10.09.2021, 10:00
Оқылды: 238

«...Ол жылғы оқу оқу болған жоқ...»

(«Аңыз болған абысындар» кітабынан үзінді)

Ел іші томаға-тұйық. Əрқайсысы өз ойымен болып жүрген бір адам. Құм адамына тəн бауырмал мінез бəрін қинап жүрген сияқты. Бір-бірінен ажырау, кіндік қаны тамған ата-мекеннен жырақ  кету, ата-бабасы, тума-туысы жатқан қасиетті қорымдарды қалдырып кету кімге оңай соғады дейсің.

3

Сақыпжамал, Ділдə, Айсаның да жетісіп жүргені шамалы. Ана екеуі қашанғы сабырлылығынан танбай, үн-түнсіз малдың қамымен жүреді де қояды. Солардың ыңғайына бағып, Ділдə да «Не көрсем де, осылармен бірге көремін ғой» деп, іштен тынған. Əйтеуір, амандық болса болғаны да. Не көрмеген, неге көнбеген жұмырбас...

Айтқандай-ақ, елді жаппай көшіру басталды да кетті бір күнде. Бұлардан «Барасың ба, бармайсың ба?» деп келісім сұрап жатқан ешкім жоқ. Түстері суық əскери адамдар келді де, картузы жылтыраған біреуі бүйірі тоқ сүрік қара планшеттен жалбыраған қағаздарын алып, «12-ый разрез, населённый пункт «Умтыл» - Казталовка, Каруба» деп əлде бұйрық, əлде өкім бірдеңені оқып, қасындағыларға «Тиеңдер!» дегендей белгі берді.

Азан-қазан, у-шу... үйлер жығылып, тарс-тұрс мажор арбаларға тиелді. Қалған жайдақ арбаларға əйел, бала-шаға бөліп-бөліп отырғызылды да, ұбап-шұбап ауылдан шыға берді айналдырған жарты күннің ішінде.

Бесқонақтың шыққан мезгілі. Жер бусанып, көк шығып, енді ғана арқа-басымыз кеңи бастай ма дегенде мұндайға тап болған елде ес те жоқ, «Лə» деуге дəрмен де жоқ. Құрығы ұзын Үкіметтің айтқанына көніп, айдауына жүріп, бұғалық түскен жылқыдай тырп ете алмастан жөңкіле көшіп барады. Араға апта салып, азып-тозып, арып-ашып барар жерлеріне жеткенде əйтеуір тоқтап, табан тірегендеріне шүкірлік етіп, демдерін бір алды Сарыөзен бойын сағалай көшкен «Ұмтыл»  ауылының  адамдары.

Ұмтылғанда жеткен жерлері – Қараоба  деген ауыл екен.

Ауыл деуге де, ауыл емес деуге де келмейді. Үй көп. Адам жоқ. Төбе біткеннің бəрі ашылып, аңырайып жатыр. Үй-қоралардың іші-сырты жайраған малдың өлексесі. Жұтқа ұшырап, малы қырылып қалған жартылай иесіз Қараобаны көріп, құмшықтардың зəре-құты қалмады. Қайта колхоз бастығының өздерімен бірге келгені мұндай жақсы болар ма, топ-топқа бөліп, осы елдің адамдарымен бірлесіп, халықты орналастыру жұмысына кірісті. Екі бригада он кісіден қолдарына кенеп қолғап киіп, ауыздарына шүберек байлап, төшкелерді арбаға тиеп, ауыл сыртына тасып жатыр. Біреулері балшық езіп, біреулері ошақ салып,  тірлік қамын жасап жатыр бəрі. Қайтсін енді, басқа түскен ортақ іс жұмылдырып, біріктіріп жіберді бəрін. «Сен қайдансың?» деуге, бөлініп-жарылуға жайлары келмеді. Бұлар – отқа-суға бір күйген, заманының кермек дəмін бірдей татқан мұңдастар еді.

Қараоба деген де тақсіретті көп тартқан мекен екен. Ауылдан əріректе қарауыта шөгіп үлкен оба жатыр. Бұл жердің атауы сол обаның атымен аталған дейді екен бұрынғылар. Ол обада ақ гвардияшылар қылыштап қырып кеткен тұтас бір ауылдың адамдары жерленген дейді. Артынша, келген қызыл əскерлер тірі жан қалдырмай, түгел қидалап тастаған адамдарды бөліп жерлей алмай, тобықтан қан кешіп жүріп,  үлкен бір мола қазып, бəрін бірге жер қойнына тапсырыпты. Содан біразға дейін ешкім жүрегі дауалап, қоныс теппепті бұл маңға. Колхоздастыру кезінде ноғай руынан қырық шақты үй «Атамекеніміз» деп көшіп келіп, артель құрып, біраз тірлік жасапты.

Атышулы 1951 – қоян жылының жұты тағы да түбіне жетіпті бұл ауылдың. Малы да, жаны да қырылып, ашыққан ауылдың адамдары түгелге жуық күнелтіс іздеп іргелеріндегі Ресейге көшіп кеткен...

...Нарынан бермен қарай малды жайып, айдап шұбырған көштің соңы Талопкенің орыспен шектескен қиырына екі айға жақын жүріп жетті. Үлкен жолға қамығып аттанған ересектер бірте-бірте сабаларына түсіп, енді мына қарайған малды жолда шашып алмай, діттеген жерге аман-есен жеткізудің амалына кірісті.

Еркек қара аз, жұмыс қолы қат. Қолғабысқа жарайды-ау деген ер балаларды да осы көшке қосқан.

Ауылдан ұзап шығып көрмеген он екі-он үштегі жасөспірімдерге бəрі таңсық. Шаршауды білмейді. Атқа мініп, үздік-создық жайылған малды қайтарысып, бас-аяғын жинау оларға түк емес. Тоқтаған жерге қос тігіп, мосы құрып тамақ пісіру тіпті қызық. Далада ішкен тамақтың дəмі де бөлек болады екен. Осылайша маңыратып, мөңіретіп, кісінетіп, азан-қазан болып көштің соңы жинақталып болғанша қара күз түсіп, оқу басталып та кеткен еді.

Шыт-шыт жарылған беті-қолдары мен күс-күс табандарын жылы суға жібітіп, қаймақ жағып жазғандай болып, балалар мектепке барды.

Бірақ ол жылғы оқу оқу болған жоқ. Күн жауса, жұттан қалған мектептің шала-шарпы жабылған қамыс төбесінен жаңбыр бірге саулайды. Ондайда шұбырып үйге қайтады балалардың бəрі. Қыста тағы солай. Аштық пен ажалдың улы тырнағынан əзер аман қалған ел қал-қадерінше тырбанып жатты бірақ...

 

Д.Ғазезқызы,

ақын

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале