30.04.2021, 18:39
Оқылды: 503

«Жағдай былтырғы жаздан да қиын»

 БҚО-да індет басталғалы бері коронавирустық инфекциямен 19 185 адам ауырған. Өткен айда ауру күрт көбейіп, ай басталғалы  4039 жағдай тіркелген. Сәуір айында індет өзге айлармен салыстырғанда екі есеге өскен. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында айтылды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, облыстағы эпидемиологиялық ахуал қиын.

20210430_151222

– Әдеттегідей ауырған адамдардың көп бөлігінің бұрын ауырған адаммен қатынаста болғаны және адамдар көп жиналатын сауда үйлері мен базарларда, қоғамдық тамақтану орындарында инфекция жұқтырғаны анықталды. Облысымызда  өткен тәулік ішінде (29.03.2021ж.) коронавирустық инфекциямен 155 жағдай тіркелді.  Сондықтан да  1 мамырдан бастап  облыс аумағында карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі. Периметр бойынша Орал қаласына және эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сай «Қызыл аймақта» орналасқан Батыс Қазақстан облысы аудандарына (Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Казталов, Теректі, Шыңғырлау) кіру/шығу жерлерінде блокпосттар орнатылатын болады. Өңірдегі елді мекендердің  аумағы бойынша тұрғындардың қозғалысы сағат 00:00-ден сағат 06:00-ге дейін шектетілді, - деді  М.Арыспаев.

20210430_151232

   БҚО полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимовтың айтуынша, 1 мамыр күні  облыста 21 блокбекет орнатылады. Полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп  модульдік стационарларды жабдықтады. Блокпосттардың жұмысын қамтамасыз ететін жауапты тұлғалар тағайындалды. Жұмысқа барлығы 143 полиция қызметкері мен 21 қызметтік автокөлік тартылды, - деп баяндады полиция департаментінің бастығы.   

   Жиында облыс әкімі Ғали Есқалиев полиция қызметкерлерінің індет жұқтыру ықтималдығын болдырмау үшін санитарлық дәрігерлер  күніне бірнеше рет блок-бекеттерді аралап, жағдайды бақылауға   алу жұмыстары ұйымдастырылатынын атап өтті.  Сондай ақ Үндістандағы  ауыр жағдайды тілге тиек еткен өңір басшысы жергілікті тұрғындарды санитарлық талаптарды сақтап, сақтанып жүруге шақырды.

20210430_151246

    – Соңғы мәліметтерге қарағанда бүгінгі таңда  Үндістанда күніне  379 257-ден астам  індет жұқтырғандар тіркелуде.  Күніне 3645 адам Covid-19 құрбаны болуда. Індет дамыған ел, дамушы ел деп таңдамайды. Осыған орай, өзге елдердегі жағдайдан сабақ алып, карантиндік талаптарды сақтауымыз қажет. Ертеңнен бастап қаламыз бен кейбір аудандарымыздың шекарасына  блокбекет  орнату жөніндегі жедел штабтың шешімі күшіне енеді. Бұл мәжбүрлі шара екенін бәріміз түсінуіміз керек. Өткен жылдың шілде айында бізде 120 адамнан індет анықталды, ал қазір күніне  170-180 адам індет жұқтыруда. Қазіргі  жағдай өткен жылмен салыстырғанда нашар. Бірақ дәрігерлеріміздің мықтылығының арқасында және дер уақытында   қабылданған шаралардың нәтижесінде індетпен күресіп жатқан жайымыз бар. Сырт көзге білінбегенімен қаншама адамдарымыз ауырып тұрды. Қаншама жақсыларымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау  үшін  осындай қатаң шаралар қолдануға мәжбүрміз, - деп жиынды түйіндеді Ғали Есқалиев.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале