19.03.2021, 22:27
Оқылды: 360

Тәжірибелерімен бөлісті

Өткен бейсенбі күні Салтанат сарайында Орал қалалық мәслихатының VII шақырылым депутаттарының  алдыңғы шақырылым депутаттарымен кездесуі өтті. Кездесуде Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, алдыңғы шақырылымның мәслихат депутаттарына қаланың дамуына қосқан еңбектері үшін алғысын білдірді.  

E142EA1E-AE76-44E5-8E88-FC8B3BBC407E

-Елімізде 1994 жылғы 7 наурызда бірінші шақырылымның жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау өтті. Бұл, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті сайлау болды. Атап өту керек, бірінші шақырылымдағы депутаттардың жұмысы ұлттық бағдарламаны мемлекет иелігінен алу, жекешелендіруді жүзеге асыру және жаңа тәуелсіз мемлекетті құру кезеңінде өтті. Тоқсаныншы жылдары эконимиканы және әлеуметтік саланы қайта құру кезінде көп қиындықтар, мәселелер туындады. Депутаттар инфляцияның өсуін, өндірістің төмендеуін үнемі назарларында ұстап отырды. Халық арасында тынышсыздық, толқулар, ертеңгі күнге алаңдаушылық байқалды. Осындай қиын шақта жаңа өкілетті органдардың депутаттары  жұртшылықты бірлікке, ынтымақтастыққа шақырып, сабырлылық пен шыдамдылықтың үлгісін көрсетті. Бірінші шақырылымның депутаттарының біразы келесі шақырылымға сайланды. Өзім 5-шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Сол кезде сіздермен қоян-қолтық, бірлесе қызмет істеп, Орал қаласының өркендеуі жолында бірқатар жұмыстарды атқарғанымызды зор ризашылықпен еске аламын, – деді ол.

Дөңгелек үстел басындағы жиын барысында Орал қалалық мәслихатының хатшысы Есентай Қалиев құттықтау сөз сөйледі. Бұдан соң алдыңғы шақырылған Орал қалалық мәслихаттарының депутаттары Павел Кочетков, Борис Чебаков, Мақсот Берген, Семен Кустанович, Шалқыма Құрманалина, Қайдар Қапанов, Александр Потиченко, Зинатолла Халилов, Валентина Михно, Аққали Әубекеров және көршілес Атырау облысында ұзақ жыл қалалық  мәслихаттың депутаты болған  Уайс Бисенұлы сол кезеңдегі қабылдаған бағдарламаларды, олардың жүзеге асуына бақылау жүргізу, құрылысқа және күрделі жөндеу нысандарына бөлінген бюджет тағы да басқа үлкен қиындықтармен жүзеге асқан іс-шаралар туралы баян етті. Олар тәуелсіздік алғаннан бері елдің дамуы үшін аянбай қызмет істеген депутаттардың алдында бейбітшілік, этносаралық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету басты мақсат болғандығын айтты. Кездесуде, сондай-ақ белгілі бір жұмыс дағдыларын иеленген алдыңғы шақырылымда сайланған депутаттар VII шақырылымдағы қалалық мәслихаттың жас депутаттарына естеліктерін айтып, іс-тәжірибелерімен бөлісті. Танымал әншілер халық әндерін және қазақ-кеңес композиторларының әндерін шырқап, кездесудің шырайын арттыра түсті. Жиын соңында VII шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттары алдыңғы шақырылымда сайланған депутатарға естелік сыйлықтарын табыс етті.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале