20.06.2022, 9:45
Оқылды: 114

Туберкулезден сақтаныңыз!

«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға  байланысты»,  –  деп неміс философы Артур Шопенгауэр  айтпақшы, қоғамның әр мүшесі өз денсаулығына  жауапкершілікпен қарағаны абзал. Қазіргі таңда жұқпалы  аурулардың таралуы –  қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі.  Солардың қатарынан туберкулез де қалыспайды.

туберкулез

Туберкулез – ауа тамшылары арқылы жұғатын және aғзағa туберкулез бактериялары түскенде дамитын созылмалы жұқпалы ауру. Адам ағзасының, тырнақ пен шашты қоспағанда, барлық мүшелері мен тіндерін зақымдайтын туберкулездің өкпеден тыс түрлері де дамуы мүмкін.

Жұқпаның негізгі көзі – ашық түрдегі туберкулезі бар науқас адам, себебі оның қақырығынан туберкулез таяқшасы бөлінеді. Еденге немесе жерге қақырықты түкірген кезде ол шаңмен араласады. Осындай шаңмен демалған дені сау адамның туберкулезді жұқтыруы әбден мүмкін. Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқас тиісті ем қабылдамаса, жылына 10-15 адамға дейін ауру жұқтыруы мүмкін. Алайда туберкулезді жұқтырғандардың барлығы науқас болып саналмайды. Өйткені иммундық жүйе қоздырғыш үшін тежеу бола алады. Иммундық жүйесі әлсіреген адамның туберкулез індетін жұқтыру қаупі жоғары. Көптеген адамдар өмір бойы туберкулез бактериясын жұқтырған болуы мүмкін. Бірақ аз ғана бөлігінде ауру дамиды. Туберкулез бактериялары сыртқы ортаға өте төзім­ді болуымен ерекшеленеді. Көше шаңдарында бактериялар өмір сүру қабілетін 10 күнге дейін сақтайды, ал кітап беттерінде өмір сүру қабілетін 3 айға дейін, науқастың киімі мен төсек жаймасында 3-4 айға дейін, суда  5 айға дейін сақтаса, қарда – шексіз.

Туберкулез жұқтыру барысында аурудың дамуы мен ауыр ағымына ықпал ететін факторлар көп. Бұл – әлеуметтік тұрмыстың нашарлығы, дұрыс тамақтанбау, психологиялық күйзелістер, ілеспе аурулар (қант диабеті, жарақаттар, созылмалы өкпе аурулары, АИТВ/ЖИТС), зиянды әдеттер. Туберкулез кезіндегі науқастардың негізгі шағымдары: салмақ жоғалту, тершеңдік, кеуде тұсының ауыруы, қан түкіру, жалпы әлсіздік және тез шаршау, дене қызуының ұзақ уақыт көтеріңкі болуы. Осы белгілердің бір-екеуі болған жағдайда міндетті түрде тіркелген емханаңызға қаралуыңыз керек. Жөтелі бар науқастар медициналық санитарлық алғашқы көмек көрсету мекемелерінде кезектен тыс зерттеліп-қаралады және бір рет қолданылатын медициналық бетперделермен қамтамасыз етіледі.

Кей адамдарда басқаларға қарағанда туберкулезбен ауырып қалу қаупі басым болуы мүмкін. Егер сіз солардың бірі болсаңыз, өзіңізді туберкулезден қорғауыңыз қажет.

Дертті тез «жамайтын» топтағы адамдарға:

Иммунитеті әлсіздер, сондай-ақ  ВИЧ немесе СПИД-пен ауыратындар;

Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқаспен бірге тұратын немесе оған қамқорлық жасайтын адамдар. Мысалы, жақын туыстары немесе дәрігер Һәм медбике;

Есірткі мен алкогольді жиі тұтынатындар;

Туберкулездің белсенді түрі таралған елдерде, мысалы, Латын Америкасында, Африкада және Азияның кейбір елдерінде тұратын немесе сапар шегетін адамдар;

Дерт түрмелер, қарттар үйі сияқты жабық және көп адам тұратын жерлерде тез жұғады.

Туберкулездің алдын алу шараларын барлығымыз біліп, өз ортамыздағы адамдарға жеткізіп отыруымыз керек.

– БЦЖ вакцинасы перзентханада баланың 1-4 күндерінде міндетті түрде енгізіледі. Келесі ревакцинация 6-7 жаста жасалады. Бұлар өз кезегінде миллиарлы туберкулездің және туберкулезді менингиттің дамуы мен асқынуын және таралуын тежейді;

– Уақтылы анықталып, дер кезінде емдеу басталғанда туберкулез емделетінін есте сақтаған жөн. Кеш анықталса, өлімге әкелуі  мүмкін. Өкпе туберкулезін уақтылы анықтау үшін қақырыққа бактериоскопиялық зерттеу жүргізіледі. Балалардың туберкулезді жұқтыруын уақтылы анықтау үшін манту сынамасы салынады. Манту сынамасы бір жастан бастап, жылына 1 рет салынады. Нәтижесі 72 сағаттан кейін жарық жерде мөлдір сызғыштың көмегімен папуланы (түйінді) өлшеу арқылы белгілі болады. Папуланың тек көлденең өлшемі тіркеледі, ал қызарған аймағы есептелмейді; – 15 жастан асқан тұрғындар міндетті түрде жылына бір рет флюорографиялық тексерістен өтуі қажет;

– Жеке бас гигиенасы ережесін сақтау – жуу құралдары мен ағын суды пайдаланып, қолды, ыдысты жуу, бөлмеге ылғалды тазалық жүргізу және желдету;

– Дұрыс тамақтану (ет, сүт өнімдері, балық, дән тағамдары, көкөністер мен жидектерді асқа жеткілікті мөлшерде пайдалану), салауатты өмір салтын ұстану, тұрақты түрде дене шынықтыру жаттығуын жасау, қалыпты демалыс, таза орта, темекі, алкоголь, есірткіден аулақ болу;

– Жеке гигиеналық құралдар мен ыдыстарды пайдалану;

– Үйді тұрақты түрде желдету;

– Айналадағыларға түкіру – жұқпалы аурудың тарауына ықпал ететін жағымсыз әдет екенін түсіндіру;

–   Тура күн сәулелері 5 минут ішінде туберкулез қоздырғышын өлтіреді; 1% натрий гипохлориді қақырықты ерітіп, туберкулез таяқшасын тез жояды. Кох таяқшасы 60 градус температурада 20 минуттан кейін және 70 градус температурада 5 минуттан кейін өледі;

– Науқас пайдаланған қағаз, бет орамалдарды міндетті түрде өртеу керек;

– Көрпелер мен жүннен жасалған заттарды желге қағу және күнге жаю – залалсыздандырудың ең қарапайым әрі жақсы әдісі. Сондай-ақ туберкулез бактериялары жоғары температураға сезімтал келеді;

– Сонымен қатар Кох таяқшасына хлор белсенді әсер етеді. Сондықтан хлорамин ерітіндісін, хлорлы әкті зарарсыздандыру үшін жиі қолданады.

«Ауырсаң сау бол – ауырмасаң сақ бол» демекші, туберкулез ауруына шалдыққан науқас гигиеналық режімді сақтап, дұрыс тамақтанып, дәрігер тағайындаған емді, айтқан ережені бұлжытпай орындауы қажет.

Айдана  Ерболқызы,

«Облыстық  фтизиопульмонология  орталығы» 

ШЖҚ  МКК  дәрігері

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале