22.10.2022, 9:01
Оқылды: 74

Мәселесі көп МӘМС немесе қордағы қаржы қайда жұмсалуда?

Дені сау ұлт – мемлекеттің дамуы мен халықтың жаһандық қауіп-қатерге қарсы тұруыныңбірден-бір кепілі. Еліміз егемендік алғалы бері ұрпақ һәм ұлт саулығына баса назар аударылып келеді. Осы орайда 2017 жылдың 1 шілдесінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң күшіне еніп, жүзеге асуда.  Жалақысынан жырымдап жарна төлеп жүрген отандастарымыз сапалы медициналық қызметке қол жеткізді ме? Қорға аударылған қаржықайда жұмсалуда? Бізді де осы сауалдар толғандырады.

1574075178_ba9b076d16cc0514648ec96d2cb194be

Фото дереккөзі: ustinka.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет.

Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынға  алған еді.

«Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі үйреншікті жағдайға айналған. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру қоржыны (пакеті) деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті», – деді Президент. Сондай-ақ ол үш миллионға жуық тұрғынның  медициналық сақтандырудан тыс қалғанын айтып, МӘМС жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырды.

МӘМС төңірегінде жауабы жоқ сұрақ көп. Солардың бірқатарына тоқталсақ.

Біріншіден, сақтандыру жарнасын төлеген кез келген азамат сапалы ем алуға тиісті. Бірақ тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын кім, қандай мекеме тексереді? Аудан-ауылдарда бір аурухана немесе амбулатория, ФАП бар делік. Ауылдағы ағайын медициналық мекеменің қызмет көрсету сапасына көңілі толмаса, кімге шағым түсіре алады? Аурухананың қызмет көрсету сапасы қалай тексеріледі? Кеңес үкіметі кезінде тұрғындар  аурухана мен емханадағы дәрігерлердің ем-домына көңілі толмаса, медицина қызметкерлері науқасқа дөрекілік танытса, партия комитетіне шағымданатын. Арыз-шағымның нәтижесінде тексеріс жүргізіліп, нақты шаралар қабылданатын. Бүгінде медициналық қызметке байланысты арыз-шағым қабылдайтын міндетті әлеуметтік сақтандырудың 1406 жедел желісі бар. Бірақ оған арыз-шағым түсіргеніңізбен, кері байланыс жоқ.

Сіздің арызыңызға да жауап берілмейді. Яғни медициналық қызмет сапасы тексерілмейді деген сөз. Осы орайда МӘМС жүйесінің сапалы емді бақылайтын қызметі болғаны абзал. Шағымдармен жұмыстанатын арнайы эксперт мамандар тексеріс жүргізуі керек. Мысалы, науқас ЖРВИ-мен ауруханаға түсті делік. Оған емдеу протоколы бойынша жеті күн ем-дом тағайындалды. Бірақ науқасты бес күн емдеп, ауруханадан шығарып жіберді. Осы орайда емді дұрыс жүргізбегені үшін ауруханаға немесе дәрігерге айыппұл салынған жөн. Ол қаржы  науқасқа немесе Қорға аударылуы қажет. Науқас әрмен қарай сапалы қызмет ұсынатын медициналық мекемеге барады. Ал Қорға аударылса, Қор қаржыны медициналық мекемеге құрал-жабдық алу үшін жұмсар еді. Мұндай жағдайда аурухана мен дәрігер кез келген науқастың алдында жауапкершілікті сезінеді.

Екіншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын жұмыс беруші төлесе, ерікті сақтандыру бойынша тұрғынның өзі төлейді делік. Ал адам денсаулығына шағымданбай, емханаға жылдар бойы бармаса, аударған жарнасы қайда кетіп жатыр? Бұл жөнінде кім кімге немесе қайда есеп беруде? Осы орайда игерілмеген қаржының белгілі бір пайызы жұмыс берушіге немесе тұрғынның өзіне қайтарылғаны абзал. Оған әр адам  дәрумендер сатып алып, шипажайда демалар еді. Ал жұмыс беруші қол астындағы қызметкерлердің денсаулығын нығайту бағытында іс-шаралар ұйымдастырып, маусымдық-науқандық сырқаттардың алдын алу үшін күресер еді.

Медициналық сақтандырудың тиімсіздігіне келсек, кемшіліктер жетіп артылады. МӘМС арқылы тегін емделе аламыз дегенді жоққа шығаруға болмайды. Алайда тегін емделу үшін, біріншіден, квота алу қажет. Ал квотаны алу үшін кемі 15 күн кезек күтуге тура келеді. Портал арқылы медициналық мекемелерде тегін емделу де оңайға соқпайды. Мемлекеттік емханаларда емделу үшін де кемі бір апта, кейде бір ай алдын ала кезекке жазылу қажет. Талонмен кезек күткеннің өзінде дәрігерлердің базаға тіркеу, базадан іздеу секілді жұмыстары да біраз уақытты алады. Сол себепті тұрғындар амалсыздан ақылы емнің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ақылы емнің құны да аспандап тұр. Оның үстіне, дәрігердің нұсқаулығымен жазылған дә­рілердің құнын көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Талонмен кезекке жазылып, емделетіндер жоқ деп те айта алмаймыз. Олардың ішінде зейнеткерлер мен бос уақыты көп, жұмыссыз жүргендер ем алуы мүмкін. Бірақ үнемі жұмыстан қолы босай бермейтіндер үшін қаншалықты тиімді? Емханаға келіп, жеткілікті емін алып, қаралу үшін жұмыстан қайта-қайта сұранып жүруге тағы болмайды.

Елімізде тұңғыш рет, нақтырақ айтсақ, 1993 жылы облысымыздың Тасқала ауданында Міндетті медициналық сақтандыру компаниясы іске қосылған еді. Сол ауданда облыстағы денсаулық сақтау саласының бас дәрігерлерінен құралған сарапшылар (эксперттер) қызмет етті. Олар науқастардың арыз-шағымы бойынша талдама (экспертиза) жүргізді. Егер дәрігердің ем-домды сапасыз жүргізгені анықталса, сол дәрігер немесе соған жол берген аурухана басшылығы жауапқа тартылып, айыппұл төлейтін. Сондай-ақ  медициналық сақтандыру компаниясына түскен қаржы да тиімді жұмсалды. Аудандағы ауруханалар мен амбулаторияларға құрал-жабдық, сапалы дәрі-дәрмек сатып алынды. Дәрігерлердің қабілетіне қарай жалақысы көтерілді. Егер сақтандыру жарнасын аударған мекеме-кәсіпорын қызметкерлері жыл бойы денсаулығына шағымданбаса, ол мекемеге жарнаның белгілі бір пайызы қайтарылды. Есесіне, ол мекеме қайтарылған қаржыны шеберханасына, ғимаратына жылу өткізу үшін пайдаланды. Қызметкерлерді шипажайға жіберді. Еңбек озаттарына сыйақы берді. Үнемделген қаржы осылайша тиімді пайдаланылған еді.

Еліміздегі ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi» туралы кодексте немесе «Міндетті әлеуметтік сақтандыру  туралы» заңда науқасты (азаматтарды) дұрыс емдемей, денсаулығына зиян келтіргенде олардың құқығын қорғау жүйесі нақты реттелмеген. Яғни аталмыш кодекстің 91-бабы 8-тармағында «Пациенттердің құқықтарын қорғауды мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер өз құзыреті шегінде жүзеге асырады» делінген. Осы орайда тұрғындардан міндетті әлеуметтік сақтандыру жарнасын алып отырған Қор қайда? Қорға пациенттердің құқықтарын қорғау бойынша заңнамалық тетігі енгізіліп, сарапшылардың қорытындысы негізінде науқасқа зиян келтірген емдеу мекемесіне айыппұл төлеткен абзал.

Сонда айыппұлдың бір бөлігі пациентке, ал бір бөлігі қор активіне жіберілер еді. Науқастардыңшағымдану мерзімі де кодекспен реттелуі керек. Сонда ғана кодекс азаматтардың МӘМС-ке деген сенімін нығайтып, олардың құқықтарын нақты қорғау мәселесін шешер еді. Бұл қордың мүддесі үшін де маңызды.

Үшіншіден, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артады. Медициналық мекемелер аккредитациядан өтеді. Эксперттер арыз-шағым бойынша уақтылы тексеріс жүргізгендіктен, аурухана айыппұл арқаламас үшін сапалы қызмет көрсетуге мүдделі болады. Дәрігерлер, мейірбикелер науқастармен сыпайы қарым-қатынас орнатып, қосымша кәсіби курстарда білім-білігін жетілділер еді. МӘМС-тің жұмысына мемлекеттік  тұрғыдан қадағалау болады.

Елімізде 1990 жылдары міндетті медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жолдары қарастырылып, осы мақсатта (ФОМС) «Міндетті медициналық сақтандыру қоры» (фонды) құрылған еді. Алайда фондтың басшысы өзінің қызмет дәрежесін пайдаланып, фонд қаражатын жымқырып, шетел асып кеткені белгілі. Нәтижесінде міндетті медициналық сақтандыру фонды жұмысын тоқтатты, ал халық медициналық сақтандырусыз қалды. Сондықтан қазіргі медициналық сақтандыру қорының қаржысы тиімді жұмсалмай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей ме деген күдік те жоқ емес...

Гүлсезім Бияшева, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале