24.12.2019, 17:43
Оқылды: 102

Көп балалы отбасындағы әр балаға 10 600 теңге жәрдемақы төленеді

Жаңа жылдан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмек жаңа тәртіппен беріледі. Яғни 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 баласы бар отбасыларға – 42 500 теңге, 5 баласы бар отбасыларға – 53 125 теңге, 6 баласы бар отбасыларға – 63 750 теңге және 7 немесе одан да көп баласы бар отбасыларға – 73 375 теңге көмек тағайындалады. Біздің облыста АӘК төлеудің жаңа тәсілі 7200 отбасыны қамтиды.

komek

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО филиалының істердің электрондық макеттерін бақылау мен заңды және жеке тұлғалармен жұмыс басқармасының бас сарапшысы Динара Хайретденова мәлімдеді.

Жаңа атаулы әлеуметтік көмек отбасылық кіріске қарамастан барлық көп балалы, яғни 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқы орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі. Жәрдемақының нақты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қарай өзгереді. Біздің облыста көп балалы отбасындағы әр балаға төленетін жәрдемақы шамамен 10 600 теңге.

Мемлекеттің атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудағы негізгі ұстанымы – көмекке шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесу екеніне тоқталып өткен Алтай Құлқаев көп балалы отбасылар табысы аз отбасылар қатарына енген жағдайда жәрдемақымен бірге атаулы әлеуметтік көмекті де алатынын айтты. АӘК күнкөріс минимумының 70 пайызы деңгейінде сақталады. Бірақ мұндай отбасылардағы жұмысқа жарамды адамдардың барлығы әлеуметтік келісімшарт арқылы еңбекпен қамту орталықтарымен белсенді жұмыс істеуі тиіс. Еңбекпен қамту орталықтары ұсынған жұмыс орындарының жалақысын мемлекет төлейді және жеңілдетілген несие беріледі. Әлеуметтік келісімшартты орындамаған отбасыларға АӘК берілмейді.

2019 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50%-дан 70%-ға дейін көтерілді. АӘК алуға 20 789 теңгеден төмен жан басына шаққандағы табысы бар отбасылар құқылы. АӘК 20 789 теңге соммасы мен жан басына шаққандағы табысының айырмасы ретінде тағайындалады. Бірақ балалар мұқтаждық шегі мен жан басына шаққандағы табысының айырмасын емес, ал оның толық сомасын - ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% (20 789 теңге) алады. Ал аз қамтылған отбасылардың балаларына жаңа көмек түрі - кепілді әлеуметтік топтама енгізілді. Оған сәйкес мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі. Оқушы балаларға мектепте тегін ыстық тамақ, күнделікті мектепке тегін барып-келу, мектеп формасы мен оқу құралды мемлекет есебінен беру жүзеге асады.

Қазіргі таңда облыста 24 445 мүгедектігі бар адам мекен етсе, олардың 2 743-і балалар. Биыл мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау және қорғау шараларына республикалық бюджеттен 314 млрд.теңге жәрдемақы бөлінді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 9,4 % артық.

-Заңнамада мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және қолдау жөніндегі шаралар кешені көзделген. Олар: 4 түрлі жәрдемақы төлеу, қызметтер мен оңалту құралдарын ұсыну, санаторий-курорттық емдеу, жеке көмекшінің және ымдау тіл маманының қызметін ұсыну. Бұл мақсатқа облыс бойынша биыл 1 056,0 млн.теңге бөлінсе, келер жылы республикалық бюджеттен - 428 млн., жергілікті бюджеттен - 377,0 млн.теңге жоспарланып отыр.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің сапасын арттыру және қолжетімділігін жақсарту, бюджет қаржысының тиімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік қызметтер порталы енгізілмек. Аталмыш портал әлеуметтік қызметкерлердің, өнім жеткізушілердің және арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын орталықтардың бірыңғай тізімі қалыптастыратын бірыңғай сандық алаң болмақ, - деді Алтай Есмағұлұлы.

Динара Жұмабекқызы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале