17.01.2022, 15:00
Оқылды: 216

Жаңа Қазақстан – жаңа мақсаттар мен міндеттер

– Қазақстан егеменді мемлекет болып қалыптасуында бірнеше саяси жүйені реформалау кезеңдерінен өтті. Саяси жүйені реформалау нәтижесі көп жағдайда мемлекеттің стратегиялық бағытының дұрыстығы мен көлеміне тәуелді болып табылады. Тәуелсіз Қазақстанның саяси даму стратегиясын даярлау мен жүзеге асырудағы жауапты да қажырлы еңбектің арқасында елімізде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құрылды.

2

Еліміздің кез келген азаматы ел Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын оқығанда, елге деген мақтаныш және сонымен бірге Отан тағдыры үшін жауапкершілік сезімін сезінеді. Біздің халқымыз тәуелсіздікке жету және елді қорғау үшін «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. Бұл – біздің ата-бабаларымыздың аманаты және біздің ұрпақтар алдындағы парызымыз. Батыс елдері саяси жүйені демократияландырудың жоғары деңгейіне ғасырлар бойы бет бұрды. Біздің тәуелсіздігімізге небәрі 30 жыл. Осы жылдар ішінде еліміз либералды саяси жүйе мен бәсекеге қабілетті нарықтық экономика құруда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Өзара сыйластық пен төзімділікке негізделген азаматтық және этносаралық қатынастардың қазақстандық моделі әлемдегі ең үздіктердің бірі болып танылды. Осының арқасында біздің еліміз осы уақытқа дейін азаматтық, этникалық және конфессиялық негіздегі толқуларсыз өзінің бейбіт жолымен өтті.
2022 жылдың басы Қазақстан үшін ауыр басталды. Елімізде қалыптасқан қоғамдық-саяси тұрақтылықты бұзуға, конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер орын алды. Қоғамдық-саяси тұрақтылық –еліміздің демократиялық өркендеуінің кепілі. Мемлекеттік билік пен халық арасындағы өркениетті саяси диалог қоғамдық-саяси тұрақтылық жағдайында ғана мүмкін болады. Қастерлі де қасиетті Тәуелсіздігімізге, саяси егемендік пен еліміздің территориялық тұтастығына қауіп төндірген оқиғалар барысында Президентіміздің Қазақстан халқына жасаған Үндеулері халық бойына сенім ұялатып, азаматтарымызға қуат берді. Президент Қ.К. Тоқаев елдегі жоғары саяси биліктің сенімді әрі қуатты қолда екенін сыртқы күштер мен ішкі лаңкестерге анық көрсетті. Алдағы уақытта, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықтың сақталуына мүдделі барша қазақстандықтар Президентімізге толық қолдау көрсетуіміз қажет. Қоғамдық-саяси тұрақсыздықтар мен жүгенсіз толқулар кесірінен осыған дейін жеткен әлеуметтік-экономикалық жағдайымызды нашарлатып алсақ, кейін оның әр күнін қалпына келтіру үшін орасан зор қаражат пен уақыт қажет. Қоғамдық- саяси тұрақсыздықтар кесірінен қарапайым халықтың осыған дейінгі материалдық жағдайлары нашарлап кетуі мүмкін екеніне, осы бір аптаның ішінде көзіміз жетті, енді одан әрі жағдайды ушықтыра беруге болмайды.
Президент 11 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында жасаған баяндамасында еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа сапалық кезеңге бастайтын жаңа бастамалар ұсынды.
Ең бірінші кезекте еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін түбірімен қайта құру қажет. Президент бұл стратегиялық міндетке ерекше тоқталып өтті. Олардың баста мақсаты еліміздің конституциялық құрылысын, егемендігі мен азаматтарын кез-келген қауіптен қорғау болуы тиіс.
Сонымен қатар елімізде орын алған қайғылы оқиғалардың әлеуметтік- экономикалық проблемалардың асқынып кетуі кесірінен орын алғаны да Президент назарынан тыс қалған жоқ. Осы бағытта мемлекеттік органдар ел тұрғындарының қажеттіліктерін нақты айқындап, соларды тиімді шешу бағытында жұмыс істеулері қажет.
Президент қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің де қауіпті шекке дейін алшақтауын атап өтті. Нарықтық экономика жағдайында, ешбір ел әлеуметтік теңсіздіктен қашып құтыла алмайды, бірақ Қазақстанда мүліктік жіктеліс пен адамдардың табысындағы айырмашылық тым алшақтап кеткен. Сондықтан жаңа Үкіметке адамдар игілігі мен өмір сапасын толық қамтамасыз етуді тапсырды.
Осы кезге дейінгі экономикалық даму барысында құрылымдалған ірі қаржы-олигархиялық топтардың жинақталған экономикалық активтері ендігі уақытта елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет жасауы қажетігін шегелеп жеткізді. Осы бағытта еркін нарық пен кәсіпкерлік бәсекеқабілікті толық қамтамасыз ету қажет. Қарапайым тілмен айытқанда, елдің қаржы және шикізат қуатын пайдалануда, белгілі бір топтар емес, елдегі барлық кәсіпкерлердің мүмкіндіктері болуы тиіс.
Президент Үкіметке Қазақстанның даму Банкісінің қызметін қайта құруды тапсырды. Банк қаржысы тиімді экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Экономикалық жобаларды қаржыландыру мен іске асыруда картельді келісімдерді жоюды тапсырды.
Президент «Самұрық – Қазына» қорының қызметін сынға алды. Егер қорды реформалау мүмкін болмаса, онда еліміздің экономикасында орын жоқ екенін қадап көрсетті.
Президент жаңа Үкіметке алдағы үш жұма ішінде 2022 жылға арналған іс-әрекет бағдарламасын жасақтауды тапсырды. Осы бағытта орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту мен өңірлердің тиімді дамуын қамтамасыз ету басты назарда болуы қажет.
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен Президенттің тың бастамаларының бірі «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру болды. Қор денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларындағы қордаланып қалған шынайы проблемаларды шешу мақсатында құрылады. Ең бастысы, осы қордың қаржысының басым бөлігін ел экономикасының майлы жерлерін басып алған олигархтардың қаржысы құрамақ. Президент сәйкесті органдарға олигархтардың осы қорға тұрақты әрі жүйелі қаржы аударып тұруларын қатаң қадағалап отыруды тапсырды. Қордың жұмысы ашық түрде әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады.
Президент ұсынған іс-әрекеттер жоспары еліміздің саяси, әлеуметтік- экономикалық дамуын жаңа белестерге шығаратыны сөзсіз. Президент бастамаларының барлығы, әлемдегі ең мықты болып саналатын Батыс Еуропалық мемлекеттердің бәрінің де өзегі болып табылатын қағидаттар, яғни еліміздің саяси жүйесінде жергілікті өзін-өзі басқару мен экономикалық жүйесінде еркін бақталастықты қалыптастыруға бағытталған.

Тұрар Шайхиев,

М. Өтемісов атындағы БҚУ

"ҚХА" кафедрасының меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале