестер өткізу де жүйелі жолға қойылыпты. Осындай жұмыстардың әсері шығар, бөлінген қаржыны толық игермеген, болмаса, оны мақсатсыз пайдаланып, жазалы болған бірде-бір адамның аты-жөнін басқарма басшысының аузынан ести алмадық.

Бұдан соң кеңес мүшелері бюджет қаржысының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына қатысты өз сауалдарын көлденең тартты. Айтпақшы, алдымен  келешекте баяндамашы һәм хабарламашы белгіленген регламентті қатаң сақтап, негізінен мәселені талқылау жағына көбірек көңіл бөлу қажеттігі  ескертілді. Ал әңгіме ауаны әп дегеннен «Жол болсын, құрылыс нысандары болсын, істеліп бітпей, істен шығатыны несі?» деген жалпы сұрақ төңірегінде өрбіді. Атқарылып жатқан жұмыс сапасы көңілге қонбаса, бөлінген қаржыны тоқтату немесе қайтарып алу жолдарын ойластыру жайы да қозғалды. Бұл күнгі отырыста қоғамдық кеңес мүшесі Жансұлу Төремұратова қаладағы №31 мектеп құрылысы мен №1 колледждің («Омега» жақтағы) келешек «тағдырына» алаңдаушылық байқатты. Өз кезегінде Нұрлан Есенғалиев мектеп ғимаратының құрылысы басталғандығын және мердігерлер оны  мерзімінен бұрын тапсыруды жоспарлап отырғандығын алға тартты. Ал енді №1 колледж уәкілетті құрылымның шешімімен (сатып алу құқығынсыз) тендер арқылы ашық түрде сенімгерлік басқаруға берілген екен. Бір  жылдан кейін мұндағы жұмыс жайы тексерілмек көрінеді.

a1a052f5-8d8b-4233-91e4-9e5f27327f0a

Кеңес мінбесіне келесі көтерілген – облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халелов (суретте). Ол облыс әкімдігінің 2017 жылғы 24 ақпандағы №52 «Батыс Қазақстан облысының су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылықта пайдалану режімін белгілеу туралы» қаулысына өзгеріс енгізу жөніндегі хабарламасын көп талқысына салды. Көріп-білгені мол азамат Жайық өзенінің 1927 жылдан бергі көтеріліп, басылу деңгейін нақты деректермен келтіріп, кенезесі кеуіп қалған кейбір бөгеттердің өзіне биыл жақсы су түскенін айтты. Солай екен деп жерлестеріміз тіршілік нәрін орынсыз ысырап қылмай, оны айнала тал-терек егу мен мал суару мәдениетін қалыптастыра білсе деген  ойын ортаға тастады. Туған өлке табиғатын аялап, ортақ іске жанашырлық таныту бағытында қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесе, кеңесе қызмет атқаруға да әзір екендігін білдірді.

Иә, қаласаң да, қаламасаң да, қоғамдық кеңестермен тығыз байланыс орнату – заманымыз алға тартқан заң талабы. Сондықтан мемлекеттік құрылымдар бұған мүдделілік танытып, өзара түсіністікпен іс-әрекет еткендері жөн. Кейде бұл қағида толық орындалмай жататыны, әрине, өкінішті. Оған Қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Ғұмарұлының мына бір сөздері айқын дәлел.

– Келісіп пішкен тон қай кезде де келте болмайды. Бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы – ел мүддесі, халық қамы. Сол жолда титімдей болса да, пайдалы іске көмегіміз тисе дейміз. Мұны айтып отырған себебім, кейбір мемлекеттік құрылым басшыларының жауапкершілігі төмен, өз қызметіне селқос қарайды. Былтырдан бері тиісті басқарма, департаменттерге 41 ұсынба жіберілсе, соның көбіне жауап келген жоқ. Біріншіден, ішкі тәртіп болу керек. Әрі біздің де міндетіміз заң тұрғысынан нақты белгіленіп, құзыреттілігіміз айқын көрсетілген. Сондықтан мұны ат үстінде жүрген әріптестеріміз мұқият есте ұстағандары абзал, - деп түйді ол ойын.

Рас-ау, халық үніне құлақ асатын ел боламыз деп енді ғана еңсе тіктеп жатқанда бүйірімізде жүргендердің беттері бүлк етпей, қоғамдық кеңес тарапынан жіберілген ұсынбаларға немқұрайлы қарауы қалай? Осы жолы да күн тәртібіндегі үшінші мәселенің құжаттары бір «қайнауы» ішінде келгендіктен, кері қайтарылғанын айта кетелік. Ол – облыстық деңгейдегі «мүйізі қарағайдай» бір басқарма. Атын атап, түсін түстеуді мақсат етпедік, тек осындай келеңсіздіктер өзгелерге жұғысты болмаса екен деген ниет қана біздікі.

Бауыржан Бисенов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале