20.07.2022, 16:00
Оқылды: 995

Сатимола кен орны: базаршоландықтар не ұтады?

Кеше Ақжайық ауданы Базаршолан ауылы мәдениет үйінде «SRPM Resources Ltd.» жеке компаниясы жариялаған Сатимола кен орнының қоршаған ортаға әсерін бағалауға экологиялық рұқсатты алу үшін қоғамдық тыңдау өтті.

image-20-07-22-09-14-36

Қоғамдық тыңдау ашық жиналыс түрінде өтті. Оған Базаршолан ауылдық округі тұрғындары, Тайпақ ауылдық округі және Сарытоғай ауылдық округі Жанама ауылының әкімдері мен өкілдері қатысты.

image-20-07-22-09-14-32

Қоғамдық тыңдаудың күн тәртібіне сәйкес эколог Ниетова Патиманың Сатимола кен орнының қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы баяндамасы тыңдалды. Қоғамдық тыңдауға қатысушылар жобаны іске асырудың ауыл және оның тұрғындары үшін пайдалы және зиянды жақтары туралы сұрақтар қойып, «SRPM Resources Ltd.» компаниясының құрылтайшысы мен өкілдері сұрақтарға жауап берді.

image-20-07-22-09-14-5

Жергілікті халықты ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері ерекше алаңдатады. Компанияның құрылтайшысы Денис Черкашин компанияның әлеуметтік жауапкершілік аясында өз мойнына алған міндеттемелері туралы толығырақ айтып берді.

- Компания Орал өзені арқылы өтетін пантон көпірі құрылысын, ұялы байланыс және интернет мұнарасы құрылысын, Индер – Сатимола – Шалқар – Орал темір жолы құрылысын, Сатимола кен орны мен жақын маңдағы ауылдық округтердің аумағында грейдерді жайластыруды және автожолдарды күтіп ұстауды жоспарлауда. Сонымен қатар компания халықты жұмыспен қамту мақсатында жергілікті тұрғындар қатарынан кадрларды оқыту және даярлау үшін Тайпақ колледжінің қызметін жаңғыртуды жоспарлап отыр, - деп атап өтті Денис Черкашин.

image-20-07-22-09-14-15

Жібек апайдың Базаршолан ауылында тұрғанына 43 жыл болған. Кезінде ауылды сумен қамтып отырған елді мекеннің Баянтөбе деген жерінде тұрады. 90-шы жылдардағы тоқырау кезінде су құбыры мекемесі де жабылған. Бұрын 28 үй болса, қазір дағдарыс жылдары көшіп кеткен тұрғындардан 10 үй қалған.

- Бүгін қоғамдық тыңдауға келдім. Не жаңалық, не өзгеріс бар екенін көппен бірге тыңдайын, өз құлағыммен естиін деп келдім. Ең қиын мәселе жол мәселесі, қыста, көктемгі-күзгі уақытта тіпті қиын. Тұйыққа тіреліп отырмыз десек болады. Халықтың басым көпшілігі көшіп кетті, тең жартысы жұмыс іздеп, басқа қалаларға, Атырауға кетті, айдалада жұмыс жасап жүр. Ауылдың түбінде жұмыс орны ашылса жақсы емес пе? Өз отбасының қасында, лайықты дәрежеде жалақысын алып, тұрақты жұмысын жасаса жақсы деп ойлаймын. Қазіргі заманға сай жастар жақсы өмір сүргісі, балаларын өсіргісі, әдемі демалыс орындарында демалып, әлеуметтік жағдайларын жақсартқысы келеді. Бізге, зейнеткерлерге ештеңенің керегі жоқ. Барлық жағдай жасалса, халыққа пайдасы тисе, осы жобаның ашылуына қарсы емеспіз. Мен қолдаймын, - деді ауыл тұрғындарының түйткілді мәселелерін жеткізген, жобаны қолдайтынын білдірген Жібек апай.

image-20-07-22-09-14-4

- Бүгін Базаршолан ауылында Сатимола кен орнының ашылуына орай өткізілетін қоғамдық тыңдауларға келдік. Өзіммен бірге ауылымыздан ардагерлер кеңесінің мүшесі, жергілікті қоғамдастық өкілі де бар. Жанама ауылы шамамен ашылатын Сатимола кен орнынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Кен орны ашылып, іске қосылған жағдайда тұрғындардың жобадан күтер үміті көп. Біріншіден, жоба жұмыссыздық мәселесін шешеді деп есептеймін. Біздің округте ресми түрде 77 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде әртүрлі мамандық иелері де бар. Жоба жұмыссыздарды кезегімен жұмыспен қамтиды деп ойлаймыз. Екіншіден, ауданның, облыстың бюджетіне ірі салық төлеуші ретінде де берері мол деп санаймын. Үшіншіден, компания Базаршоланнан қалқымалы көпір салуды, интернет желісін тартуды жоспарлап отыр. Осының барлығы ауыл тұрғындары үшін үлкен жетістік болары сөзсіз. Компания мамандары айтып өткеніндей жобаның болашағы зор, біраз жылдарға есептелген. Біздер де зор үміт артып отырмыз, - деді Сарытоғай ауылдық округі Жанама ауылының әкімі Абзал Жәрдемұлы.

image-20-07-22-09-14-21

Сатимола кен орны Тайпақ, Базаршолан және Жанама ауылдарына жақын орналасқандықтан жобаның жүзеге асырылуы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға зор үлес қосары анық. Калий тұздарын өндіруді жоспарлаған «SRPM Resources Ltd.» компаниясы болса тек өндірісті жолға қойып қана қоймай, кен орны маңындағы ауылдардың жол, жұмыссыздық, байланыс пен интернетке қатысты мәселелерін шешуді және өндіріске қажетті мамандарды оқыту мен дайындауды қолға алуды жоспарлауда. Облысқа инвестиция тартудың өзі күрделі мәселелердің бірі, ал жобаға қызығушылық танытып келген инвестор компания жергілікті халықтың өзекті мәселелерін шешуді өз міндетіне алып, сол міндеттемелерді бұлжытпай орындаса, бұл мемлекет пен жеке бизнестің ел игілігі үшін атқарған еңбегінің көрнекті үлгісі болады деп сенеміз.

Анықтама:

Сатимола кен орны - БҚО Тайпақ ауданында, Атырау темір жол стансасынан солтүстік-шығысқа қарай 270 км, Орал темір жол стансасынан оңтүстікке қарай 320 км жерде орналасқан. Құрылымдық-тектоникалық тұрғыдан кен орны Каспий маңы синеклизіне жатады, Сатимола - тұз күмбезі.

Альфия Шамаева, 

zhaikpress.kz

Фотоны түсірген: Гүлмира Сәрсенғалиева

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале