24.06.2026, 14:45
Оқылды: 11

Нұрлыбек Нәлібаев Батыс Қазақстан облысындағы энергетикалық және инфрақұрылымдық бірқатар нысанның жұмысымен танысты

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында инфрақұрылымдық дамуда маңызы зор стратегиялық және өндірістік бірқатар нысанды аралап, жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz

4343453587_1

Ең алдымен, Премьер-министрінің бірінші орынбасары еліміздегі ең ірі стратегиялық кен орындарының бірі – Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнына барды. Жоба операторы «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) компаниясы халықаралық консорциум аясында жұмыс істеп жатыр.

Онда компания басшылығымен кездесу өтіп, онда қазіргі өндірістік көрсеткіштер мен жобаны дамытудың келешегі талқыланды. Делегация кен орнының негізгі өндірістік нысандары жұмысымен, сондай-ақ инвестициялық жобалардың  жүзеге асырылу барысымен, оның ішінде қуаттылықты одан әрі кеңейтуге бағытталған ҚРК-1Б жобасымен танысты.

ҚПО бас директоры Марко Марсили компания қызметіне шолу жасап, соңғы жылдары жүзеге асырылған жобалар консорциумның жоғары күрделіліктегі міндеттерді тиімді орындау қабілетін көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ компанияның өңірді тұрақты дамытуға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.

«ҚПО өз қызметін әлеуметтік жауапкершілік, ашықтық және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаттары негізінде жүзеге асырады. Қызметі басталғаннан бері ҚПО табиғатты қорғау жобаларына $467 млн бағыттады. Біз метан шығарындыларын азайтуға және биоәртүрлілікті сақтауға ерекше көңіл бөле отырып, “Таза Қазақстан” бастамасын белсенді қолдаймыз. Атап айтқанда, 800 гектар алқапта көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. ҚПО облыстың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға белсенді инвестиция құюды жалғастыруда. 1998 жылдан бастап 2025 жылдың соңына дейін компания қаражатына жалпы сомасы $901,98 млн-ды құрайтын 268 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан пайдалануға берілді. Біз Қазақстан Республикасының экономикалық өсуіне ықпал ете отырып, жергілікті халықтың тұрақты дамуы мен өркендеуіне жағдай жасап, елге барынша пайда әкелуге ұмтыламыз», — деп атап өтті Марко Марсили.

35453453_1

Ол сондай-ақ компания өндірудің тұрақты өсімін көрсетуді жалғастырып, кен орнының өндірістік қуатын кеңейтуге инвестиция салып жатқанын тілге тиек етті.

Өз кезегінде Нұрлыбек Нәлібаев мұнай-газ саласының ел экономикасы үшін стратегиялық маңызына тоқталып, оның өнеркәсіптік өсудің негізгі драйверлерінің бірі ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. Ол компания жұмысын жоғары бағалап, ҚПО ұжымына Қарашығанақ кен орнын игеруде табыс тіледі.

Бұдан бөлек, Премьер-министрінің бірінші орынбасары өңірге жұмыс сапары аясында «Жайықжылуқуат» кәсіпорнында болды. «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстар мен  кешенді іс-шаралар жоспары таныстырылды.

Стратегиялық нысан Орал қаласын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. 2023 жылы мұнда градирня толық ауыстырылып, экологиялық тұрғыдан тиімді шешім қабылданды. Нәтижесінде, Жайық өзенінен алынатын техникалық су көлемі жылына 4 млн текше метрге үнемделді. 1960 жылдан бері жұмыс істеп тұрған №1 турбоагрегат та толық жаңартылып, стансаның жалпы қуаты қосымша 12,5 МВт-қа артты.

Былтыр «Hitachi» жапон компаниясының қуаты 28,5 МВт болатын газ турбиналық қондырғысы күрделі жөндеуден соң іске қосылды. Маңызды мәселе аймақ басшысының тікелей араласуымен оң шешілді. Жапония елінде өткен келіссөздер нәтижесінде қондырғының қосалқы бөлшектерін өндіруші зауыт өздері дайындап, жеткізді.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары ұлттық жоспар аясында коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарын жүйелі әрі сапалы атқаруды тапсырды.

Айта кетейік, Орал жылу электр орталығы қазір «қызыл» аймаққа енгізілген. 2029 жылға дейін жүргізілетін жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде кәсіпорынның тозу деңгейін 83%-дан 60%-ға төмендетіп, «сары» аймаққа шығару жоспарланған.

Фото: primeminister.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале