24.12.2021, 9:30
Оқылды: 190

Жарқын бейнесі жадымызда

Мағауия Ғарифоллаұлы өзінің өнегелі өмір жолымен, адамгершілік болмысымен, тұлғалық қадір-қасиетімен қай-қайсымызға да өнеге болған қайраткер замандасымыз еді. Етті мал шаруашылығы саласында ғылым мен өндірісті жоғары дәрежеде шебер ұштастыра білген, республикамыздағы алдыңғы қатардағы «Айсұлу» шаруа қожалығының  (Теректі  ауданы) басшысы болды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атағына сай Мағауия Зейнуллин  еліміздің агроөнеркәсіптік секторының көрнекті мамандарының бірі-тұғын.

6

Мағауия Ғарифоллаұлымен 1986 жылы  танысқан едім. Ол кезде Мәкең Чапаев аудандық агроөнер-кәсіптік бірлестігінің төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет жасайтын. Сәл кейін, 1988 жылы Мағауия Ғарифоллаұлы бұған дейін атағы алысқа кеткен «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытының директоры лауазымына тағайындалды.

7

Осы кезден бастап, Мәкең екеуміз жақынырақ танысып, ғылым мен өндірісті ұштастыра дамытуда бірігіп қызмет жасай бастадық. Ізеттілік пен сыйластыққа ұласқан сол таныстығымыз, қарым-қатынасымыз Мәкең өмірден озғанға дейін  еш бәсеңдеген  жоқ.

Қызмет барысында елжанды азаматтың сан қырлы тұлғалық қасиеттеріне талай рет куә болдым. Мәкең – қарапайым, ұлтымыздың жақсылары мен жайсаңдарына тән әдептілік пен сырбаздықты, ізгілік пен адамгершілікті өмірінің ұстанымына айналдырған зиялы тұлға  еді. Өзіне тән еңбекқорлықтың, төзімділік пен қайсарлықтың арқасында шыңдалып, алдынан шыққан қиындықтарды жеңіп, ауыр бейнетті  еңсерді.

Мағауия Ғарифоллаұлы белгілі ғалым ретінде, өндірістік және өмірлік мол тәжірибесі мен ғылым­ды ұштастыру арқасында отандық ақбас асыл тұқымды табынының бағалы гендік қорын сақтап қалуына зор мүмкіндік туғызды. Ол өзі ғылыми тәжірибелерді ұйымдастырып, жан-жақты зерттеп, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдарымен бірге «Айсұлу» ШҚ-дағы қазақтың ақбас тұқымды ірі қарамен селекциялықасыл тұқымдық жұмыс жүргізудің перспективалық жоспарларын құрып, қол жеткізген нәтижелерді өзі жеке қадағалап отырды. Сонымен қатар Мағауия Ғарифоллаұлы әлемдегі ең белгілі – танымал зертханаларда, атап айтқанда АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатының молекулалық-генетикалық зертханаларында ДНК талдауы арқылы «Айсұлу» шаруа қожалығындағы барлық асыл тұқымды жануарлардың шығу тегі туралы анықтаманы міндетті деп санады және ол ойын іс жүзінде жүзеге асырды.

Осындай жан-жақты терең ғылыми зерттеу нәтижесінің арқасында қабылданған анықтамаларға сүйене отырып, Мәкең асыл тұқымды бұқаларды өз өнімділігі бойынша сынауға, ал тұқымдық бұқаларды ұрпақтарының сапасы бойынша бағалауда зор жетістіктерге жетті. Сонымен қатар осы бұқалардың асыл тұқымдық қасиеттерін сенімді бағалау үшін шаруашылықта өзінің типтік сынақ стансасын салдырды. Ол  қазіргі уақытта да жұмыс істеп тұр.

Мағауия Зейнуллин – ізденгіш ғалым, етті мал шаруашылығындағы асыл тұқымды мал өсіру саласындағы тәжірибелі және талантты маман екенін қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының республикалық палатасы кеңесінің төрағасы  болған кезінде жан-жақты, жарқырата көрсетті.    Ол төраға ретінде ҚР АШМ құрылымдық бөлімшелерінде, қазақтың ақбас тұқымын өсірумен айналысатын шаруашылық басшыларының, Палата мүшелерінің,  кеңесшілерінің алдында асыл тұқымды мал басының ағымдағы және перспективалық дамуының өзекті және маңызды мәселелерін жиі көтеретін. Олардың шешу жолдарын да көрсете білетін. Сонымен қатар етті мал шаруашылығында жұмыс істеп жатқан, жаңадан ұйымдастырылған агроқұрылымдарды қолдау, субсидиялау, жеңілдікпен несиелендіру шаралары туралы нағыз мазмұны терең тақырыпта баяндама жасап, көптеген көкейтесті сұрақтарды шешуге мүмкіндік жасады.

5

Ол өзінің күш қуатын, білімі мен өмірлік тәжірибесін агроөндірістік кешеннің тиімділігін арттыруға, жоғары білікті мамандар даярлауға аянбай жұмсады. Мәкең  еліміздегі алдыңғы қатарлы – білім, ғылым, мәдениет орталығына айналған Жәңгір хан университетінің профессор оқытушылары мен ғылыми-методикалық бағытта қоян-қолтық қызмет атқарды. Әрбір адамның өмірі кеше мен бүгінге тартылған  алтын көпір десек, бұл тұрғыда Мағауия Ғарифоллаұлының соңында қалдырған өшпес өнегесі келер ұрпақпен бірге жасайтыны сөзсіз. Өйткені ол  қашанда төңірегімен қоян-қолтық мидай араласып, алқаусыз, адал  еңбекпен ғұмыр кешті.

Теректі ауданы мәслихатының депутаты ретінде мемлекеттік, қоғамдық тұрғыдан әрбір сөзі орынды, қандай мәселеде де өз пікірі, өз көзқарасы, өз ұстанымы бар халық қалаулысы ретінде өзін таныта білді. Депутаттың міндеттерін, ел сенімінің жауапкершілігін сезіне білуімен қатар, Мәкең Аңқаты ауылдық округінің  әлеуметтік-тұрмыстық саласына ылғи сергек қарайтын. Талай мәселені шешуге өзі тікелей атсалысты. Ең бастысы, көптен шешілмей келе жатқан ауыз су мәселесін шешіп, аурухана ғимаратына, балабақшаға, мәдениет үйіне, мектеп жанындағы интернатқа күрделі жөндеу жүргізгеніне  ел ерекше риза болғанын біз көре қалдық. Адал еңбек, өнегелі өмір тәжірибесі оны абыройға бөлеп, мәртебелі атаққа жеткізді, «Құрмет» орденімен, еліміздің бірқатар медалімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Құдай қосқан қосағы Зылиха екеуі қызығы да, қиыны да мол өмірді бірге кешті. Бүгінде Мағауия ағамыздың соңында қалған татулығы жарасқан бақытты да базарлы әулет мүшелеріне ұрпақтарыңызбен мың жасай беріңіздер дегім келеді.

Еліміздің тарихына зер салсақ, алдыңғы өткен аға буынның еңбек жолында қалыптасқан ізгі дәстүрлері халқымыздың жалпы ұлттық мұрасы, мақтанышы екеніне көз жеткіземіз. Себебі еңбек – өмір өзегі, бақыт кілті. Осы  ретте, ағалығымен паналығы жарасқан Мағауия Ғарифоллаұлының қажырлы еңбегі мен азаматтық қасиеттерін қалай дәріптесек те лайықты деп ойлаймын. Осындай ағаларымыздың өмірін арқау еткен көркем фильм шығып жатса, сахналық шығарма – спектакль қойылып жатса қандай ғанибет. Ұрпағымызға үлгі етуге тұратын қажетті де лайықты іс орындалып жатса, бұл біздің рухани жаңғыруымызға қосылған зор үлес болар еді.

Айналайын дана қазағымның әрбір сөйлеген сөзі, айтқан ақылы, тілеген тілегі, берген батихасы ата-бабамыздан бізге дарығанына Алла Тағалаға мыңда бір ризамыз. «Аңсап келер ағаң болса, аруағың барын содан біл, іздеп келер інің болса, бақытың барын содан біл» дейді халқымызда.

Аңыз ағамыздың өмір жолын, еңбек жолын кейінгілерге үлгі етіп, еңбектің қадір-қасиетін дәріптеудің, еңбек арқылы құрметке бөленген өнегелі өмір иесін ұлықтаудың маңызы зор. Мұны «Әлемнің билеушісі – еңбек!» деген қанатты сөздің мән-маңызын жаңарған әлемде жастар жадына құя берудің зор мүмкіндігі деуге болады. Осы жолда адал еңбекті насихаттау, азаматты еске алып, құрмет көрсету әрі рухына тағзым ету елдіктің, қоғамдық кемелдіктің айқын белгісі  деп  білемін.

Біз де Мағауия Ғарифоллаұлының ағалық кең құшағын, мейірім төккен жарқын жүзін, жарқын бейнесін әрдайым есте сақтаймыз.

Қазыбай  Бозымов,

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан

аграрлық-техникалық университетінің

құрметті  ректоры, ауыл шаруашылығы

ғылымдарының докторы, 

профессор, академик

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале