Дәл қазір «Қамқор» белсенді ұзақ өмір орталығының салтанатты ашылуы өтуде.
Орталықтың ашылуына қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Исатай Джазықбаев, белсенді ұзақ өмір орталығының қызметкерлері және қызмет алушылары қатысуда.
– Бүгін қалада белсенді ұзақ өмір орталығы ашылуда. Зейнеткерлерге арналған орталық бірнеше бағытта жұмыс істейді. Мекемені бір жыл ішінде жобалап, даярладық. Бүгін шаһардағы алғашқы орталық бір жағынан жоба ретінде ашылуда. Алдағы уақытта қалада осындай орталықтарды көбейтетін боламыз. Орталық келушілерге өзінің бірнеше қызметтерін ұсынады. Белсенді ұзақ өмір орталығының ашылуымен құттықтаймын, - деді Мирболат Сағынғалиұлы.
Орталық аға буын өкілдерін қоғамның мәдени өміріне тарта отырып, оларды қолдау, дене шынықтыру мен спортқа, қызықты сабақтарға және ерікті қызметке тарту мақсатында жұмыс жасайды. Белсенді ұзақ өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.
Зейнеткерлік жастағы азаматтардың ішкі шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында жағдайлар жасайды.
Сонымен қатар орталық спорттық, сауықтыру объектілерін пайдалану және әлеуметтік туризмді дамыту арқылы зейнет жасындағы адамдардың бос уақытын тиімді ұйымдастырады.
Онда зейнет жасындағы жандарға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық бағытында қызметтер көрсетіледі.
Айта кетейік, барлық қызметтер тегін ұсынылады. Белсенді ұзақ өмір орталығы Ғабдолла Тоқай көшесі, 39-үйде орналасқан.
Гүлмира Сансызбайқызы,
Суреттерді түсірген автор
zhaikpress.kz