ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, Орал қаласында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5517 әскери бөлімінің аумағында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны аясында алғашқы жас сарбаздарды әскери қызмет өткеруге шығарып салу рәсімі өтті.

Фото: «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Бұл іс-шара Батыс Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Әскери қызметке шақырылған жас азаматтар медициналық куәландырудан, кәсіби-психологиялық іріктеуден және қолданыстағы заңнамада көзделген барлық қажетті рәсімнен өтті. Белгіленген іс-шаралар аяқталғаннан кейін шақырылушылар әрі қарай әскери қызмет өткеру үшін Астана қаласындағы Ұлттық ұланның №5573 әскери бөліміне аттанды.

Жас сарбаздар үшін бұл күн – өмірлеріндегі маңызды кезеңнің бастауы, өйткені бұл жерде олар Отан алдындағы борышын өтеумен қатар әскери тәртіп пен жауапкершілікті меңгеріп, жауынгерлік даярлық дағдыларын жетілдіріп, жолдастық пен өзара көмек құндылықтарын қалыптастырады.
Шығарып салу рәсімінде жас сарбаздың анасы Лейла Колбесенова отбасылары үшін бүгінгі күннің ерекше әрі толқынысқа толы екенін айтып, баласының әскери қызметке аттанып бара жатқанын, анасы ретінде алаңдайтынын, сонымен бірге әскери қызмет әрбір жас азаматтың өміріндегі аса маңызды кезең екенін жеткізді.

Жас сарбаздарды ата-аналары мен жақындары ақжолтай тілектерін айтып, ақ батасын беріп, шығарып салды және оларға Отан алдындағы азаматтық борыштарын абыроймен атқарып, дендеріне саулық, қызметтеріне сәттілік пен амандық тіледі.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан қатарына мерзімді әскери қызметке азаматтарды шақырудың күзгі науқаны әрі қарай жалғасуда.