5.03.2021, 12:04
Оқылды: 160

«Тұғырымның» тұмшасы

Коронавирус індетін жұқтырғандар өңірімізде де тіркеліп, эпидахуал күн санап күрделене түскенде, облыстық  «Тұғырым» қоғамдық бірлестігінің  мүшелері 500-ден астам тұмша тігіп, тұрғындарға тегін  таратқан. Сондай-ақ олар елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлеріне самса, бәліш және тәтті күлшелер пісіріп, түскі ас та дайындапты.  

05115A80-90A0-435A-B65A-9DC589D258F6

– «Тұғырым» қоғамдық бірлестігі былтыр 11 ақпан күні тіркелді. Бірлестіктің мақсаты – өңірдегі көпбалалы, табыс-кірісі аз немесе мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасылардың мүддесін қорғау, олардың мәртебесін көтеріп, әлеуметтік қолдау көрсету, мәселелерін жергілікті атқарушы құрылымдарға жеткізу. Бірлестікті тіркеместен бұрын да біз көп балалы отбасыларға қамқорлық таныттық. Кейін елімізде коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай  жарияланғанда алғаш болып тегін тұмша таратуды қолға алдық. Бірлестіктің мүшелері негізінен көп балалы аналар. Өзім де солардың қатарынанмын. Ұрпақ тәр­­биесіне, отбасы құндылығына қа­тысты шаралар ұйымдастырамыз.

Күні кеше Орал қаласындағы Жо­ғары аграрлық-техникалық кол­ледждің студенттеріне «Қыз – бо­лашақ ана» тақырыбында еркін  сипатта кездесу өткіздік. Сондай-ақ «Бәрі де ана бір өзіңнен басталады» атауымен ұйымдастырыл­ған облыстық форумның да ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор. Ин­стаграм парақшамызда заңгерлермен, басқарма басшыларымен онлайн кездесулер ұйымдастырып, қыз-келіншектердің құқықтық сауаттылығын арттырудамыз, – де­ді аталмыш бірлестіктің төрайымы Айнұр Арыстанова.

Айта кетсек, қоғамдық бірлестіктің құрамында Орал қаласы бойынша – 50, Казталов ауданы­нан – 80, Бөкей ордасы ауданы бо­йынша 50 көпбалалы ана бар екен. Болашақта бірлестікке мү­ше аналардың қатарын арттырып, отбасы құндылығы мен ұлттық дәстүрді насихаттайтын және ұрпақ тәрбиесі төңірегінде жоба-жоспарларды жүзеге асырмақ. Сондай-ақ олар көпбалалы аналар мен табыс-кірісі аз отбасы­ларды әлеуметтік қолдау бағы­тындағы азық-түлік себеттерін  таратуды да жалғастыра бермек.

Иә, нәзік иықтарымен нардың жүгін арқалап, небір қиын істі еңсерген абзал аналардың еңбекқорлығы мен қоғамдағы жаңашыл қадамдары, ұрпақ тәрбиесіндегі өзіндік үлесі бүгінде лайықты бағасын алуда. Аналар көтерген жүктің қашанда ауыр болатынын ескерсек, «Тұғырымның» жаңа бастамаларына табыс тілейміз.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале