11.05.2021, 9:21
Оқылды: 159

Транзиттік желі құрылысы табиғатқа зиянсыз ба?

«КЕGOC» АҚ  «Ақтөбе ЖЭТ»  филиалы «Қазақстанның  БЭЖ  батыс аймағының электр желісін  нығайту, электр желілік нысандар  құрылысы, 220кВ  «Правобережная» ҚС-220кВ  «Индер» ҚС бір тізбекті әуе  желісінің құрылысы» жұмыс  жобасы бойынша қызмет атқаруда. Орман алқаптарын  орман шаруашылығымен байланысты емес мақсаттар үшін басқа санаттарға  ауыстыруға қатысты таяуда «Қоршаған ортаға әсерін бағалау»  (ҚОӘБ) бөлігі бойынша ашық  жиналыс түрінде қоғамдық тыңдау өтті.  

09A206AB-5651-4362-A813-F35C32E5EC44

Ақжайық ауданының орталығы Чапаев  ауылында өткен тыңдауға БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, жер қатынастары басқармаларының, «КЕGOC» АҚ-ның өкілдері және тұрғындар қатысты.

Жиында сөз алған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі, қоғамдық тыңдау жиынының төрайымы Наталья Максимова іс-шараның қоғамдық тыңдау өткізу ережелеріне және ҚР Экологиялық кодексінің 20-бабына сәйкес өткізіліп отырғанына тоқталды. Қазіргі кезде Чапаев орман шаруашылығы мекемесіне қарасты 0,9 гектар орман қоры аумағын орман қоры санатынан электр желілері нысандары құрылысын жүргізу үшін басқа санатқа ауыстыру мәселесі қарастырылуда.

Жиналыста «KEGOC» АҚ «Ақтөбе ЖЭТ» филиалының өкілі, күрделі құрылыс қызметінің бастығы Ерлан Өмірәлин жобаның жай-жапсарымен таныстырды. Екі жыл бұрын «KEGOC» «Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасын іске асыруға кірісті. Аталған жобаның шеңберінде компания активтерін, оның ішінде «KEGOC» АҚ «Ақтөбе жүйеаралық электр тораптары» филиалына қарасты нысандарды жаңғырту жоспарланды. Таяу жылдары Батыс Қазақстан мен Атырау энергия торабы арасындағы желілердің өткізу қабілетінің артуымен қатар, электр ағыны күшейеді деп күтілуде. Іске асыруға қабылданған электр желісін күшейту нұсқасы бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік береді. Жоба еліміздің батыс облыстары арасындағы электр желілерін күшейтуді көздейді және «Орал – Атырау – Теңіз» транзитіндегі 220 кВ-тық электр желісінің өткізу қабілетін екі есеге (100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін) арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, жоба іске асқан соң, Қазақстан БЭЖ-ның электр энергиясын өткізу қабілеті және батыс аймақтың тұтынушыларын электр қуатымен қамтамасыз етудің сенімділігі айтарлықтай артады.

– Жоба аясында 220кВ «Орал» қосалқы стансасы қайта жөндеуден өткізіледі және 220кВ «Правобережная» қосалқы стансасының 220кВ ашық тарату құрылғысы кеңейтіледі. Жоғары вольтті жаңа желі тізбегінде Чапаев ауылына жақын жерде Правобережная қосалқы стансасы тұр. Жаңа желі ескі желімен параллель өтеді. Оның жалпы ұзындығы 194,4 шақырымды құрайды. Құрылыс бюджеттік және мемлекеттік инвестицияның басқа да көздерінен қаражат тартпастан, тапсырыс берушінің қарыз және жеке қаражаттары есебінен жүргізіледі. Электр желісі мемлекеттік орман қорының 0,9 гектар жері арқылы өтеді. Ол аумақ – негізінен жасыл желек өспейтін сор жер. Осы жер теліміне келтірілген зиянды өтеу бағасына сәйкес республикалық бюджетке 150840 теңге өтеледі. Құрылыс жұмыстары барысында қоршаған ортаға зиян келтірмеу – басты назарда. Сондықтан жердің асты мен үстіндегі су көздерін пайдаланбай, ауыз суға бөтелкедегі суды пайдалану, техникалық қажеттілікке суды көлікпен тасымалдау көзделген, – деді Е.Өмірәлин.

– Жобада табиғат қорғау шаралары қарастырылмаған. Өйткені жоғары вольтті желі пайдалы қазба кен орындарының, қорықтық аймақтар аумақтарымен өтпейді. Электр қуатын тасымалдау желісін найзағайдың әсерінен талшықты-оптикалық кабельге қоса найзағайдан өрілген трос қорғайды. Қамтамасыз ету келісімшартында көрсетілгендей, мердігер компания құрылыс нысанын пайдалануға тапсырар алдында құрылыстағы қалдықтарды жинап, көлікке тиеп, арнайы орындарға тасымалдайды. Сондай-ақ бағандарды орнату барысында алынған жердің құнарлы қабатын қалпына келтіреді, – деді компания өкілі.

– Аталмыш әуе желісі аудандағы 11 шаруа қожалығының жер телімдерімен өтеді. Жалпы, ондай жер көлемінің шамасы – 37,9740 га. Құрылыс барысында 2 435 715 теңге көлемінде шығын өтеледі. Құрылыс жұмыстарынан кейін шаруашылық жерлерінде бетон бағандар орнатылған алақандай жер аумағы ғана қауіпсіз аймаққа өтеді, қалған жер шаруашылықтардың иелігіне қайтарылады. Бағандардың түбін ғана алмай отырған себебіміз, бұл жермен құрылыс жұмыстары барысында техника жүреді, жайылымды таптайды, егінді бүлдіреді. Сондықтан шаруалардың әрқайсымен кездесіп, жобаланған желіге таяу қандай дақыл егілген, жер көлемінің аумағы қандай деген мәселелерді анықтап, өтемақыны әрқайсына жеке есептейміз. Құрылысты бастауға үш ай қалғанда 11 жер пайдаланушыға болжанған шамадағы өтемақыны төлейміз, – деді  Е.Өмірәлин  жиында.

Жергілікті тұрғындар жобаға қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. «Жаңа желіден  шалғайдағы мал қыстақтарына электр желісін тартуға болмай ма?» – деген сауалға «KEGOC» АҚ өкілі: «Жоқ, болмайды», – деп жауап берді. Өйткені ол – 220 мың вольттік жоғары қуатты электр қуатын тасымалдайтын транзиттік желі. Оған қоса желіге таяу ешқандай елді мекендер жоқ. Электр желісі және ұялы байланысы жоқ кейбір қыстақтардағы еңбек адамдарына қажетті байланыс үшін электр бағандарына телефон нүктелерін қою да жобада қарастырылмаған. Облыстық газет тілшісі: «Жергілікті жұмыссыз тұрғындар құрылыс жұмыстарына тартыла ма?» – деген сұрақ қойды. Бұған компания өкілі: «Иә, құрылыс нысанын күзетуге, құрылысшыларға тамақ пісіруге, қара жұмысқа ауданның тұрғындары тартылады», – деп жауап берді.

Жобаны іске асыру кезін­де компания темір-бетон бұйым­дарын, темір тіреулерді, кабель-сым сияқты өнімдерді, байланыс конденсаторларын, транс­форматор­ларды, релелік қор­ғаныс панельдерін және ауто­матиканың кейбір түрлерін отан­­дық өндірушілерден сатып алады. Ашық жиналыста аталмыш жобаның 2021-2023 жылдары жүзеге асырылатыны айтылды. Алдағы қыркүйек айына дейін ауданға 11 шаруа қожалығымен тиісті келісімшарт жасалмақ. Биыл құрылысқа қажетті материалдар тасымалданып, жинақталады. Жаңа желі тарту құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталуы керек.

 Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале