24.12.2019, 18:28
Оқылды: 47

Киберқылмыс күшейіп келеді

Технология қарыштап дамыған сайын хакерлер жеке адамдардың деректеріне ғана емес, ірі компаниялар мен ресми құрылымдардың сайттарына да шабуылдай бастағаны жасырын емес. Сондықтан киберқауіпсіздікті нығайту  ел тыныштығын сақтауда аса маңызды. Осы орайда «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде «Киберқауіпсіздік әлеуметтік-экономикалық қатынастар жүйесінде» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

kiber

Жиынды «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің магистратура бөлімінің жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты Талғат Рахметов жүргізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы киберқауіпсіздік мәселесіне тоқталды.

– Бүгінде әлем бойынша отыз мыңнан аса сайт жұмыс істейді. Елімізде киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама мемлекеттік құрылымдарды ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтерді аутоматтандыру, «цифрлы» экономиканы дамыту және ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету аясын кеңейтуге негізделген. Қазақстан Үкіметі хакерлермен күресті жіті бақылауда ұстап отыр. Десе де, киберқылмыстың жолы әлі де түгесілген жоқ, – деді ол. Ал ҚазИИТУ университетінің ректоры, профессор Әлиби Баяховтың айтуынша, ғаламтор пайдаланушылардың саны өсіп, онлайн қызметтердің артуына орай, әлеуметтік-экономикалық салада киберқылмыстар да өршіген. Қылмыстың алдын алуда құқық қорғау құрылымдары мен мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби білімі жоғары болуы тиіс. Сондай-ақ жиында облыстық ІТ ассоциациясы төрағасы Петр Лежников киберқауіпсіздіктің негіздеріне тоқталса, Дубна университетінің профессоры, WIPO алтын медаль лауреаты Ролан Сұлтанғалиев «Когнитивті-цифрлық экономикадағы тәуекелді басқару» тақырыбында ой өрбітті.

– Ғаламтор қосымшалары арқылы қызыққан тауарыңызды қолжетімді бағаға сатып алғыңыз келді делік. Алдымен тауар туралы керекті ақпаратты білу үшін сатушымен байланысқа шығасыз. Содан сатушы сізге басқа қалада не облыста тұратынын айтып, алдын ала төлем жасауды сұрайды. Тауардың ақшасы есепшотына түскен соң ол алаяқ болса, бірден ұялы телефонын өшіріп,  бой тасалайды. Киберқылмыскердің арбауына түсіп қалмау үшін сауатты болуыңыз қажет. Сайттағы жарнаманың төменгі жағында компания, тауар туралы тұрғындардың пікірі жазылады.

Соларға  назар аударыңыз. Ақша аударымын жасамас бұрын нақты сол адаммен сөйлесіп тұрғаныңызға көз жеткізіңіз. Абоненттік номерге смс хабарлама арқылы түскен құпия санды, жеке құжат нөмірлерін, банк картасын, есепшотты, әсіресе, картаның артқы жағындағы CVC-кодты ешкімге айтпаңыз, - деді облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы Сергей Кибальников.

Сондай-ақ дөңгелек үстелде аталмыш университеттегі құқықтану факультетінің магистранты Аида Рау, экономика және менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Нартау Аманбаев, ақпараттық жүйелер мамандығының магистранты Алмаз Мұқашев киберқауіпсіздік туралы жан-жақты пікірлерін ортаға салды.

Гүлсезім Ерболатқызы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале