25.03.2021, 9:35
Оқылды: 59

Қызғалдақ пен арман

Қайырлы таң! Бүгін алғашқы жұмыс күнім. Таң атпай, киімімді үтіктеп, қажетті құралдарымды алып, жұмысқа жол тарттым. Таңғы шуақпен арайланып, Арбат бойымен жүріп келемін. Ұйқысы қанбай, мектепке асығып бара жатқан кішкентай балалар, соңғы шыққан 91-дің бейнеклипін талқылап келе жатқан екі құрбы көрінді. Жол іргесіндегі наубайханадан аңқыған дәмді бәліштің хош иісі танауымды жарып барады.

қызғ

Бір кезде қарсы келе жатқан бейтаныс ата қолындағы бір шоқ қызғалдақ гүлін маған ұсынды. Сасып қалған маған нұры тайған қоңырқай жанары мейірлене қарап:

- Ауламда өсіремін, қызым, ала ғой. Қызғалдақ – арманың орындалсын! - деді. «Рақмет, ата!», - деп міңгірлегендей болдым. Маған әлі ешкім гүл сыйламаған еді. Әдемі кинолардағыдай тіптен қызықты болып кетті. Менің арманым түрлі таныстықтар, әдемі саяхат болатын. Ойыма неше түрлі картиналарды келтіріп, қиял әлеміне сапар шектім. Смартфонымнан Түркия елінің ұшақтарының билеттерін қарай бастадым. Әне-міне дегенше жұмысқа да жеттім. Гүл шоғын салатын құмыра таба алмай, үстеліме қоя салдым. Сөйтіп қызу жұмыс басталып кетті. Түскі үзіліс уақыты болатын... Кабинетімде отырып, ойға шомылып кеттім. Бір уақытта "Менімен дос боласың ба?!" деген дауысты естідім. Кабинет іші тыныштық, жанымда ешкім жоқ. Бір уақытта тағы да сол дауыс "Бұл – мен", - деді. Дыбыс үстелімнің үстінен шығып жатқан тәрізді. Қарасам: қызғалдақ! Өзім таңырқап қалдым. Гүл сөйлейтін бе еді?! Мен тым қатты қиялшыл болып кетпедім бе?! Өңім бе,түсім бе? Қызғалдақ маған :

- Мен сенің арманыңды орындауыңа себепкер боламын. Тек арманыңды жақсылап ойлан. Арманың орындалуы үшін алдыңа мақсат қой. Күніңді жоспарла, - деді.

Ал, мен:

- Менің армандарымның бәрі дұрыс құрылып қойылған...

- Арманыңа өзіңнің қалауларыңды қоса бермей, айналаңа қарасаңшы!!!

- Түсінбедім. Арман адамның өзінің жан қалауынан туады емес пе?

- Мысалы, қарашы! Сен шет елде әдемі саяхаттап жүресің, ал ата-анаң сені сарыла үйде күтіп отырады. Мүмкін олардың арманы қартайған кезінде балаларының жанында отырып, қызықты кездерін еске түсіріп, бірге уақыт өткізу болған шығар. Айналаңдағыларды да өз арманыңа қос дегенімнің себебі осы.

Осы сәтте сәл ойға шомып кеттім... "Мен енді не істеуім керек?" Ешкім жауап бермеді. Үстелімнің үстіндегі қызғалдақ үшті-күйлі жоқ!

- "Қызғалда-а-а-қ"

...Өз дауысымнан өзім шошып оянып кеттім. Түсім екен. Әдемі қызғалдақ үстелімде тұр екен. Бірден құмыра тауып, қызғалдақты терезе алдына қойдым. Әдемілікке сүйсіне отырып, армандарыңның орындалуына ата-анаңның ризығы да себепкер екен ғой деген ой түйдім.

 

Айзада Серікқызы, 

Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің

11- сынып оқушысы,

«МТЖО жанындағы «Жас тілші» үйірмесінің мүшесі

 Орал қаласы

Сурет inform.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале