3.07.2026, 17:30
Оқылды: 9

Күй күмбірлеген кеш

2018 жылдан бері елімізде тұңғыш президент Н. Назарбаевтың  Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні  болып бекітіліп, жыл сайын аталып өтіледі. Айтулы күнге орай Оралдағы М.Мәметова атындағы  мемориалдық музей-үйде «Домбыра – асыл мұра» атты әдеби-сазды кеш өтті.

куй кумбирлеген кеш

«Екі ішектің бірін қатты,  бірін сәлпәл кем бұра» деп Қадыр ақын жырлағандай, Ұлттық домбыра күні қарсаңында  М. Мәметованың музей-үйінде құлақ күй орындалып, ән шырқалды. Іс-шараны музей-үйдің жетекшісі  Ахмедияр Батырханов жүргізді. Кешке облыстық тарихиөлкетану музейі директорының орынбасары Нұржан Дүзбатыр, «Ғұмырдария» ата-әжелер ансамблі, еңбек ардагерлері, ұстаздар, оқушылар  және музей қызметкерлері қатысты.

–  Ұлттық домбыра күнінің республика деңгейінде тойлануы халықтың, әсіресе жас өнерпаздар-дың ұлттық аспаптарға қызығушылығын арттырып, төл өнеріміздің дамуына серпін беруде. Осы өлкеде қазақ күй өнерінің мектебі, ұлы күйшілер дүниеге келгені бәріңізге мәлім. 2024 жылы қалада «Домбыра – ұлттық рух» музейі ашылды. Музейде көне домбыра түрі мен макеті, Құрманғазы, Дина, Махамбет сынды дәулескер күйшілердің қолының табы қалған домбыралардың түпнұсқасы мен көшірмелері бар. Мұндай алқалы істердің мақсаты – қазақтың төл өнерін халыққа насихаттап, буыны қатпаған жас ұрпақты төл өнерімізге қызығушылығын ояту, – деді музей директорының орынба-сары.

Мекеме басшысы А. Батырханов мерекелік жиынның М. Мәметова атындағы музей-үйде өтуінің себебі – қыршын кеткен батыр қыздың өнерге кенде болмағанын атап өтті. Заманында көрнекті ғалым, композитор А. Жұбановтың өзі М. Мәметоваға консерваторияда оқуға кеңес бергендігін, 1943 жылы 5 мамырда штаб жиналысында майдангер қыздың қатысқандығын, жиыннан кейін алдыңғы шепке дейін қазақ жігіттері оны шығарып салуға бара жатқан кезде арқасындағы автоматын алдына айналдырып, домбыра шерткендей болып, «Қараторғай» әнін шырқағанын айтты. Өлкетанушы өзі оқыған зерттеу еңбектері мен естеліктердегі деректерді бөлісті.

куй кумбирлеген кеш3

Жас өнерпаздар домбыраның құлағында ойнап, әннен шашу шашты. А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының 9 «ә» сыныбының оқушысы Кәусар Серікова ақын Қанипа Бұғыбаеваның «Домбыра» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар  оқушылар сарайында Бауыржан  Кабировтың жетекшілігімен ашылған «Атамұра» домбырашылар үйірмесінің қатысушылары өнерлерін паш  етті. Кеште Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқым» күйін Сезім Біржан, Дина Нұрпейісованың «Науай» күйін Жаннұр Бурлиева, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін  Қайырболды Нуриддин орындады. Дарынды домбырашылар Әбділхамит Райымбергеновтің «Секіртпе» және Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Адай», Дәулеткерей Шығайұлының «Көроғлы» күйлерін тартты.

Кеш жүргізушісі әр күй орындалғанда оның қысқаша тарихын баяндап отырды. Эльмира Сұлтанованың әніне жазылған «Домбыра» әнін Алан Мерғалидің орындауында бейнетаспадан тыңдады. Музей жанашыры Гүлжан Жанғали халық аузында жүрген әндерді домбырамен орындады. Келген қонақтар жас өнерпаздарды қошеметтеп, әнге қосылып, әуелеп отырды. Тыңдаушылар арасында еңбек ардагері, қоғам белсендісі Тілектес Байқадам «Жігіттерге өсиет» термесін нақышына келтіріп орындады.

куй кумбирлеген кеш2

Кеш соңында ардагер ұстаздар қазіргі буынның қысқа бейнелерге телміріп, ұлтымызға жат, елімізге рухани  қауіп төніп отырған шақта, ұлт  иммунитетін нығайтатын осындай іс-шаралардың маңыздылығын айтты. Сонымен қатар қазақтың төл өнерін баланың жадына сіңіріп, түрлі облыстық, республикалық байқауға қатыстырып, жас өнерпаздардың белін буып жүрген үйірме жетекшісі – Бауыржан Кабировқа алғысын айтып, ақ жол тілеп, баталарын берді.

Перизат Сариева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале