3.03.2023, 11:00
Оқылды: 111

Туберкулез туралы не білеміз?

БҚО-да 2023 жылдың 24 ақпанында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күнге орай айлық басталды. Айлық 24 наурызына дейін жалғасады. Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні 1982 жылдың 24 наурызынан бастап атап өтіледі. Мерекені тойлау Кох таяқшасының ашылғанына 100 жыл толғанына байланысты болды.

b5f3f373-6ea7-4ec6-9cfb-543fc7810da9

Туберкулез адамнан адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе сілекей арқылы өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын таратады. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерімен дем алу жеткілікті. Науқас адам жөтелгенде қақырықпен бірге, түшкірген, сөйлеген кезде қоршаған ортаға 2-6 м. радиуста ауада таралатын миллиондаған микобактерияларды бөледі, олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады және көптеген жылдар бойы өміршең болып қалуы мүмкін.

Науқас өмір сүретін жерде санитариялық жағдайлар мен сақтық шараларын сақтау өте маңызды.

Туберкулез ауруына тек адамдар ғана емес, сонымен қатар малдар да шалдығады (сиыр, ешкі, бұғы, түйелер). Ауру жануардың сүті немесе еті адам үшін жұқтыру көзі болуы мүмкін.

          Егер өкпе туберкулезімен ауыратын науқас барлық гигиеналық талаптарды сақтаса, онда ол - айналасындағы адамдарға қауіпсіз. Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды. Туберкулез ауруымен ауыратын ата-аналардың балалары сау болып туады. Алайда, барлық сақтық шараларын сақтамаған жағдайда бала туберкулезді жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін.

Туберкулез ауруына ықпал ететін факторлар: толыққанды тамақтанудың болмауы; туберкулезбен ауыратындармен тығыз, ұзақ қарым-қатынас жасау (кішкентай балаларға қысқа мерзімді қарым-қатынастың өзі жеткілікті); маскүнемдік, темекі шегу, нашақорлық; ілеспе аурулардың болуы (диабет, асқазан жарасы, өкпенің созылмалы аурулары).

         Туберкулез белгілері:  ұзақтығы екі аптадан асатын жөтел; шаршау және әлсіздік; дене салмағының төмендеуі; температураның ұзақ көтерілуі; түнде тершеңдік; кеуде қуысындағы ауырсыну; қан түкіру.

Туберкулезді диагностикалаудың ең қол жетімді және сенімді әдісі - қақырықты туберкулез бактерияларына микроскопиялық зерттеу. Сондай-ақ, флюорографиялық, рентгенографиялық әдістермен және туберкулинді сынамамен (Манту реакциясы) диагноз қоюға болады.

Туберкулездің алдын алу шаралары:

  1. Салауатты өмір салтын ұстану.   Бұл мақсатқа жетудің ең жақсы жолы - күн тәртібін құру және ағзаны шынықтыру, таза ауада серуендеу, күн және су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу.
  2. Демалыс пен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлесімі, толыққанды, дәрумендерге бай тамақтану, жеткілікті және уақытылы ұйқы.
  3. Жеке гигиена ережелерін сақтау: жуу құралдарын және ағынды суды пайдалана отырып, ыдыстарды, қолды жуу, тұрғын үй-жайларды ылғалды жинау және желдету, ет пен сүтті міндетті термиялық өңдеу, жеке гигиеналық құралдар мен ыдыстарды пайдалану.
  4. Жөтел этикетін сақтау.
  5. Жаңадан дүниеге келген сәбиді перзентханада 0-4 күндері аралығында БЦЖ вакцинасымен міндетті түрде вакцинациялау және 6-7 жаста қайта вакцинациялау (ревакцинация) болып табылады.
  6. 6. Туберкулезді дер кезінде диагностикалау.

 

Гүлмира Кажушева,

Аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді

эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале