17.11.2021, 9:52
Оқылды: 152

Омыртқаға жасалған ота

Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде медицина саласын дамытуға ерекше ден қойылды. Әсіресе  нейрохирургия мен неврология саласы мамандарының қол  жеткізген жетістіктері көп. Бұрын бас, ми, жұлын аурулары мен мидағы ісіктерге ота тек шетелде жасалатын, қазір мұндай оталарды отандық дәрігерлер  өздері жасайды. Жуырда Орал қаласындағы облыстық көпбейінді  ауруханада омыртқа сегментінің ақауын түзету бойынша, нақтырақ айтсақ, омыртқа сақинасын  (дискісін) ауыстыру және омыртқааралық шеміршектерге жаңа әдіспен ота жасалды. 

2e4cc2ca-7274-47ef-a4ce-a30eca2c24e5

Омыртқа  –  адамның  қимыл-қозғалысын реттейтін маңызды мүшенің  бірі. Былайша айтқанда,  ол – бүкіл  ағзаны ұстап тұратын тірек.  Ал омыртқа  сақинасын  ауыстыру  -  өте  күрделі  ота.  Бұл отаны облыстық көпбейінді  аурухананың нейрохирург  дәрігерлері  – Ербол Есетов пен Бекежан Траисов  жасауда.

–  Облыстық  көпбейінді  ауруханада  әр  түрлі  патология  бойынша  адамның  бас  сүйегіне,  миына,  омырт­қасына,  яғни  мойын,  жұлын,  бел  омыртқаларына  күрделі  оталар  жасалуда. Омыртқаға  ота  жасағанда  шеміршектер  мен  сақинаны  ауыстырып, оның орнына  им­плант саламыз. Қисайған  омыртқаны  дұрыстап,  қысылып  қалған  жүйке  (нерв)  тамырларын  босатамыз.  Бұрын  омыртқаға  ота  белдің  тұсынан    жасасақ,  қазір  адамның  алдыңғы  жағынан,  яғни  кеуде  мен  іштің  тұсынан  да  жасаймыз. Емделушілер  ауруханаға  дертін  өршітіп,    дені  арбамен,  жүріс  арбасымен  (ходунокпен) келіп  жатады. Ал  отадан  кейін  таяққа  да  сүйенбей,  өз  аяғымен  кетеді.  Бұрын  дәстүрлі  ота  жасалғанда,  омыртқа  еттері  ысырылатын,  кей  жағдайда кесіліп,  сүйек  те  алынатын.  Қазір  омыртқааралық  сақиналардың  жарығына  жасалатын  оталар  шағын  инвазивтік,  арнайы  микрохирургиялық  құралдар  арқылы  іске  асады.  Жаңа  әдістемелер  неврологиялық  асқынулардың  алдын  алады.  Жасыратыны  жоқ,  осыдан  біраз  жыл  бұрын  науқастар  жарықты  (грыжа)  ота  арқылы  алып  тастаудан  тартынатын.  Себебі  оның  салдарынан  жүйке  (нерв)  жүйесіне  зақым  келіп,  түрлі  асқынулар  жиі  орын  алатын.  Қазір  ғылым  мен  технологияның  дамуының  арқасында  мұндай  оталар  бірқалыпқа  түсті,  аса  қорқынышты  емес.  Тіпті  науқас ота  жасалған  күні-ақ  аяғына  тұрып  кете  алады.  Лазерлік,  радиожиілік  арқылы  емдеу  қосылды.  Микрохирургиялық  жолмен,  эндоскопиялық  әдіс  арқылы  1-2  см  ғана  етті  кесіп, сол арқылы  түтікше  жібереміз. Ол  жарықты  бірнеше  есе  үлкейтіп  көрсетіп,  тар  жердегі  нақты  жарықты  дәл  табуға  мүмкіндік  бар.  Омыртқа  сақинасын  имплантаға  ауыстыру  технологиясы  да  жетілді.  Соның  арқасында  науқас  тез  сауығып  кетеді.  Биыл  облыста  20-дан  астам  науқастың омыртқасына  ота жасалды.  Жалпы  мұндай  оталар  еліміздегі  бірен-саран  медициналық  ауруханада  жасалады.  Омыртқа  патологиясына  шалдықпас  үшін  адамдар  физикалық  жаттығуларды  жиі  жасау  керек.  Бұлшық ет  кеудетартпасын  (корсет)  кигені  де  абзал.  Бір  орында  ұзақ  отыру  да  омыртқаға  зиян. Әсіресе қазір  тұрғындардың  дені  жұмыс  барысымен  күн  ұзаққа  компьютердің  алдында  отырады.  Мұндай  жұмыс  режімі  мойын  остеохондрозына,  жүре  пайда  болатын  омыртқааралық  сақина  жарығына  (грыжаға)  әкеліп  соғады.  Артық  салмақ  –  омыртқаға күш.  Дертке  көбіне  50-ден асқан  қыз-келіншектер  шал­дығады.  Ота  бес-алты  сағатқа  дейін  созылады.  Жұлын,  мойын,  бел  омыртқаларына  шағымданып  келгендер­дің  90  пайызын  негізі  консервативті  жолмен,  яғни  дәрі-дәрмек  арқылы  емдейміз.  Дерті  асқынып,  адам  өздігімен  жүріп-тұра  алмайтындай  жағдайда,  дәрімен  емдеу  мүмкін  болмаған  кезде  ғана  ота  жасалады, –  дейді  нейрохирург Бекежан  Траисов.

Омыртқаны нығайтуға арналған 4 жаттығу

Омыртқаның  қисаюы  бірінші  кезекте  қан  айналымына  кері  әсерін  тигізеді.  Бұдан  жасушаларға  қоректік  заттар  мен  оттегі  мөлшері  толыққанды  енбейді.  Танымал жапон емшісі  Кацудзо  Ниши «Денсаулықтың алтын ережелері»  деген кітабында омыртқа жотасының  дертін  емдеуге  көмектесетін  қысқа әрі қарапайым жаттығулар кешенін ұсынған.

Омыртқаға арналған «Ағаш  жапырағы» жаттығуы ми қан айна­лымын реттеуге көмектеседі. Омыртқаны  түзеп, қысылған көк тамырларды босатады.

1392358098

Жаттығу: екі табаныңызды еденнен көтермей, жамбасыңызға қарай жылжытып, аяқтарыңызды ақырындап бүгіңіз. Басыңызды еденнен көтеріп, қолыңызды тізеңізге қарай созыңыз, бірақ бел омыртқаңыз еденге тиіп тұратындай болсын. Саусақтарыңыз тізеңізге тигенде, осы қалыпта 1-2 минут тұра тұрыңыз. Өне бойыңызға тіршілік қуаты (энергиясы) құйылып жатқандай әсерге бөленіңіз. Кейін бастапқы қалыпқа қайтып, 1-2 минутқа денеңізді  толықтай  босаңсытыңыз.

Омыртқаға арналған  «Тал шыбық» жаттығуы арқаның ауруын басады және жүрек қызметін жақсартады. Бастапқы қалып: аяғыңызды бір-біріне параллель етіп, екі жаққа қойып тұрыңыз.

1392357798

Жаттығу:  саусақтарыңыз  сегізкөз  аймағында  тоғысатындай  екі  алақаныңызды  бүйрек  аймағына  қойыңыз.  Ақырындап  басыңызды  артқа  қарай  шалқайта  бастаңыз,  омыртқаңыз  бірте-бірте  бүгіле  бастайды.  Мүмкіндігіңіз  шегіне  жетті-ау  дегенде,  бүгілген  қалыпты  сақтап,  жай  ғана  қолдарыңызды  бос  жібере  салыңыз.  Денеңіз  талдың  шыбығындай  өз  бетінше  тербетіле  бастайды.  Қанша  шыдайсыз,  сонша  осы  қалыпты  сақтап  тұрыңыз.  Кейін  қолдарыңызды  қайта  беліңізге  қойып,  омыртқаңызды  бірте-бірте  жазып,  бастапқы  қалыпқа  келіңіз.

Омыртқаға арналған  «Садақтың  адырнасы» жаттығуы қан айналымын жақсартып, омыртқаны тұздан тазартады.

Бастапқы қалып:  тізерлеп  отырыңыз, қолдарыңызды төмен түсіріңіз.

1392357851

Жаттығу:  абайлап омыртқаңызбен артқа қарай бүгіліңіз, қолдарыңызбен екі  табаныңызды  ұстаңыз.  Осы  қалыпта  5  секундтан  кем  тұрмауға  тырысыңыз.  Бастапқы  қалыпқа  келіңіз. Жаттығуды  3-10  рет қайталау керек, аз-аздан қайталап, кейін уақытын ұлғайтып тұру қажет.

«Жүзім» жаттығуы омыртқаның  иілгіштігі мен қан айналымын жақсартады. Бастапқы қалып: аяқтарыңызды иық деңгейіне сәйкестендіріп ашып, тұрыңыз.  Денеңізді бос ұстаңыз.

1392357901

Жаттығу: омыртқаңыз иілгіш деп  елестетіп, қолыңызбен  бел аумағын  уқалаңыз. Кейін алға қарай екпінмен  иіліңіз,  бірақ  жұлқыну мен оқыс қимылдаудан  сақ  болыңыз.  Екпінмен, бірақ байсалды  түрде. Қолдарыңызды еденге тигізуге тырысыңыз. Тізеңізді  бүкпеңіз. Бастапқы қалыпқа келіңіз.

Омыртқаға арналған төрт жаттығуды күнде жасауға тырысыңыз.  Бұл жаттығулар көп уақытыңызды алмайды және омыртқаңыздың сау болуына септігін  тигізеді.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

[email protected]

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале