13.08.2026, 20:00
Оқылды: 36

Мемлекет басшысы БҚО әкімі Нариман Төреғалиевті қабылдады

Бұл туралы БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

IMG-20260813-WA0113

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалды.

Батыс Қазақстан облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 1 қаңтарына 5 трлн теңгені құрап, 2023 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 13,6 пайызға өсті. 2023 жылдан бері негізгі капиталға 2,3 трлн теңге инвестиция тартылды.

Мемлекет басшысына бұған дейінгі тапсырмаларының орындалуы туралы толық ақпарат берілді. Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 5 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылысы жуық арада басталады. Инвестициялық жоба құны – 1,7 трлн теңге.

Сондай-ақ Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын да жыл аяғына дейін бастау жоспарланып отыр.

Соңғы 3 жылда облыста 138 млрд теңгеге 121 жаңа әлеуметтік нысан салынды. Барлық деңгейдегі 1542 шақырым автомобиль жолдары жөнделді. Қазақстан – Ресей шекарасындағы «Сырым» автокөлік өткізу пункті қайта жаңғыртылып жатыр. Келесі жылы «Тасқала» жобасы басталады. Жалпы құны 7,6 млрд теңгеге жаңадан салынған және жаңғыртылған 4 теміржол вокзалы ел игілігіне берілді.

Орал қаласында 60 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген 6 кәріздік сорғы стансасы жаңғыртылып, іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 2 кәріздік сорғы стансасын қайта құру жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ 11,2 млрд теңгеге 2 жылу магистралі жаңғыртылып, 60 мың тұрғынды тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік жасалды. 7 мың шақырым электр желілері жаңартылып, тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға төмендеді.

Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 320 млрд теңгеге жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталғалы 1414 жоба қаржыландырылып, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Жергілікті кооперативтер «КПО б.в.» компаниясына 1,1 млрд теңгеге өнім өткізді.

«Қаладан – ауылға» өңірлік бағдарламасы аясында мыңнан астам адам ауылға қоныс аударды. Барлық 218 отбасы баспанамен қамтылып, әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.

Мемлекет басшысы өңірді одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жеделдету және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале