1.07.2021, 23:27
Оқылды: 273

Нағыз қазақ – домбыра

Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында 2018 жылдан бері шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленгені мәлім. Содан бері жыл сайын атап өтілетін бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосатын үлесі зор. Ұлы мұрамызды ұлықтайтын бұл күні облысымызда да қазақтың ән-күй өнері, киелі домбырасы жұртшылыққа кеңінен насихатталып, шуақты мерекеге айналды.

домбыра

Облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері Рысбике Ибраеваның айтуынша, мереке 30 маусым мен 4 шілде аралығында аталып өтуде. Мәселен, Ақжайық ауданында «DOMBYRA – DASTAN» мерекелік ән-шашуы, Бәйтеректе «Домбыра – асыл мұра», Бөкей ордасында «Домбыра – дастан» домбырашылар шеруі, Бөрліде «Домбыра үні – тұнған тарих», Жаңақалада «Домбыра – ұлттың ұраны» мерекелік бағдарламасы, Жәнібекте халықтық «Жәнібек сазы» фольклорлық ансамблінің «Күмбірле, күй домбыра» күй керуені ұйымдастырылуда. Ал Казталовта «Домбыра – бабадан қалған бағзы мұра» домбыра party, Қаратөбеде «Домбыра – қазағымның қазынасы» мерекелік концерті, Сырымда халықтық «Сырым сазы» фольклорлық ансамблінің «Домбыра – асыл мұра» домбырашылар шеруі мен мерекелік концерті, Тасқалада «Қазағымның үнісің сен, домбыра» концерттік бағдарламасы мен домбыра party, Теректіде «Күмбірле, күй домбыра» сазды сұхбаты, Шыңғырлауда «Домбыра – асыл мұра» күй тартысы болмақ. Сондай-ақ қалалық жастар мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 2 шілде күні жастар мәдениет үйінде «Оралым» фольклорлық ансамблінің «Қазақтың рухы – домбыра» және 4 шілдеде «Алаш» этнофольклорлық ансамблінің «Домбыра – асыл мұра» концерті өтеді.

– 3 шілде күні Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында дарабоз күйші Сейтек Оразалыұлының 160 жылдық мерейтойына арналған «Күй құдіреті» республикалық домбырашылар байқауының ашылу салтанаты болады. Ал 4 шілдеде мерекелік шара Құрманғазы, Дина ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсіміне жалғасады. Содан кейін Ұлттық домбыра күнінің қорытындысы ретінде Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында марапаттау рәсімі, мерекелік концерт өтеді, - деді Р.Ибраева.

 

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале