15.03.2022, 9:45
Оқылды: 361

Мұғалімнің бәрі бірдей төрге лайықты ма?

Жақында Казталов ауданында жарық көрген «Ұстазым менің, ұстазым» атты кітап қолыма түсті. Кітапта осыдан бір-екі ғасыр бұрын еңбек еткен, халықтың сауатын ашып, ағартуға үлес қосқан мұғалімдер туралы сүбелі дүниелер жинақталған екен.

cursosgratuitos (1)

Бұрын...

Солардың бірі – Әсет Дінішев. Ол  Казталов ауданының  тарихында  халық ағарту ісінің негізін қалаған тұлға – алғашқы ұстаз, ағартушы. 1868 жылы Жәңгір хан­ның ұсынысымен Таловкада ашылған мектепке бару шалғайда жатқан ауыл балаларына қиындық келтіргеніне жүрегі ауырған Әсет мектеп ашу туралы армандайды. 1905 жылы елден хабарсыз кеткен педагог 1912 жылы Орынбордағы «Құсайын» медресесін бітіріп, қолындағы құжатпен елге келеді.

Сол замандағы оқытудың жаңа жүйесі  «Сульжайт» бағдарламасын игеріп, бастауыш сыныпты оқыту құқығына ие болған алғашқы адамдар­дың бірі болған екен.  Сол жылы жоғары басқарма орындарына өз өңірінде мектеп ашу туралы ұсыныс түсіріп, одан көмек болмаған соң Рабай деген ағасының үйінің бір бөлмесінде өз қаражатымен мектеп ашқан. Мектепке әр түрлі жастағы жиырма шақты бала тартылған. Әсет Дінішев бастауыш білім, араб алфавиті, Құран аяттары, арифметика,  география, өлең құрастыру, сурет өнерінен дәріс берген. 1915 жылы Оспан ауылында екі бөлмелі мектеп салдырып, 1950 жылға дейін Казталовта мұғалімдік қызмет атқарған. Ленин орденімен марапатталған. 1953 жылы Алматы облысының Ысық қаласында дүниеден озған. Әсеттен дәріс алған шәкірттерінің ішінен атағы кеңге жайылған Хабиболла, Әбіл, Мұса Дінішевтердің атын мақтанышпен айтуға болады.

Халықты сауаттандырудағы бастамамен өңірімізде Әсет ата мектебінен кейін Ордабай ауылында жетіжылдық мектеп ашылып, Қазақстан, Микоян, Молотов, Жігер колхоздарынан 200-ден астам бала келіп, білім алыпты.

Дәл осылай халықты сауаттандыруға үлес қосқан жандардың бірі – Сақып  Дәулетұлы Ақбаев. Бұл кісі 1880 жылы Бөкей ордасы ауданы, Қамыс-Самар қисымы, Төртпішен ауылында дүниеге келіпті. Ордадағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде оқып, Қазандағы мұғалімдер семинариясында емтихан тапсырған. 1904 жылы 1 мамырда Көктерек ауылына келіп, алғашқы мектеп ашып, 1920 жылға дейін жұмыс істеп­ті. 1920-1930 жылдар ара­сында Сақып Дәулетұлы көршілес Төртпішен, Қарасу ауылдарында мұғалімдік қызметте болып, 1930 жылы қайтадан Көктерекке келді. Содан 1956 жылға дейін Көктеректе үздіксіз мұғалім боп қызмет атқарған.

Атақты ұстаздың болмысы өздігінен көп ізденумен, өз тәжірибесінен қорытынды шығарумен, балаға білім мазмұнын меңгерту жолында көп еңбектенумен ерекшеленген. Өмірінің 58 жыл 7 айында шәкірт тәрбиелесе,  соның 41 жылын Көктерек мектебіне арнапты. Елді сауаттандыруға бар ғұмырын арнаған ұстаз туралы материалдар мен құжаттар  Көктерек музейінде сақталыпты. Осы кітап­ты оқып отырып,  ешқандай ресурс жоқ кезде, білім алу  үшін айшылық алыс жерлерді аралап, өзін дамытып қоймай, білгенін айналасына үйретіп, мектеп ашқан ұстаздардың жас ұрпақтың болашағына алаңдауы, өзінен кейінгі жастың алды жарық болуы үшін табандылық танытқаны қатты әсер етті. Бүгінгі мектептің негізінің  қалануына әр ауылда болған осындай  жанашыр педагогтер үлес қосты.  Халықты ағарту жолында жанпидалықпен жұмыс істеген осындай ұстаздарды көрген соң да Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың басы қосылса,  төрдегі орын мұғалімдікі» деген шығар. Бірақ...

Қазір...

Қазіргідей ақпараттық технологияның қарыштап дамы­ған кезінде балаға білім мен тәрбие беруге қажетті  ресурстың бәрі бар. Балаларымыздың білімді болып өсуі үшін мемлекет бар жағдайды жасауда. Дегенмен нәтиже қаншалықты деңгейде? Бұл ойланатын сұрақ. Бұрындары мұғалімін төбесіне қойып қадірлеген халық қазір неге мұғалімге қырын қарайды? Осы сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық.

Газет редакциясында қызмет еткеніме он жылдан астам уақыт болыпты. Осы жылдар ішінде газетіміздің мұғалімдерге арналған «Үзіліс» бетінде шәкірт жүрегінен орын алған біраз мұғалімді жарыққа шығардық. Бірақ арада жылдар өтсе де,  санада сақталып қалған мұғалім-кейіпкерлерім саусақпен санарлықтай екен. Солардың бірі қаламыздағы №45 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Қанзия Нетәлиева. Одан бөлек осыдан біраз жыл бұрын облыстық білім басқармасының басшысы болған Шолпан Қадыровамен сұхбат, №45 орта мектептің психологі Жеміс Төлеуова, Тасқала ауданындағы Аманкелді орта мектебінің директоры Айман Нұрғалиқызы, ардагер ұстаз Ерсайын Сапаров, №45 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Зина Оңғарбаева, ардагер ұстаз Зылиха Ахметова сынды ұстаздардың әсерлі әңгімелері, баланың білім-тәрбиесіне қатысты айтқан ой-пікірлері жадымда жатталып қалыпты. Өз жұмысын жақсы көретін ұстаздар өз ойын шынайы жеткізе алады. Сонысымен де оқырман есінде қалады. Өңірімізде өз жұмысын жақсы көретін, оқушыларын дамыту үшін бойындағы бар күш-жігерін аямайтын мұғалімдер де жетерлік. Дегенмен, балаға білім беруге жүрдім-бардым қарап, уақыт өткізіп жүрген мұғалімдер де көп. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, жауапкершілігі төмен мұғалімдердің  іс-әрекеті күллі мұғалім мен мектепке теріс әсерін тигізеді. Білімнің негізі бастауыштан қаланатынын ескерсек, бастауыш сынып мұғалімдеріне артылар міндет көп. Алайда өз мамандығының негізгі мақсатын түсінбеген кей мұғалімдер күнделікті тапсырмамен шектеліп, оқушыны дамытуға ден қоймайды. Соның кесірінен оқушыда құлдырау пайда болады. «Баламмен қосымша жұмыстанасыз ба?» деп барған ата-анаға «Біз бекітілген сағат бойынша ғана жұмыс істейміз. Балаңызды дамытқыңыз келсе,  ақылы қосымша білім беру орталықтарына беріңіз немесе репетитормен жұмыстаныңыз» дейтін мұғалімдердің қатары көбейді. Қазір мұғалімдердің кейбірі оқушымен жұмыстанғысы келмейтіндіктен ата-аналардың басым бөлігі баласын жетелеп, қосымша білім беру орталықтарының көмегіне сүйеніп жүр. Оқушылардың қатесіз, сауатты жазуына мән берілмейтін болды. «Неге олай?» деген сұраққа «Бұрынғыдай диктант жазбаймыз» деген жауап беріледі. Ал жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын мұғалімдер диктанттың сылтау емес екенін, оқушылар сауатты жазу үшін жұмыстану – мұғалімнің  шеберлігіне байланысты  екенін  айтады.

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – босаңсып  кеткен бала тәрбиесі болып тұр. Бала тәрбиесіне ата-ана да, мұғалім де жауапты. Мектеп ауласында, қоғамдық көлікте, көшеде бейпіл ауызды балаларды жиі көретін болдық. Аузынан ана сүті кеппеген бастауыш сынып балаларының өзі  қасындағы сыныптасын шімі­рікпестен сыбап жіберетін болған қазір. Оған екіншісі де қарап қалмай түйдек-түйдегімен боратады келіп. Бұл – өзім көріп, куә болған жайт.  Бастауыштан бастап жүгенсіз кеткен бала өсе келе не болмақ?!  Байқағанымыз, қазіргі балалардың біразы қасындағыларды кекетіп-мұқатып, қыжыртып сөйлегенді жақсы көреді.

Біраз ата-анамен сөйлесіп, пікірлесе келе олардың басым бөлігін бала тәрбиесі соның ішінде жасөспірімдердің бейпілсөзге, электронды темекіге, энергетикалық сусындарға, төбелесе кетуге әуестігі,  сондай-ақ мектеп жасындағы қыздардың ерте жүктілігі, суицид алаңдататынын байқадық. Бұл бағытта мектепте тәрбие жұмыстары жүргізіліп жатқанымен әлі де әлсіз. Кей мектептерде әлімжеттік жасау әлі бар. Бірақ кей мұғалімдер жүгенсіз кеткен баланы жөнге салуға қауқарсыз. Бұрынғыдай баланың жан дүниесіне үңіліп жұмыс істейтін мұғалім өте сирек қазір. Мектептерде суицид неге көбейді? Себебі үйде ата-ана, мектепте мұғалім баланың ішкі жан дүниесінде не болып жатқанын білмейді. Қазіргі балалардың психикасы тым әлсіз. Айналасындағылардан қолдау көрмеген бала өзіне солай үкім шығарып жатады. Оны біреулер сондай ауру бар десе, енді бір ата-аналар мектепті, мектеп ата-ананы кінәлап, жылы жауып қоя салады. Ал шын мәнінде осындай жәйттердің түпкі мәні – тәрбиенің кемшіндігінен, әлділердің әлсіздерге күш көрсетуінен болып жатқаны кәміл.

Жұмыс барысымен ауыл-қаладағы біраз мектепте бас сұқтық. Өзім барған білім ошақтарының ішінде ұмытылмастай есімде қалғаны – Білім-инновация лицейі (бұрынғы қазақ-түрік лицейі). Бұл мектепке бір емес, бірнеше рет бардым. Сондағы таңғалғаным қарсы кездескен оқушылар «Сәлеметсіз бе!» деп, жол беріп,  сен өтіп кеткенше күтіп тұрады. Кілең ер балалар болса да, сондай ізетті, сыпайы. Есікті өздері ашып беріп,  жүгіріп жол көрсетіп, іздеген адамыңды тауып береді. Мектеп ауласында футбол ойнап жатқан балаларды жиі көріп жүрдім. Сәл аялдап, олардың ойын­дарын қараймын. Ойын барысында бір-бірін қағып кету, ойын ережелерінің бұзылуы болып жатады. Бірақ бір баланың аузынан жаман сөз шықпайды. Бұл – тәрбие. Қаламыздағы қанша мектепке барсам да, дәл осындай ізеттілікті өзге бір мектептен таппадым. Керісінше, біраз мектептің ауласынан алысып-жұлысып, жеті атасынан бері сыбап жатқан балаларды бірнеше рет көрдім. Мектептің есігінің алдында тұрып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып мұғаліммен ұрысып тұрған ата-аналарды жиі көреміз. Осы тектес бір қарағанда елеуге тұрмайтын ұсақ-түйек көріністердің өзі көп нәрседен  хабар  береді.

Бірде қаламыздағы мектептердің біріне соңғы қоңрау шарасына бардым. Мектеп дәлізіне қызыл кілем төселіпті. Асығыс болғандықтан, жүгіріп бара жатқам, артымнан жетіп келген сол мектептің мұғалімдерінің бірі «Бұл қызыл кілеммен әкім, келген  қонақтар жүреді, сіз ана жолмен жүріңіз» дейді түтігіп. «Мен де қонақпын ғой» деп алға оза бердім. Бірақ «Мына жолмен сен жүресің, ана жолмен әкім жүреді» деген сөздерінен-ақ  мұғалімдердің, мектеп басшыларының өресі қай деңгейде екені  байқалып қалды.

Мектеп – оқушыларға білім мен тәрбие беретін жауапты мекеме. Мектеп ауласына кірген сәттен-ақ балалардың сөз саптауынан, есік алдында балаларын кү­тіп тұрған ата-аналардың ізетінен-ақ сол мектептің тәрбиелік бағытта қалай жұмыс істеп жатқанын бірден аңғаруға болады. Мектеп ауласындағы балалардың сөз ләмі, жүріс-тұрысы сол мектептің айнасы секілді. Сондықтан мәдениет – театрдың киім ілгішінен басталса, бала тәрбиесі мектепке келген алғашқы күннен бастап, мектеп босағасынан, мектеп ауласынан басталуы тиіс.

Республикаға белгілі мұғалім, ақын Аятжан  Ахметжан өз жазбасында «Біреуге тәртіп сақта деу үшін өзің тәртіпке бағынуың, біреуге сапалы білім беру үшін өзің білімді болуың керек. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтсақ: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз жұрт ел болмайды» дей келе, ойын былай  сабақтапты:

«Білім саласына біраз жақсы өзгеріс жасалып жатыр, өзгеріс нәтижелі болуы үшін де бүкіл жұмыс заңды тәртіпте жүруі керек. Менің осы жазғандарым біраз әріптесімнің шамына тиіп, мені жерден алып, жерге салатын шығарсыздар. Бірақ тәртіпсіздікті, заңсыздықты, біліксіздікті, қылмысты ақтап алуға тырысу ешқашан ілгері басатын қоғамның тірлігі емес! Сондықтан құрметті әріптестерім, мен сіздердің жауларыңыз емес, ең жақын достарыңызбын. Бірақ өзіміз тазармай, бізді қоғам төріне шығармайды. Беделімізді көтеріп, бетімізді жарық етпейді» деп ұрпақ алдында ұстаздық жолында жүрген әріптестерін  ізденіп, өздерін дамытуға шақырған.

Түйін

ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан мұғалімдердің сапасын, кәсіби біліктілігін арттыру үшін біраз жұмыстар жасалуда. Өткен жылдан бері педагогикалық мамандыққа оқуға түсушілердің шектік балы 70 балға көтерілді. Шәкіртақысы өзгелерден ерекшеленіп, жоғарылады. Бұл бастама білім саласына білікті жастардың келуіне өз пайдасын тигізер деп сенеміз. Мұғалімдердің кәсіби біліктіліктерін арттыру бағытында қыруар қаражат бөлініп, жүйелі  жұмыстар атқарылуда. Дегенмен марғасқа Мағжан Жұмабаевтың айтқан  зерделі  сөзіне  мән берсек, төрге лайық мұғалімдер әлі де аз секілді көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Мұғалімдердің бәрі бірдей төрге  лайықты  ма?..

Гүлжамал Жолдығали, 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале