1.05.2020, 19:06
Оқылды: 39

Ынтымақты нығайтатын мейрам

yu4vu-aap2g

 

Қазақ жеріне түрлі себеппен жер аударылып келген диаспоралардың 1990 жылы мәдени-ағартушылық ұйымдар құруы игі бастама болған еді. Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың бұл көреген саясаты барлық ұлттың басын біріктіруге зор мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде олар өздерінің салт-дәс-түрін дамытып, өзгелерге мәдени құндылықтарын көрсете алды. Ал бұл елдегі халықтар достығы мен ынтымағының іргетасын қалады. Өйткені Елбасының бастамасымен құрылған ассамблея қоғамда диаспорааралық келісім мен ел бірлігін нығайтты. Бүгінде құрылғанына 25 жыл толған ассамблея осылайша өте ауыр жылдары мемлекетіміздегі тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосты. Сол жылдардан бері бірлестіктер өз жұмысында халықты өзара ынтымақтаса өмір сүруге, татулыққа үндеп келеді. 1 мамыр мерекесі елдің бірлігін одан сайын нығайта түседі, –  дейді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов.

Рухани құндылықты, оның ішінде төзімділдікті ту еткен «Вайнах» бірлестігі жұмысын жүйелеген. Мәдени-көпшілік шаралар өткізумен қатар, жыл сайын көктем шыға сенбілікке шығуды дәстүрге айналдырған. Бірлестік Шешенстанның Грозный қаласындағы «Даймохк» қайырымдылық қорымен арадағы достық байланысты үзбей келеді. Қор директоры Хамзат Закриев Қазақстанға 150 дана классикалық үлгідегі костюм жолдаған екен. Алғыс айту күні қарсаңында «Вайнах» аманатты жеткізіп, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен еңбек ардагерлеріне ұсынылған.

– Біз жастарға тәрбиені отбасынан бастап береміз. Өйткені олар алдымен отбасының патриоты болу керек. Содан өз тілін, мәдениеті мен салтын біліп, ұлтына жанашыр болып өседі.  Егер балаларымызды үйде тәрбиелемесек, олар өз мемлекетіне жаны ашитын азамат ретінде өсіп-жетілмейді. Сонымен біргеолардың өмір сүретін ортасында достық қарым-қатынас орната білуіне көңіл бөлген жөн. Олай болмаса, мемлекет те қалыптаспайды, дамымайды. Өйткені халқымыз өзара тату болғанда ғана елімізде береке-бірлік үстемдік құрады. Қазақ халқының төзімділігі мемлекетіміздегі тұрақтылықты нығайтып, халық достығын бекемдеді, –  дейді Данильбек Алиұлы.

Елде төтенше жағдай жарияланғанда «Вайнах» этномәдени бірлестігі де шама-шарқынша аз қамтылған, көп балалы отбасыларға және мүгедектерге, ардагерлерге көмектесуде. Волонтерлер қозғалысы өткен аптада қайырымдылық шарасын бесінші рет ұйымдастырған екен. «Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамының маңызы өте тереңде. Бәріміздің ортақ үйіміз – Қазақстанға амандық тілеймін. Елімізде бейбітшілік пен келісім үстемдік құра берсін», –  деп ақжарма тілегін ақтарды этномәдени бірлестік төрағасы.

Айна ИМАШЕВА

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале