7.06.2023, 12:46
Оқылды: 154

Көкпардан ел чемпионатын «ҰЛЫ ДОДА» атауымен жаңа форматта ұйымдастыру жоспарланып отыр

Биыл көкпардан Қазақстан біріншілігі «Ұлы дода» атауымен жаңа форматта өтеді. Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық спорттың танымалдылығын арттырып, инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүйелі жарыс ұйымдастыруды көздеп отыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

b2ff49f752fa8b863899eb0bd52c1820_1280x720

Ел чемпионаты аясында бірнеше лига жасақталады.
«Аламан дода» немесе жоғары лигада өткен жылғы ел чемпионатының қорытындысы бойынша 1-6 орындарды иеленген ең үздік 6 команда өнер көрсетеді. Қатысушы командалар әр турда өзінің немесе қарсыластың алаңында ойнайтын болғандықтан көрермендер жоғары лигада 30 матч тамашалай алады.

«Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанда толыққанды көкпар индустриясын қалыптастыру мақсатында ел чемпионатын ұйымдастыруды үлкен жауапкершілік санайды. Ұлттық спорт жанкүйерлері жарты жыл бойы тартысқа толы кездесулерді тамашалап, маусым бойы өз командасына жанкүйер бола алады. Келесі жылдан бастап жоғары лигада ойнайтын командаларға өз ипподромы болуы міндеттеледі. Сондай-ақ, жастар мен жасөспірімдер командаларын қатар дайындау туралы шарт қойылады», - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.

«Дүбірлі дода» деп аталатын Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында былтырғы жылғы ел чемпионатында 7-20 орындарды иеленген 14 команда ойнайды. Жарыс 4 турдан тұрады. Қатысушы барлық командалар бір-біріне қарсы кездесу өткізіп, ұпай жинайды. Жоғары және бірінші лиганың жеңімпаздары Республика күні қарсаңында өтетін «Ұлы дода» жарысында өзара мықтыны анықтайды.

Бұдан бөлек, ел біріншілігі аясында «Керме дода» атауымен екінші лига ойынға шығады. Бұл жарысқа құжаты расталған ауылдық, аудандық немесе жекеменшік кез-келген команда қатыса алады. Байрақты бәсеке 2 турдан тұрады және барлық қатысушы командалар бір-біріне қарсы кездесу өткізеді. «Керме дода» жеңімпазы келесі маусымда бірінші лигада ойнау мүмкіндігіне ие болады. Ал, бірінші лиганың үздік командасы «Аламан додаға» яғни, жоғары лигаға өтеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале