14.11.2022, 10:45
Оқылды: 94

Зағип балалардың арманы

Қаланың елеусіздеу бөлігінде орналасқан екі қабатты шағын мекемеге табан тіредік. Мені алып келген таксист ағай: «Балабақша екен деп жүрсем, көзі көрмейтін балалардың мектебі екен ғой», – деп таңғалып  жатты. Иә, біз тоқтаған жер – көзі  нашар көретін зағип балаларды тоғыстырған мекеме еді.

6

Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаты 1996 жылы тамыз айында ашылған. Негізінен, 1976 жылы балабақшаға арнап салынған ғимаратта тек біздің өңірден ғана емес, көршілес Ақтөбе, Атырау облыстарының балалары да білім алуда. Арнайы мектептердің  өз артықшылығы бар. Өйткені мұнда балалар сабақ оқумен қатар  қажетті ем-домды дер кезінде алады. Бұл жерде көзі нашар көретін немесе зағип балалардың мүмкіндіктері ескеріліп, оларға қажетті оқыту әдістері мен арнайы құрал-жабдықтар қолданылады.

Жалғыз адам ғана сыйып жүретіндей тар дәлізде мектеп директоры Арыстанбек Ғұбашпен сөйлесіп келеміз.

– Балалар мемлекеттік стандарт бойынша білім алады. Ғимаратымыз тарлау болса да, қолдан келгенінше бар жағдай жасалуда. Биылғы оқу жылында 125 оқушы білім алуда. 98 оқушының мүгедектік анықтамасы бар. Оның ішінде мүлдем көрмейтін 13  оқушы Брайль жүйесі бойынша оқиды. Интернатта 34 оқушы тәрбиеленеді. Мектеп-интернат оқушылары 6 мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етілген.  Қаладан қатынап оқитын оқушылар екі аутобуспен тасымалданады. Балалар сабақтан тыс уақытта үйірмелер мен түрлі спорттық секцияларға қатысады. Қазіргі таңда еліміз бойынша Брайль жүйесінде және үлкейтілген қаріппен басылған   оқулықтар қолданылуда, – деп мектептің жай-күйі туралы айтып берген мектеп директоры жатақханадағы бөлмелердің жабдықталуын көрсетті.

Жатақханадағы ұлдарға, қыздарға арналған бөлмелер тап-таза, жарық, жылылыққа толы. Қыздар бөлмесіндегі бір кереуетте әдемі тізілген қонжықтар назарымды аударды. Саусақтарымен әдемілікті сезетін ерекше балалар айналасын да жылулыққа толтырғысы келетіндей. Бір бөлмеде балалар домбыра үйреніп жатса, енді бір бөлмеде би үйірмесі өтіп жатыр екен.  Мен қолына домбыра ұстаған екі оқушыны әңгімеге тарттым. Биыл 12-сыныпта оқитын Бекназар Қазитов мектеп бітіріп, мұғалім болуды армандап жүр. Ақжайық ауданының Бударин ауылынан келген Бекназар бұл мектепте 6-сыныптан бері оқиды.

– Бос уақытымда спортпен айналысамын, футбол ойнаймын. Осы жерге келгелі өзіме көп дос таптым. Ауылға демалысқа барғанда интернат өмірін, достарымды қатты сағынамын. Басында келгенде жатырқап, үйренісе алмай біраз жүріп едім. Енді мектебімді, достарымды қимай жүрмін. Алла қосса, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болғым келеді, – дейді бізбен ой бөліскен Бекназар.

8-сыныпта оқитын Мадияр Мақсот Қазталов ауданынан келген. Ол 3-сыныптан бері арнайы мектепте білім алып жүр. Өзі ән айтып, би билегенді жақсы көреді.

– Бұрын үндемейтін, тұйық бала болдым. Осында келгелі балалармен тіл табысуды, көпшіл болуды, достарыммен тату болуды, бар нәрсені бөлісуді үйрендім. Болашақта дәрігер болып, сырқат адамдарды емдегім келеді, – дейді ол.

Спортзал тар

Мектеп-интернатта тифлопедагог, дефектолог, психолог, әлеуметтік педагог секілді арнайы мамандар қызмет етеді. Педагогикалық ұжымда 79 педагог, соның ішінде 56 мұғалім, 23  тәрбиеші бар. Сондай-ақ медициналық персонал офтальмолог, педиатр және бес медбикеден тұрады. Олардың қадағалауымен оқушылар жылына екі рет күздік және көктемгі емдік шараларды қабылдайды. Балалар үнемі тұрғылықты жері бойынша көздерін емдетіп, мектептегі медқызметкерлер ұсыныстар негізінде ем-домды жалғастырып тұрады.

– Жыл сайын оқу жылының соңында оқушыларымыз көру қабілеті жақсарып, емделіп, тұрақталғаннан кейін көз дәрігерінің келісімімен және педагогикалық, психологиялық-медициналық кеңес қорытындысымен,  ата-ананың өтінішімен жалпы орта білім беретін мектепке ауыстырылып, білімдерін жалғастырып келеді. Соңғы үш жылда 25 оқушы жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды, - дейді бізбен әңгімесін жалғастырған мектеп директоры.

Аядай мектеп-интернатты аралап жүріп, музыка қосылған кабинетке келдік. Бұл жерде жоғары сыныптың қыздары би үйреніп жатыр екен. Спортзал деп айтуға да келмейтін тар бөлме айналуға да келмейді. Соған қарамастан тығылысып би үйреніп, түрлі байқаулардан жеңіспен оралып жүрген өнерлі балғындардың еңбегі орасан екен деп ойладым.

Үлкен би залы болса...

Арнайы мектептің 11-сыныбында оқитын Сания Жігер өз ойын ашық айтқанды жақсы көреді. Ол 6-сыныптан бері сүйікті мекеніне айналған мектебінің тым тар екенін атап өтті.

– Бізге жаңа мектеп керек. Онда үлкен би залы, үлкен спортзал болса деп армандаймыз. Өзім Теректі ауданынан келдім. Ата-анамның жалғыз қызы болғандықтан, бұрын ешкіммен араласпадым. Интернатта жатып оқығалы бері көпшіл болуды үйрендім. Жалпы біз бәріміз бір үйдің балаларындай тату тұрамыз. Мектеп-интернатымыз ескі, тар болғанымен бар жағдай жасалған. Тағамдары өте дәмді. Тәрбиешілеріміз бізге жақсы қарайды. Апта сайын моншаға, бассейнге барамыз. Өнер саласында көптеген байқауларға қатысып, жүлдемен оралып жүрміз. Мен мектебімді мақтан етемін, – дейді Сания.

Көру қабілеті нашар балалар табиғи түрде жақсы есту қабілетіне, сезімталдық пен эмоционалдылыққа ие. Мектеп директорының айтуынша,  оқушылар жыл сайын өтетін республикалық «Жұлдыз-ай» фестиваліне қатысып, лауреат атанып, түрлі аталым иегері атанған. Соның ішінде «Тәуелсіздік тұғырым» республикалық байқауында «Аспапта орындау» аталымынан ІІ орын, «Шексіз шығармашылық» ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға арналған республикалық байқауының «Қол-өнер» аталымынан  ІІ орын, «Дала сазы» республикалық байқауында «Хореография» аталымы  бойынша  І орынға ие болған.  Осы тұста әңгімеге қосылған 4-сыныпта оқитын Әдемі Қаныбекқызы өзінің даярлық сыныптан бері арнайы мектепте білім алып жүргенін айтты. Алғашында анасынан бір елі ажырағысы келмей жылайтын Әдемі қазір мектеп-интернат өміріне әбден үйреніп алыпты.

– Біз таңертең сағат 7.00-де тұрамыз. Жуынып, шашымызды өреміз. Жаттығу жасаймыз, Таңғы тамағымызды ішіп, сабаққа барамыз. Әрі қарай сабақ жалғасады. Осындағы ағай-апайлардың бәрі де мейірімді. Интернаттың өз  тәртібі бар. Біз соны сақтаймыз. Біздің арманымыз – жаңа  мектеп салынса дейміз, – дейді тықылдап сөйлеген пысық қыз.  Жалпы мектеп оқушыларымен әңгімелесе жүріп байқағаным, олар өз ойларын бүкпесіз, ашық, еркін айтады екен.

Ерекше көңіл бөлу керек

Мамандардың айтуынша, көзі нашар көретін зағип балалар арнайы мектепте өзі сияқты балалармен бірге оқығандықтан өздерін қалыпты сезінеді. Олардың мұңы бір. Сондықтан бір-бірін жақсы түсінеді. Үлкендері кішілеріне көмектеседі. Бұл жерде баланың өз-өзін бағалауы жоғары болады екен. Көзі көрмейтін балалар ойын кезінде оқуда қиналады.  Көзі нашар көретін балғындар дыбысқа ерекше мән береді. Өйткені олар  дыбыс, дауыс  арқылы айналасын бағдарлай алады. Оларда қашықтықтан заттарды байқауға мүмкіндік беретін алтыншы сезім жақсы дамиды. Ғалымдар көзі нашар көретін науқастарда есту және тактильді функциялар күшейетінін айтады. Әртүрлі көру қабілеті бұзылған балалардың даму ерекшеліктерінің ішінде дене белсенділігі маңызды орын алады. Сондықтан ата-аналар баланың көп қимылдауына, үй шаруасына араласуына ерекше мән беруі керек.  Осы дағдыларды дамытудың арқасында  балалар  өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп,  сыртқы әлемді толықтай сезіне алады.  Көзі нашар көретін немесе зағип балалардың ерекшеліктерінің бірі олар саусақтарымен сыртқы ортаны қабылдауға бейімделеді. Көру қабілеті бұзылған балалар көбінесе қозғалыс координациясында қиындыққа тап болады. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдер олардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай туғызуға тырысады.

7

– Көзі көрмейтін балалар көп жағдайда  физикалық жағынан ғана емес, психикалық жағынан да артта қалады, сондықтан оларға арнайы білім беріледі. Сонымен қатар  көру функцияларының төмендеуі ақыл-ой, физикалық және эмоционалдық дамуға да әсер етеді. Мұндай балаларда жүру және сөйлеу дағдылары сау балаларға қарағанда әлдеқайда кеш пайда болады. Көру қабілеті нашар науқастардың сипаттамалары ұқсас. Кей балаларда бейсаналық, есте сақтау қабіле-
тінің  нашарлығы, зейіннің төмендігі байқалады. Біз олармен түрлі бағытта жұмыс істейміз. Көбіне тренинг жасау арқылы баланың көңіл күйін бақылап отырамыз. Жасөспірім балалардың ата-аналарымен жиі сөйлесеміз. Қандай жағдайда да зағип балаларға айқайлауға, ұрысуға болмайды. Көру қабілеті бұзылған балалар ата-анадан ерекше назар аударуды талап етеді, – дейді арнайы мектептің психологі Ақжарқын Изғалиева.

Түйін

Әлемді саусағымен сезініп жүрген балалар өмірге, өнерге ерекше құштар болып келеді.  Әр жылдары мектеп бітірген түлектер жоғары, орта оқу орындарын бітіріп  фельдшер, мұғалім, кітапханашы болып еңбек етіп жүрсе, енді бірқатары түрлі өнер орталықтарында жұмыс істейді. Дегенмен әлі де біраз түлектің дипломын қолдарына алып, жұмыссыз отырғаны ұстаздарын алаңдатады екен.

8

Елімізде жүзеге асқалы жатқан «Жайлы мектеп» бағдарламасы негізінде арнайы тифлоқұралдармен жабдықталған, барлық жағдайы жасалған типтік жобадағы мектеп салынса дегенді мұғалімдер де айтып қалды. Демек, тек балалар ғана емес, мұғалімдер де өз шәкірттеріне жаңа мектепте білім беруді армандайды екен. Көзі нашар көретіндер қоғамның ең осал бөлігі саналады. Сондықтан билік буындары мен демеушілер зағип балалардың арманын назардан тыс қалдырмас деген сенімдеміз.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале