27.04.2024, 18:24
Оқылды: 41

«Елде болса, ерінге тиеді»

Казталов ауданында көктем шығып, еріген қардың суы бар, жоғарыдан қос өзенге келген ағын су бар сай-сала мен лиман-көлдерге су молынан шықты десек, сөзіміз жалған болмас. Тіпті, кей ауылдардағы тұрғындардың пікіріне құлақ түрсек: «Тәуелсіздік алған отыз жылдан бері болмаған су» деп жатыр. Расында мұндай мол суды бала күнімізден бері көрмеген секілдіміз. Бұрын көктем шыға айналаның бәрі телегей-теңіз болып, су кеткесін терең сайлардан қайраңдап қалған балықты аулаушы едік. Көлге молынан су шыққасын шөп те адам бойынан асатын еді. Мұның бәрі келместің көріністеріндей ғайып болғандай...

IMG20240426110239

Бірақ, биылғы көктемде өзендеріміз тасып, қардың да су молынан түсті. Аудан аумағындағы біраз су шығатын лиман, көлдер суға толды. Ағын су өзендер бойындағы елді мекендерге де қауіп төндірді. Біздің ауданның атқамінер азаматтары жоғарыдан келген тасқын суды барынша пайдаға асырып, көлдерге шығарып алды. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, көлдерге шыққан мол судың нәтижесі де жаман болмауы керек. Биылғы мал азығы — шөп те бітік шығады деп күтілуде.

IMG20240426110235

Сөзіміздің дәлелі ретінде Казталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиевпен бірге Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық ауылына барып келдік.

InShot_20240426_233421899

Күре жолдың бойында орналасқан елді мекеннің айналасына су келіп жатыр. Мол суға ауыл тұрғындары қуануда. Ауыл тұрғыны, «Болашақ» шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Исаев: — Мұндай су біздің бала кезімізден бері келген емес. Құдайға шүкір, ауылға судан қауіп жоқ. Шежін өзенінен аққан су Балықты көлі арқылы ауылдың іргесіндегі барлық көлдерді толтырып жатыр.

Бұл біз көрген бір ғана елді мекеннің жағдайы ғана. Ал қалған ауылдардың ахуалын алдағы жаңалықтарымыздан оқитын боласыздар!

Қайрат Жақып, 

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале