25.06.2020, 21:38
Оқылды: 405

Президент тіл мәселесінде немқұрайлылық танытпау қажеттігін баса айтты

10489457

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың  республикалық «Ана тілі» газетінде көлемді сұхбаты шықты.  Бұл сұхбатты әр қазақ қана емес, Қазақ елінің әр азаматы оқуға тиіс. Мақала дәл қазіргі жағдайда келелі мәселелерді көтеруімен құнды деп ойлаймын. Тақырыбының өзі соны айқақтап тұрғандай.

Қазақстан халқына арналған  алғашқы Жолдауында қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту мәселесіне ерекше тоқталған ел Президенті мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін  қандай қадамдар жасалуы қажет деген сұрағына берген жауабы аясында көтерген мәселелерге тоқталып өтсем...

«Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні  мен маңызы бар.  Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайлылық танытатын болсақ,  мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» екендігін баса айтты. Мемлекеттік тілді дамыту  ісін айтқанда, Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтірді. Өзбектердің саясатқа құмар еместігін, олардың еңбек еткенді құптайтынын, көшеге шығып, шерулетпей-ақ, жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатқанын тілге тиек етті. Өте орынды пікір. Өзбекстанның мемлекеттік органдарында әлі күнге дейін орыс тілі қолданылатындығына таңғалатынын да жасырмады. Бұл ұлттың қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық бергенін де айтып өтті. Қазіргі жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеуде үлгі аларлық  қадам екені дұрыс. Өз тілін менсінбей, өзге тілде сөйлеуге құмар, соны дәреже көретін жастарға сол ұлттай өз тіліне деген асқан құрметті сезінуде де үлгі алуы тиіс деп ойлаймын. Ащы да болса шындық, бір мысал келтіріп өтсем, 2018 жылы шетелдік тағылымдама аясында Корея елінде болғам. Оңтүстік Кореяның Ханкук шет тілдер университетінде тағылымдамадан өту барысында қазақ тілін таңдаған студенттердің біразымен әңгімелескем. Қазақ тілін үйренудегі мақсаттары болашақта қазақ-корей байланыстары аясында бизнес саласында не басқа да халықаралық байланыс саласында  қызметтерді атқаруда тілді білу қажеттігін ұғынғандықтан таңдап отырғандарын айтқан. Осы тіл үйренушілер академиялық білім алмасу аясында Қазақстанға кеп семестрлік оқуларын жалғастырған. Сондағы корейлік студенттердің қойған сұрағы:  «Неге сіздің елде жастар өз тілінде сөйлемейді?». Ойланарлық сұрақ... Қазақ тілін үйреніп жатқан шетелдік студенттер таңғалысын жасырмай, ашық айтты. Ал өзбек тілін таңдаған студенттердің әуежайға кіргеннен-ақ  ана тіліне деген құрметі бірден сезіліп тұратынын жеткізген болатын. Тіл мәселесіне келгенде, қажеттіліктен бұрын, жастардың санасына ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, ана тілін құрметтеуге тәрбиелеуге басымдық беру қажет деп ойлаймын. Қажеттіліктен жүз тіл меңгерсе де өз еркі, алдымен  ана тілін  білуі міндетті.

Президент мемлекеттік тілдің деңгейін көтеру аясында нақты ұсыныстарды атап өтті. «Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн» деп атап өтіп, мемлекеттік қызметте, лауазымдық орындарға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса,  қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек екенін жеткізді. Үлгі боларлықтай ондай жастарымыз да бар екенін жасырмау керек. «Болашақпен» бітіріп, шетел асып, тәжірибе жинақтап келген жас мамандар арасында қазақ тілінде еркін сөйлеп, пікір алмасып, өз ойын дұрыс жеткізетін жастардың ісіне де, сөзіне де сүйсініп отыратындай болсақ...

Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдаудың қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектесетін де айтып өтті. Бұл бұрыннан бар тәжірибедегі үрдіс деп ойлаймын.

Қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық таныту ұсынысы орынды, бұл жағдайда да  шегі болу керек деген ойдамын. Қазақ тілін шын ниетімен үйренуге талпынған әрбір жас, қазақ тілінің әдеби тіл нормасын да, әдемілігін де сақтауға талпыну қажет деп есептеймін.

Ел Президентінің телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажеттігін айтуы, бүгінгі таңдағы өзекті проблеманы көтергенінің нақты айғағы. Телеарналарда қаптап кеткен арзан ойын-сауыққа құрылған бағдарламаларды азайту қажеттігі аясында айтылған ойын Президент «арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағамыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет»  деп білдірді. Статистикаға сүйенсек, пандемия кезінде телеарналарды қараудың пайыздық көрсеткішінің артқаны белгілі. Осындай кезеңде телеарнаға телмірген көрерменнің мазмұнды, мәнді, мағыналалы дүниелерді күтетіні сөзсіз.

Президентіміздің  мектептердің бастауыш сыныптарда қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс, ағылшын тілін балабақшадан да емес, бастауыш сыныптан да емес, 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізу қажеттігі туралы ойын қолдаушы жандардың бірімін. Ана тіліне уызы жарымаған баланы үш тілді меңгертудің пайда емес, зиян екенін көз жеткізу қиын емес. Жасыратыны жоқ, бастауыш сынып оқушысының қазақ тіліндегі мәтінді түсінгенін айтуда қалай қиналатынын көріп те жүрміз.

Жоғары оқу орындарында да, жалпы барлық білім беру ұйымдарында да «көп тілді білім беру» мәселесінде ойланарлық мәселе екені даусыз. Көп тілді топтарда, мәселен, пәндердің пайыздық көрсеткішін ескеріп, санаулы пәндердің өзге тілдерде оқытылғаны баршаға мәлім. Бұл жерде білім беруші де, білім алушы тұлға да толық дайын ба деген сұрақ туады. Өз пәнім бойынша дәріс оқып, өзге ұлттарға қазақ әдебиетін, керемет бай әдеби мұрамызды таныстыру, талдау мақсатында ағылшын тілін еркін меңгергім келеді. Сол мақсатта аз да болса талпыныс жасаудамын. «Көп тілді білім беруде» жаратылыстану бағыты бойынша жүзеге асып, тіл мен әдебиетті оқытатын гуманитарлық, қоғамдық пәндерді өзге тілде оқытуды орынсыз деп санаймын. Қазақ әдебиетінен қазақ студенттеріне ағылшын тілінде дәріс оқып, сабақ беру қисынсыз нәрсе. Әдебиеттің ұлтқа қызмет атқаратынын қашанда ұмытпауымыз қажет.

                                                                              Рита Сұлтанғалиева,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале