11.09.2026, 15:15
Оқылды: 8

Жәнібек ауданында «Бір шаңырақ – екі дәуір» атты тағылымды кездесу өтті

Отбасы күні қарсаңында осы құндылықтарды дәріптеп, өмір жолы кейінгі буынға өнеге болар отбасылардың тағылымын жастарға таныту мақсатында Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Бір шаңырақ – екі дәуір» атты тағылымды кездесу кеші өтті.

image-11-09-26-10-11 (3)
Отбасы құндылығын ұлықтаған басқосуды аудандық Жастар орталығы, Аналар кеңесі, аудандық орталық кітапхана жүйесі, Отбасы қолдау орталығы және Демалыс орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Шара барысында бір шаңырақ астындағы татулық пен түсіністіктің, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықтың, ата-ана мен бала арасындағы байланыстың, ене мен келін жарасымының, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің мәні кеңінен сөз болды. Кешке ауданға белгілі өнегелі отбасылар, жас отбасылар, жастар, қыз-келіншектер мен аға буын өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Кеш тізгінін ардагер ұстаз, Аналар кеңесінің төрайымы Гүлнәр Хайырлиева ұстап, тағылымды кештің мазмұнын байыпты әңгімесімен өрнектеді. Ол отбасының адам өміріндегі орнына тоқталып, бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты екі буынның тәжірибесін тоғыстырып, жастарға өмірден өткен ақыл-кеңесті жеткізу екенін атап өтті.
«Бір шаңырақ – екі дәуір» деген атаудың өзінде үлкен мән бар. Өйткені заман өзгеріп, қоғам жаңарғанымен, отбасының негізін құрайтын құндылықтар өзгермек емес. Сыйластық, сенім, сабыр, жауапкершілік пен мейірім қай дәуірдің де берік тірегі.
Кештің қадірлі қонақтарының бірі биыл отбасылық өмірлерінің 50 жылдығын атап өтетін Нұрман мен Мақпал Түменовтер әулеті болды. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы бір-біріне сүйеу болып, өмірдің талай белесін бірге еңсерген ерлі-зайыптылардың тағдыры кейінгі буынға үлгі. Олар үшін отбасы тек бірге өмір сүру емес, бір-бірінің қуанышын бөлісу, қиындықта қолдау көрсету, бала тәрбиесіне бірге жауап беру, жылдар өткен сайын бір-бірін бағалай білу. Нұрман Түменов өз сөзінде:
– Қиындықсыз өмір болмайды. Жақсылық та, қиындық та қатар жүреді. Ең бастысы екі адамның бір-бірін сыйлауы, түсінуі, бір-біріне сүйенуі. Елу жыл деген аз уақыт емес, жарты ғасыр. Осы жылдардың ішінде талай нәрсені көрдік. Балаларымызды оқыттық, тәрбиеледік. Бүгінде немере, шөбере сүйіп отырмыз. Жастарға айтарым қандай жағдай болса да, сабыр сақтап, бір-біріңізді қадірлей біліңіздер, – деді ол. Ал Мақпал Түменова отбасы өмірінде әйел адамның орны ерекше екенін айтып, жылдар бойы жарына қолдау көрсетіп, отбасындағы жылылықты сақтаудың маңызын атап өтті. Осылайша Түменовтер әулетінің жарты ғасырға жуық бірге өрілген өмір жолы жастарға үлкен ой салды.
Кеш барысында Ақоба ауылынан арнайы шақырылған Мұхтар мен Әмина Бисенғалиевтер отбасы да өздерінің отбасылық тарихымен бөлісті. 38 жылға жуық ғұмырын ұстаздыққа арнаған Мұхтар Бисенғалиев үшін отбасы ұғымы туған жермен, ата-әже тәрбиесімен, ұлттық құндылықтармен сабақтас. Ол ең алдымен осындай тағылымды шараны ұйымдастырып, ауылдан арнайы шақырып, қадірлі қонақ ретінде құрмет көрсеткен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
– Осындай шараның ұйымдастырылып жатқанына өте ризамын. Мұнда ағаларымыз, аналарымыз, жеңгелеріміз, қарындастарымыз, інілеріміз, қыздарымыз, балаларымыз, бауырларымыз отыр. Бізді ауылдық жерден арнайы шақырып, қадірлі қонақ ретінде құрмет көрсетіп жатқандарыңыздың өзі – үлкен сый. Осындай басқосуды ұйымдастырған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді ол. Мұхтар аға өз сөзінде бұл кештің «Бір шаңырақ – екі дәуір» деп аталуының да өзіндік мәні бар екенін айтып, өзінің отбасылық өмірі Нұрман ағайдың тағдырымен үндес екенін жеткізді.
– Нұрман ағаның отбасылық өміріне 50 жыл толып отырса, біздің шаңырақ көтергенімізге биыл 45 жыл болды. Осы жылдар ішінде талай белесті бірге өткердік. Мен өзім Ақоба елді мекенінде дүниеге келдім. Сол жерде өсіп, сол елдің тәрбиесін көрдім. Әкем мен анам туған жерімізді, ел-жұртымызды үнемі мақтан тұтатын. Кейін өзім сол мектепте еңбек етіп, бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеген кезде де, өз жанұяма тәрбие бергенде де ата-анамнан көрген өнегені негізге алдым, – деді Мұхтар Бисенғалиев. Оның айтуынша, өзінің өміріндегі ең үлкен тәрбие мектебі – әжесі.
– Мен өзім әжемнің қолында тәрбиелендім. Қазақта баланың үлкені ата мен әженің бауырында өсетіні бар. Әжем мені кішкентайымнан бауырына басып, қазақы тәрбие берді. Әкем мен анамыз жұмыста жүретін. Ал бізге әжеміз «мұны істеме», «ананы былай ет» деп, қазақтың ырым-тыйымдарын, нақыл сөздерін, мақал-мәтелдерін айтып, ақылын беріп өсірді. Сол тәрбиенің арқасында біз үлкенді сыйлауды, кішіні құрметтеуді, туған жерді қадірлеуді үйрендік. Бүгінде сол көрген тәрбиемді өз балаларыма, немерелеріме жеткізуге тырысып келемін, – деді ол. Мұхтар Бисенғалиев өзінің білім жолы мен еңбек жолына да тоқталды. Алғашқы мамандығы құрылыс саласымен байланысты болғанын, кейін жоғары білім алып, ұстаздық жолға келгенін айтып, бүгінде ұстаздық етіп жүргеніне 38 жылға жуықтағанын жеткізді. Ол сондай-ақ өз өміріндегі жары Әминамен қалай танысқанын да жылы әзілмен еске алды. Жас кезінде Костромада білім алып жүргенде болашақ жары Әминамен танысып, кейін шаңырақ көтерген. Мұхтар Бисенғалиевтің жары Әмина Бисенғалиева да отбасы өмірінің өзіне тән сырларымен бөлісті.
Костромада танысып, сол жақта бірге білім алған қос жас кейін өмір жолын туған елмен байланыстырып, отбасын құрған. Жылдар өте келе олардың шаңырағы балалардың күлкісіне, немерелердің қуанышына толды. Әмина апа отбасы өміріндегі ең маңызды нәрсе ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі мен қолдауы екенін атап өтті.
Әрмен қарай Бисенғалиевтер әулетінің келіні Қырмызы Бисенғалиева да өз тәжірибесімен бөлісті. Ол ата-енемен бірге тұрудың отбасы үшін берер пайдасы мол екенін айтып, үлкендердің көмегі мен ақылының бала тәрбиесінде де, күнделікті тұрмыста да үлкен демеу екенін жеткізді. Ал Бисенғалиевтер әулетінің ұлы Мейрам Бисенғалиев ата-анасымен бірге тұрудың өз отбасы үшін қалыпты жағдайға айналғанын айтты.
– Әке-шешемнің қасында болып, олардың батасын алып, бірге өмір сүріп жатқанымды бақыт деп есептеймін -деді ол. Сондай-ақ ол қазіргі жастардың ата-анасымен бірге тұру мәселесіне де өз көзқарасын білдірді.
– Қазір көп бала ата-анасымен бірге тұрғысы келе бермейді. Менің ойымша, бұл көп жағдайда келінге де, жолдасына да байланысты. Екеуі бір-бірін жақсы түсініп, ата-анасын сыйлай білсе, бірге тұруға болады. Ата-енемен бірге тұру – тек міндет емес, үлкен тәрбиенің, өзара сыйластықтың мектебі деп ойлаймын, – деді ол.
Отбасы туралы әңгіме өнермен өрнектелгенде, кештің мазмұны одан әрі ажарлана түсті. Ауданымызға белгілі өнерпаздар Алтынбек Каримов пен Айшат Хамзинаның орындауындағы «Әке» әні көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Ал Мейрам мен Қырмызы Бисенғалиевтер де отбасы жылуын ән арқылы жеткізіп, көпшілікке әсем әуен ұсынды.
Жиын соңында ұйымдастырушылар отбасының қоғамдағы орнына тоқталып, мұндай кездесулердің жастарға берер тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

image-11-09-26-10-11 (2)

«Бір шаңырақ – екі дәуір» кеші екі буынның арасын жалғаған тағылымды басқосу болды. Бір шаңырақта ата мен әженің ақылы, әке мен ананың өнегесі, бала мен келіннің ізеті тоғысқанда ғана отбасының берекесі артып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табады. Шаңырақтың биік болуы оның уығы мен керегесінің мықтылығында емес, сол шаңырақ астындағы адамдардың бір-біріне деген құрметі мен мейірімінде. Сондықтан отбасыны сақтау – бір үйдің ғана емес, тұтас елдің болашағын сақтау.

 

Бану Самат, 

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале