10.07.2026, 11:30
Оқылды: 9

Жауынгерлік даярлықтың маңызды кезеңі: Қарулы күштердің әскери қызметшілері мамандық бойынша даярлыққа кірісті

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде жауынгерлік даярлықтың кезекті кезеңі – мамандық бойынша даярлық басталды. Оқу барлық әскери бөлімдерде ұйымдастырылып, әскери қызметшілердің лауазымдық міндеттеріне сәйкес кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жазды. 

_gluster_2026_7_10_715d413123d512a383da5a9567367a88_1280x720

Мамандық бойынша даярлық оқу кезеңінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады және әскери міндеттерді сапалы орындаудың негізін қалайды. Осы кезеңде әскери қызметшілер өздерінің функционалдық міндеттерін меңгеріп, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін, сондай-ақ оларды пайдалану тәртібін үйренеді.
Мерзімді әскери қызметшілер үшін бұл – әскери мамандықты жүйелі түрде игерудің алғашқы кезеңі. Ал келісімшарт бойынша қызмет өткеретін әскери қызметшілер үшін кәсіби шеберлігін жетілдіріп, даярлық деңгейін тұрақты арттыруға мүмкіндік береді.
Ағымдағы оқу кезеңінде түрлі әскери мамандықтар бойынша 25 мыңнан астам әскери қызметші даярлықтан өтуде. Оқу процесінің тиімділігін арттыру мақсатында 2,5 мыңнан астам оқу тобы құрылып, әрбір әскери қызметшіге жеке тәсілмен дайындық жүргізу мүмкіндігі жасалды.

_gluster_2026_7_10_a9d3773b0f6f1b7436adc5f3928bf6db_1280x720
Сабақтарды қажетті тәжірибесі мен әдістемелік дайындығы бар офицерлер мен сержанттар қатарынан жасақталған нұсқаушылар өткізеді. Даярлықтың практикалық бағыты әскери қызметшілерге теориялық білімдерін бекітіп қана қоймай, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану кезінде нақты іс-қимыл дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

_gluster_2026_7_10_4b3d25cc29be541769a8bae94b5797e2_1280x720
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаментінің аға офицері майор Нұрзат Оразбектің айтуынша, мамандық бойынша даярлық әскерлердің одан әрі жауынгерлік даярлығының негізі болып табылады.
– Дәл осы кезеңде әскери қызметші өз әскери мамандығы бойынша міндеттерін сенімді орындауға қажетті білім мен практикалық дағдыларды меңгереді. Әрбір маманды сапалы даярлау бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылына, жауынгерлік машық деңгейіне және Қарулы күштердің алға қойылған міндеттерді орындауға дайындығына тікелей әсер етеді, – деді майор Нұрзат Оразбек.
Даярлық курсы аяқталғаннан кейін, 10 тамыздан бастап барлық әскери бөлімдерде бақылау сабақтары өткізіледі. Оның барысында әскери қызметшілер оқу бағдарламасын меңгеру деңгейін және жауынгерлік даярлықтың келесі кезеңдеріне дайындығын көрсетеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале