11.09.2026, 14:30
Оқылды: 13

Тоқсанның төріне – тағылыммен

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаев ауылында тұратын Күлпаш әже жүрген жерінде көкөрімдерге білім  алып, білмегенін үйреніп, ел-жұртқа пайдасы тиер азамат болу керек екенін үнемі айтып отырады. Тоқсанның төріне таяған кейуананың өзі де әлі күнге ізденуден, үйренуден жалыққан  емес.  Қолынан тоқымасы түспейді, әдеби кітапты немерелерімен таласа оқиды, жүн түтіп, көрпе жасайды.  Өмірден көргені мен түйгені мол әже ұлы Мәліктің қолында тұрады.  Мектепте мұғалім болып еңбек ететін келіні Бибігүл де үлкен кісінің бабын тауып, батасын алып, құрақ ұшып жүргені. Күлпаш әже жастайынан бірге жүрген отбасылық дос-жаранымен әлі де араласады, қонақ шақырып, ағайын-туыстың басын қосады. Ақ жаулықты әженің шаңырағының шырайын кіргізіп  тұрғаны да – осы қарапайым қалпы мен кең пейілі.

Күлпаш әже

Күлпаш Қуанқызы 1936 жылғы 15 қыркүйекте Атырау облысының Новобогат ауданындағы Орпа ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Отбасындағы бес ұлдың арасында еркелеп өскен қыздың тағдыры сынаққа толы болды. Әкесінен сегіз айлығында, анасынан 22 жасында айырылды. Дегенмен ағалары қарындасын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Сондықтан Күлпаш апа өзін жетім  өстім  деп  есептемейді.

– Біз Бекет атаның кенже қарындасы Ақмаңдайдың тұңғышынан өрген ұрпақпыз. Нарын құмда тұрдық. Кеңестік кезеңде көп нәрсе айтылмады, заманға қарай енді айтылып жатыр. Менің атам 1836 жылы туған екен. Мен дүниеге келгенде менің атымды қойып, жүз жасқа жетіп, дүниеден өтіпті. Әкем қайтыс боларында ағаларыма: «Менің жарты жүрегім ғой, маңдайынан шертуші болмаңдар. Тірі жүрсем, жібектен басқа ештеңе кигізбеспін деуші едім», – деп мені аманаттапты. Ағаларым әкемнің соңғы тілегін орындады. Әкем болмаса да, жетімдік көрмедім, – деп өткенін еске алады Күлпаш Қуанқызы.

Соғыс жылдарында тырнақтай қыз ауылдың қара жұмысына ерте араласты. Бұзау бақты, шөмеле салуға көмектесті. Кешкілік жүннен қолғап, шұлық тоқитын. Заманның ауыртпалығы балалықтың қызығынан айырды.

1954 жылы мектеп бітірген соң, құрбысы Әуез екеуі Ақтөбедегі педагогикалық институтқа оқуға барады. Алайда тағдырдың басқа жоспары бар екен.

– Бізбен бірге барған жеті қыз оқуға түсе алмай, пойызбен кері қайтқалы тұрған.

Әуез екеуміз оларды қимай, жолға шығарып салуға барғанбыз. Бір кезде  әскери теңізшінің киімін киген бір адамның пойыздан түсіп келе жатқанын көрдім. Сөйтсем, әскерден ауылға демалысқа келе жатқан ортаншы ағам Мағаз екен. Мені көріп құшақтап, сүйіп: «Жүдеп кетіпсің. Мұнда сені неге жалғыз жіберген? Қыз балаға далада оқу қиын», – деп ауылға кері алып келді. Құжаттарым институтта қалды. Үлкен ағам Батырқайыр Алматыда оқитын. Ауылдағы басқа ағатайларым да сағынып қалыпты. Содан не керек, оқуға жібермеді, – дейді Күлпаш Мұхтарова жастық шағын еске алып.

Арада бір жыл өткен соң Күлпаш Қуанқызының өмірінде үлкен өзгеріс болды. 1955 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын орман шаруашылығы инженері мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман Қабды Мұхтаров Оралға қызметке жіберіледі. Қартайған атаанасы ұлының қасына көшіп баруға ниетті болмай, оған өздерінің тілегін білдіреді.

– «Қуанның үйіндегі баланы келін қылып әкелмесең, біз ешқайда сенімен бірге көшпейміз», – деп шарт қойыпты. Олар мені сырттай байқап жүрген екен. Бірде құрбым Рахиманың үйіне барсам, қараторы жігіт отыр. Дастарқанда бірге отырып, шай іштік. Менің жігітпен шаруам жоқ. Ұлдардың ортасында өстім ғой. Кейін білдім, Рахима оның нағашы қарындасы екен. Маған ыңғайын тауып сөз салды. «Әкем болмағанмен, ағаларым бар. Қазір тұрмысқа шығатын ойым жоқ», – деп ат-тонымды ала қаштым. Бірақ  ол райынан қайтпады. Аға-жеңгелерім де қарсы болмады. Қабды «Үйленген соң өзім оқытамын» деп уәдесін берді.  Бұйырмыс қой, 1955 жылдың 7 қарашасында үйлендік. Мен ол кезде 19 жаста едім, – деп еске алған Күлпаш ананың жанарына нұр  ойнап  шыға  келді.

Қабды Мұхтарұлы да Күлпаш апаның ауылдасы болатын. Жас маманды Шыңғырлау ауданына қызметке жолдайды. Алайда оның ата-анасы ол жаққа көшуді қаламайды. Сөйтіп, отбасы Көшімге қоныс аударады. Қабды аға орман шаруашылығы мекемесінде директор болып қызмет атқарады. Ол ауылда орыстар мен татарлар көп тұратын. Жас келіннің жаңа ортаға бейімделуіне де осы жердегі көршілерінің көп көмегі тиеді.

– Ата-енем ауыратын. Отағасы: «Әке-шешеміздің қойдың жасындай жасы қалды. Бағайық. Тірі тұрсам, сені оқыған кісіден кем қылмаймын. Өзім үйретемін, өзім тәрбиелеймін», – деді. Адамға деген құрметі ерекше, көргенді жан еді. Мені де қатарымнан қалдырмады, қоғамға бағыттап  тәрбиеледі. Осылайша үлкен кісілерді күтіп, баталарын алдым, – дейді Күлпаш Мұхтарова.

Қабды Мұхтарұлы кейін Орал, Калёный орман шаруашылығы мекемелерінде басшылық қызметтер атқарды. Күлпаш Қуанқызы 1962-1967 жылдары Калёный орман шаруашылығында орман шебері болып еңбек етті. «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген баталы сөз бар. Жас жұбайлардың шаңырағы көп ұзамай қонақтан арылмайтын қарашаңыраққа айналды. Қара жолдың бойындағы жас отбасының үйіне ел ағалары мен алыстан келген жолаушылар жиі  түсетін.

– «Күліп берген қара су балдан да тәтті» демекші, қонақ ең алдымен үй иесінің пейіліне қарайды. Өңірге танымал ел ағалары Кенжебай Меңдәлиев, Төлеген Жұмақаев сынды азаматтар шаңырағымыздан талай дәм татты. «Қырықтың бірі – Қыдыр» дегендей, сол қонақтардың ақ батасы қабыл болып, тоқсанның төріне аман-есен жетіп отырғаным содан шығар, – деді шүкірін аузынан тастамайтын  кейіпкерім.

Күлпаш Қуанқызы өзі де өмірден үйренуден жалықпады. «Оң жақта жүргенімде екі жеңгем – әкемнің екі інісінің әйелдері, өзімнің туған екі жеңгем үй шаруасына көп араластырмады. Кейін бір отбасының шаруасын дөңгелетіп алып кету керек болды. Көрші орыс келіншектерінен тосап қайнатуды, банкі жабуды, бөлке пісіруді үйрендім. Бақша салуға бірге бардым. Тайпақта тұрғанымда да балалармен бірге бақшада жүретінмін. Адам баласы ештеңені іштен біліп тумайды. Ниет болса, барлық шаруаны үйреніп, істеуге болады. Жақсы адамдар өмірімде көп кездесті. Азаматымның арқасында жер көрдім, ортаммен сыйластым. «Көргенсіз дегенге қорланба, тексіз дегенге қорлан» деп тегіннен-тегін айтпаған ғой. Жасымыз тоқсанның төріне беттегенмен, әлі күнге білмегенімізді үйреніп, сұрап отырамыз», – дейді Күлпаш әже.

1967 жылы Қабды Мұхтарұлы Тайпақ аудандық орман шаруашылығы мекемесінің директоры болып тағайындалып, отбасы Калмыков ауылына көшіп барады. Күлпаш Қуанқызы 1968-1987 жылдары Тайпақ орман шаруашылығында орман технигі, есепші болып еңбек етті. Тайпақтықтар ерлі-зайыпты Мұхтаровтарды Қыз Жібек пен Төлегенге теңейтін. Екеуінің бірбіріне деген сыйластығы мен құрметі сырт көзге де анық байқалатын. Қабды Мұхтарұлы орман шаруашылығына басшылық еткен жылдары орманшыларға үй салдырып, құдық қаздырды. Елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған талай игі іске мұрындық болды. Ал Күлпаш Қуанқызы көпбалалы ана ретінде елу жасында зейнеткерлікке шықты. Еңбегі еленіп, Күміс және Алтын алқа иегері атанды. Ұзақ жыл бойы орман шаруашылығы саласында еңбек еткені үшін «Орман шаруашылығының мінсіз қызметкері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60, 70, 75, 80 жылдығына арналған мерекелік медальдарды иеленді. Тыл және еңбек ардагері атанды.

Тағдыр Күлпаш әжеге он ұл-қызды дүниеге әкелуді жазды. Тайпақта тұрған жылдары екі ұлы жастайынан шетінеп кетті. Қабды аға екеуі перзенттерін азамат етіп өсіріп тәрбиеледі, білім алуына жағдай жасады. Бір кездері ақ келін, ақ жеңге атанған Күлпаш әже алты немере, алты жиенінен жиырма шөбере сүйіп отыр. Ұл-қыздары жоғары білім алып, елге қызмет етіп жүр.  Тұңғышы Роза – өңірге танымал гинеколог, биыл 70 жасқа толады. Серік – әскери қызметкер, Райса – педиатр, денсаулық сақтау саласында жауапты қызметтер атқарған маман. Ал Жанна – провизор, Мәлік – орман шаруашылығы инженері, Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінде ұзақ жыл басшы, облыстық мәслихаттың депутаты болды. Сәуле мен Света есеп саласының мамандары, Рита – медбике. Әсілі әрбір ата-ананың тілегі – ұрпағының қызығын көру. Осы тұрғыдан алғанда, Күлпаш Мұхтарова – бақытты ана. Бір әулеттің ғана емес, ауылдың ақылман анасына айналған кейуана  балаларының, немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр.

5f3bdd05-d8b0-4cdb-8905-673c90c30819

Тоқсан жыл ғұмыр – бір адамның ғана өмірі емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі іспеттес. Күлпаш Қуанқызы ашаршылықтың, жоқшылықтың, соғыстың ауыртпалығын көрді. Бірақ қиыншылықтар оның жігерін жасыта алмады. Еңбектенді, бала өсірді, үлкенге қызмет етті, ұрпағын білімге үндеді. – «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген ақ тілегімнің қабыл болғанына шүкір етемін. Қазір бейнетімнің зейнетін көріп отырмын, – деп күлімсірей сөйледі тоқсанның төріне тағылыммен жеткен ақ жаулықты  Күлпаш  әже.

Мұндай сүйегі асыл үлкендердің әр сөзі – кейінгі ұрпаққа аманат.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале