11.09.2026, 10:00
Оқылды: 8

«ORAL CUP» – арқанның ар жағында намыс тұр

Оралдың күні – думан.
Оралдың күні – мерей.
Оралдың күні – елдің еңсесін көтеретін жақсы дәстүрдің, жарасымды жаңалықтың күні.
Биыл сол мерекеге орай тағы бір айбарлы сайыс қосылды. Қаланың қақ ортасында жігіттердің білегі түйісіп, намысы сыналды. Бір арқанның тартылды. Бір жағында – «Алға!» деген айқай. Екінші жағында – «Жіберме!» деген жігер. Ортада – жеңіс.
Осылайша Орал қаласының күніне орай арқан тартыстан «ORAL CUP–2026» ашық қалалық турнирі жалауын көтерді.

WhatsApp Image 2026-09-11 at 10.33.46 (3)
Арқан тартыс – сырт көзге қарапайым ойын. Арқанды ұстайсың да, тартасың. Бірақ оның ар жағында қанша мінез, қанша маңдай тер, қанша намыс жатыр десеңізші! Мұнда жалғыздың күші жүрмейді. Бір жігіттің қуаты – екіншісіне сүйеу. Бірінің аяғы тайса, тұтас команда әлсірейді. Бірі алға ұмтылса, қалғаны ілеседі. Сондықтан арқан тартыс – білектің ғана емес, бірліктің ойыны.
«ORAL CUP» турнирінің ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Бәйменов, Орал қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, Орал қаласы спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Серік Нұрғалиев, Түркия мен Әзірбайжаннан арнайы келген қонақтар қатысты.
Шаһар басшысы спортшыларды Орал қаласының күнімен құттықтап, ұлттық ойынның қадіріне тоқталды.
– Арқан тартыс – күш пен ептілікті ғана емес, бірлік пен ұйымшылдықты талап ететін спорт. Бір арқанның екі жағында тұрған жігіттердің жеңіске жетуі үшін әрқайсысы өз күшін ортақ мақсатқа жұмылдыра білуі керек. Сондықтан бұл спорттың тәрбиелік мәні де зор, – деді Мұрат Болатұлы.
Рас сөз.
Бір арқанға он алты жігіт қол созды делік. Он алты жүрек. Он алты мінез. Он алты күш. Бірақ жеңіс біреуіне ғана емес, бәріне ортақ. Өйткені арқан тартыста «мен» деген ұғымнан гөрі «біз» деген сөздің салмағы басым.
Бұл жолғы Орал қаласы мен облыс аудандарынан 16 команда жиналды. Әр команда өз ауданның намысын арқалап келді. Әр жігіттің көзінде жеңіске деген сенім бар. Алаңда артық сөз жоқ. Артық қимыл жоқ. Арқан қолға тиген сәтте бәрі өзгереді.
«Тарт!»

WhatsApp Image 2026-09-11 at 10.33.46 (4)
Сол бір ауыз сөзбен талай жігіт бар күшін білегіне жинайды. Аяғын жерге тірейді. Арқасын тіктейді. Тістенеді. Тартады.
Орал спорт клубына жиылған ағайынның делебесін қоздырған додада үздіктер де дараланды. Жеңіс тұғырының биігіне Шыңғырлау ауданының «Алмаз» командасы көтерілді. Бірінші орын иегерлеріне 400 мың теңге ақшалай сертификат табысталды. Екінші орынға Қазталов ауданының «Тереңкөл» командасы тұрақтап, 300 мың теңгенің жүлдесін еншіледі. Үшінші орын тағы бір Қазталов ауданының командасы – «Жұлдызға» бұйырды. Қола жүлдегерлерге 200 мың теңге ақшалай сертификат табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок, диплом және медальдармен марапатталды.

WhatsApp Image 2026-09-11 at 10.33.46 (2)
Бірақ бұл жарыстың ең үлкен жүлдесі – жүлде қоры емес.
Ең үлкен жүлде – жігіттердің бірлігі. Өйткені әр тартыстан соң жеңгендері жеңілгенді арқадан қақса, жеңілгендер басым түскендерге сәттілік тілеп, құшағына алып жатты.

WhatsApp Image 2026-09-11 at 10.33.46
Байқағанымыз!
Арқан тартыс – ауылдың қара баласының да, қаланың қайсар жігітінің де қолынан келетін ойын. Оған қымбат құрал-жабдық қажет емес. Бір арқан керек. Бір алаң керек. Ең бастысы – жігіттің жүрегінде намыс, бойында күш болсын.
Ұлттық спорттың қадірі де осында.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

фото: БҚО Спорт басқармасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале