4.06.2021, 9:59
Оқылды: 289

Қосымша әдістемелік құрал іспеттес

Жасы жүзден асқан абыз іспеттес еліміздің байырғы басылымдарының бірі «Орал өңірімен» байланысым сонау сексенінші жылдардан басталған еді. Дәлірек айтқанда, 1980 жылдың жазында Қазақ Мемлекеттік университетінің бір топ студенттері мұнда шығармашылық тәжірибеден өткен едік. Бұдан кейінгі кезеңде армандай болған газетте қызмет жасау бақыты бұйырғаны да өмірімнің ең сәулелі сәттерінің бірі  ретінде қала бермек.

6E447AA6-016B-4372-985B-DCD65E067B55

«Орал өңірі» газеті жөнінде айтатын сыр да, жазатын жыр да жетерлік. Оның бәрін тізбелей беру шарт бола қоймас. Әйтсе де, соның ішінде салмақты да, салиқалы басылым о бастан жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру мәселелерін ұдайы жазып, көтеріп келе жатқаны бүгінгі әңгіменің басты желісі бола алады деген ойдамын. Әрине, мұндағы басты тұлға – ұстаз, мұғалім екені белгілі. Олардың қоғамдағы орны жөнінде әр елде, әр ғасырда сол дәуірде өмір сүрген ғұламалардың аузымен не бір алтынға айырбасталмас сөздер қалған. Бұдан бергі уақытқа қарай жақындасақ қазақ сөзтану өнерінің басында тұрған тұғырлы тұлға, академик Зейнолла Қабдолов «Дүниедегі жақсылықтың бәрі – ұстаздан. Бұлай болатын себебі ол бүкіл ел-жұртқа үлгі-өнеге таратушы. Ал оның осындай тәрбиесі мен үлгі-өнегесін көріп, бойына сіңіре алмаған адамда ешқандай жақсы қасиет болмайды» деп тұжырымдаған. Ақиқаты да осы емес пе?

Ұстаздардың қоғамдағы осындай айрықша қасиеттерін жазып көрсетуде «Орал өңірі» газетінің орны айрықша. Өткен жылы ел парламенті «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдағаны мәлім. Оның жобасы бүкіл халықтық талқылауға ұсынылған кезеңде аталған басылымда облыстағы білім беру ұйымдары жетекшілерінің және мұғалімдерімен тұтастай білім беру саласы қызметкерлерінің ұсыныс-тілектері мен ой-пікірлері жарияланғаны да ұмытыла қойған жоқ. Бұлардың бірқатары кейін әбден екшеліп, сараланып ортақ мүдде мен істің бір пайдасына жарағанына да күмән келтіре алмаймыз.

Ал өткен жылдан бергі уақытта газетте жарияланып жүрген оқу сапасын жақсарту және білім беру ісін жаңа сапалық деңгейге көтеру жөніндегі тақырыптық материалдардың шеңбері әжептәуір өсе түскеніне куә болып жүрміз. Ашығын айтқанда, бұл аясы мен ауқымы өте кең, мазмұны терең және шығар шыңы биік мәселе. Сондықтан да «Орал өңірінің» бетінде білім мен тәрбие беру бағытындағы материалдар «Үзіліс» және «Білім» деп аталатын арнайы газет қосымшалары ретінде шыға бастағаны да тек оң бағаға лайықты. Өрістің өсе түсуінің нақты мысалы осы да.

Халқымызда «Ащы менен тұщыны татқан білер және алыс пенен жақынды жортқан білер» деген даналық сөз бар. Сол айтқандай, «Үзіліс» бетінің қоғамдық редакторы Дариға Мұштанова көлденең көк аттының бірі емес, отандық білім беру саласының өз өкілі. Ол өңірдегі «Үміт» лингвистикалық гимназиясына жетекшілік жасаған жылдарда аталған оқу орны еліміздегі ең үздік білім беру ордасының қатарына қосылғанын айта кетудің артықшылығы жоқ секілді. Осындай тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары ұстаздың басылымдағы білім беру мәселелеріне арналған материалдардың жүйелі әрі тұрақты түрде көрінуіне бастамашы болып жүргені бір мерей.  

Егер мұғалім өзі сабақ беретін пәнін 45 минуттың ішінде тек бірыңғай алдын ала белгіленген бағдарлама шеңберінде қалдырып, оны қосымша әдебиеттермен және әдістемелік құралдармен байыта алмаса, бір кемдігі болмай қалмас еді. Өзгесін айтпағанда мұндай жағдайда облыстық «Орал өңірі» және республикалық «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарияланып жүрген материалдар әдебиет, тарих, жаратылыстану және өзге де пәндердің мұғалімдері үшін танымдық тұрғыдан қосымша әдістемелік құрал қызметін атқара алады десек шындықтан ауытқи қоймаспыз.

Сондай-ақ бүгінгі күні еліміздегі жалпы білім беретін орта мектептерде гуманитарлық бағыттағы пәндерді өлкетану ісімен байланыстыра жүргізу бағыты белгіленгені мәлім. Бұл туралы басылым беттерінде жарияланып жүрген мәнді де мазмұнды дүниелер оқытушылардың бір пайдасына жарай алатыны анық. Ал тәрбие беру мәселесіне келгенде балалар мен жасөспірімдерді ұлттық ойындардың қыр-сырына қанықтыру – жас жеткіншектердің зердесін ұштауға, дәлдік пен мергендікке және ойлау қабілетін көтеру мен ептілікке бейімдей алатыны ұдайы назарда болуға тиіс. Бұл тұрғыда басылым бетінде ұдайы әрі жүйелі беріліп жүрген тоғызқұмалақ ойынын үйрену әдістеріне арналған беттің тигізетін көмегі көп деуге әбден болады.

Бір сөзбен айтқанда, «Орал өңірі» ұстаздар мен педагог мамандардың және тұтастай білім беру саласы қызметкерлерінің серігі бола алатындай басылым дей аламыз. Соңғы уақытта аталған газет пен оның қызметкерлері білім саласындағы істің жай-күйінен жан-жақты журналисттік зерттеулер жүргізіп, оны жазып көрсетуге түбегейлі бет бұра бастағаны да жанашырлық пен ақпараттық қолдаудың бір көрінісіндей әсер қалдырады. Көкейде жүрген осындай ой-пікірлерімді газет редакциясына жолдағанды жөн  көрдім.

 Темір  Құсайын,

«Құрмет» ордені мен Парламент сыйлығының иегері

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале