12.05.2021, 14:59
Оқылды: 57

11 млрд. теңгелік жоба іске асады

«KazMeatIndustry» ЖШС директоры, инвестор Амантай Мурзағалиев Сырым ауданына қарасты Шолақаңқаты ауылдық округінің Аңқаты елді мекенінен қой шаруашылығын, экспортқа бағытталған қой етін өндіретін үлкен жобаны бастамақшы. Мал шаруашылығынан бөлек меценат мұнай-химия өндіріс цехының да иесі. Бірнеше жылдан бері Иранға ет импорттап келеді.

83C56C91-FE61-4C40-9FAF-1DAC75092BAC

Амантай Сәбитұлы жобасын, өзін таныстыру мақсатында аңқатылықтармен, ондағы алты шаруа қожалық жетекшілерімен кездесті. Кездесуде аудан әкімі Төлеген Төреғалиев те болды. Құны 11 млрд. тұратын жоба 2021-2025 жылдары іске асырылады.

Инвестордың айтуынша, ауқымды жоба аясында мал азықтық дақылдарын өсіру, суармалы жерлерді қалпына келтіру, қой өсіру кешенін салу жұмыстары жасалады. Мақсат – шет елге етті тек мал қоңданған күзде ғана емес, жыл он екі ай бойы үзбей шығару.

Кешеннің аумағы 9820 гектар жерді құрайды. Кешеннің дүкені, балабақшасы, медпункті болады. Тұрғын үйлер салынып, ауылды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Күрделі жөндеуден өткен Аңқаты су қоймасына жан бітіп, онда балық пен үйрек бағылатын болады. Естеріңізде болса, 2017 жылы бюджет қаржысы есебінен  су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Су қоймасын тиімді пайдалану мақсатында  инвестор округтің  әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосады.  Мыңдаған қойлардың қозылары үшін сүт округ қожалықтарынан алынады. Бұл шаруаның бәрін тындыру үшін Шолақаңқаты ауылдық округінің тұрғындары жұмысқа алынады.

– Еліміздің Жамбыл, Алматы, Талдықорған, Шымкент сияқты өңірлерінде жиі болып жүрмін. Ол жақта шаруашылық мықты дамыған. Шөп шыға ма, шықпай ма, оған қарамастан бос жер болмайды. Халық бау-бақша, плантацияларда жұмыс жасап, тыным көрмейді. Бес жыл бұрын Шымкенттен, Жамбылдан ұшақпен жібердік. Одан кейін Ақтаудан Иранға төрт табын малдың бес автобуспен етін тасымалдадық. Үш жыл бұрын өз туған жеріме қызмет ету туралы ой келді. Облыста «Жайық» құрылысы цехы салынып бітті. Енді қой шаруашылығын қолға алуды жоспарлап жүрмін. Шет елдерге саттыққа шығарғанда, қойдан тоқты қымбатқа шығады. Марқадан екі-үш жыл болған қой арзан. Әлемдік нарықты ұғына бастадым. Әр апта сайын шет елге 35 тонна ет шығаруға мүмкіндігіміз бар, өйткені біз солай жасап көрдік. Ірі қараға қарағанда қойдың етіне шет елде сұраныс тұрақты. Оларға қойдың еті мал семіретін күз мезгілінде емес, ай сайын, тіпті күн сайын қажет. Мысалы, бізде төрт қожалық бар делік, олардың әрқайсысында 2000 қой болса, төртеуі бірдей күзде қойды етке тапсыратын болса, ет көп болған соң сатып алушы таңдайды, бағасы арзанын алады. Шарасыз етін арзанға өткізген шаруаның еңбегі ақталмай қалады. Ал біз жыл бойына үздіксіз ет тапсыруды қолға аламыз.  Кооперацияға бірігіп, жұмыс жасасақ, ұтамыз. Жылына екі рет әрі үшем-төртеммен қоздайтын «Кросс» Романов тұқымы және етті «Дорпер» тұқымын шағылыстырып, «Кросс-1» тұқымын аламыз. Бұл етті тұқым, әрі көп қоздайды. Үш айға дейін қозылар енесінің қасында болады. Төрт айлығында бордақылануға алынады. 6-7 айлығында союға жіберіледі, - дейді инвестор.

0C6E1AE2-D32E-4AA2-98F5-F3A6D5F1E468

Бұл жобаның презентациясын Амантай Мурзағалиев қазан айында Премьер-Министр А.Маминге ұсынып, қорғап шықты. Жобамен бүгінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та таныс. Меценаттың мақсаты – ауылда заманауи қой шаруашылығын дамыту. Әркім өзінің қожалығымен қала береді, ешкім А.Мурзағалиевтің қоластына кірмейді, алайда тұрғындар мен инвестор бірігіп, қоян-қолтық жұмыс жасайтын болады.

Аңқаты елді мекенінде 50-60-таған база салынады. Онда  әрқайсысы 200-250 мың теңге тұратын 40 мың бас саулық, 20 мың бас қарқынды бордақылауда болады. Туғаннан кейін қойлар да, қошақандар да сыртқа шықпайды. Арнайы зоотехниктер, мал дәрігерлері, технолог мамандар жұмыс жасайды. Олар саулықтарды ай сайын кезекпен қоздатуды жоспарлап отырады. Меже – бір ауысымда 20-22 келілік 700 төшке –  18 тонна, бір тәулікте бір фура көлігі толы ет шығарып, сол сағатқа ұшақ жалдап, шет елге жіберу.

Жұмыс кооперациялық тәсілмен жүзеге асады. Кооперация Канадада өте мықты дамыған екен. Мысалы, біреу 200 бас сиыр сауады делік.  Ол шөпке, азыққа басын ауыртпайды. Мақсаты тек – сауу, сүт өндіруді көбейту. Оған мал азығын дайындайтын басқа екінші адам жем-шөбін әкеп, түсіріп береді. Сүтін тапсырам деп те шаппайды. Үшінші  біреулері келіп, сүтін алып, есептесіп, әкетеді. Жоба бойынша  инвестор да керек нәрсені жергілікті шаруа қожалықтарынан алады.  Бір қожалыққа шамамен 500 бас саулық тегін береді. Тамағы, құнарлы азығы есептеліп, оны Амантай Сәбитұлы қамтамасыз етіп отырады. Ал қожалықтың мақсаты – бағып, өсіру ғана болады. Тапқан табыс  50/50 бөлінеді. Шаруа қожалықтары өздерінің қойларын  да бағып сата алады. Алайда олар бір қойды сату үшін ұзағырақ  мерзімде өсіреді, ал асылтұқымды қойды өсіріп, сату тезірек жүзеге асады. Өзінің ұсақ малын өсіріп, сатам дегенше, кооперативтің  қойын бірнеше толқынын саттыққа шығара шығарып, табысын көбейте алады. Тұрғындар өздерінің ірі қараларын өсіре береді. Жұмысқа бірнеше жүздеген жергілікті тұрғындар алынады.

Жоба бойынша ірі қараға да арналған шағын бордақылау алаңы жұмыс жасайтын болады. Ет комбинаты жол бойына жақынырақ орналасады, себебі ол бүкіл аудан үшін қызмет етеді. Кім ет тапсырғысы келсе, келіп өткізе береді.

Батыс Қазақстан облысында жердің 25 пайызында  Атырау, Маңғыстау облысының жеке тұлғалары мал бордақылауда. Себебі, біздің жеріміз құнарлы, шөбіміз шүйгін. Пандемия кезіндегі карантин сауда үйлеріндегі саттықты, мейрамхана жұмыстарын тұралатты. Отбасын асырау керек болғандықтан, көрші өңірдің азаматтары біздің жерімізде еңбек етіп жатыр.

Инвестордың айтуынша, алдымен  инвестиция жерге құйылу керек. Жер – біздің малымыздың, өзіміздің  азығымыз, егініміз, бау-бақшамыз. Құны 11 млрд. тұратын жобаны бастау үшін де бірінші жұмыс жердің тыңайтып, құнарлылығын арттырудан басталмақ. «Жерден алу үшін – ең бірінші жерге беру керек. Жылына 50 мың доллар қаржы жерге құйылатын болады»,- дейді инвестор. Одан кейін жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы жасалады. Аңқатыға  сусорғы стансасы, балабақша, тұрғын үйлер, дүкен, медпункт салынады.  

Аңқаты су қоймасы да инвесторға беріліп, балық шаруашылығы, құс шаруашылығы қатар жүзеге асады.

Қазіргі ауыл шаруашылық саласындағы басты мәселе – маман тапшылығы. Бұл жайында талай мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Амантай Сәбитұлы өзінің жобасына қажет мамандарды Сырым колледжімен немесе Подстепное колледжімен келісіп, заманауи ауылшаруашылық техникасы мен технологиясын жетік меңгерген мамандарды даярлауды жүзеге асырмақшы.

Аңқатылықтарға басталғалы тұрған жоба ертегідей боп көрінеді. Себебі оларға бұған дейін бірнеше адам келіп, «ауылдарыңды көркейтеміз, шаруаларыңды шалқытамыз» деп «ертегі» айтып кеткен екен. Жаңа жобаға  да алғашында күдікпен қараған ауыл тұрғындары, кейін күдіктері сейіліп, үмітке айналғанын көрдік.

Айта кетейік, Амантай Мурзағалиев Теректі ауданы, Подстепное ауданының тумасы. Теректіге көршілес Сырым ауданы ол үшін жат жер емес. Жерлестеріне жаны ашыған азамат біздің өңірдің халқының тоқсан пайызы еріншектікке үйір екенін айтады. Пайдасын көрмесе де, үйреншікті мал шаруашылығы мен егінге жабысып айырылмайтынына, жаңашылдыққа, зааманауилыққа, түлкі заманды тазы боп шалуға құлықсыз екеніне қынжылысын жасырмайды. Облыстық әкімдіктің алдына абаттандыруға гүлдер Шымкенттен әкеп егіледі екен. Мемлелеттік сатып алу арқылы шымқалалықтар қанша табыстың астында қалып жатыр?! Инвестор гүл егетін бір бақшашының облыстан табылмағанынына «әттеген-ай» дейді. Қазір ғаламтордан қарап, кез-келген гүлді өсіруді үйренуге болады. Гүл өсіру – отбасыңмен айналыса беруге болатын іс.

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтың айтуынша, мұндай жоба Қазақстанда алғаш болып іске аспақ. Және тың жоба  біздің ауданнан бастау алғаны қуантады.

– Ауылшаруашылығында етті шетелге шығару – үлкен мәселе. Кез-келген шет мемлекетпен ет сатуға келісімшартқа отыратын болсақ, ол айына екі рет ет қажеттігін айтады. Талай мәрте шаруа қожалықтарына  бірің сәуірде, бірің мамырда, бірің маусымда ет шығаруды жоспарлап, қолға алыңдар деп айттым. Оған мүдделілік танытқан шаруашылық құрылымдары болмады.  Ауданда қожалықтар ай сайын ет шығаруға жұмылған емес.  Облыстағы ет комбинаттары да тұралап қалды, оған себеп – етке өткізетін мал жоқ. Ал, ауданға келетін инвестор бірден ет комбинатын салуға кіріспейді. Ол жұмысын малға құнарлы азық алу үшін жерден бастайды, одан кейін қой басын бірнеше  он мыңдап өсіруден бастайды. Егін шаруашылығында да алынатын өнім мардымсыз. Ауданда 400 шаруа қожалық болса,  300 шаруа қожалығында тек бір-екі адамнан ғана жұмысшы бар. Көбінің техникалары да  Кеңес дәуірінен қалған. Заманауи технологиясыз ауданның дамуы мүмкін емес. Аңқатыда бірнеше жүздеген адам жұмыс жасайтын жоба болса, ауыл дамып  жатқандықтан, облыстан Тоғанастың спорт залына, мәдениет үйіне, мектебіне күрделі жөндеуге қаржы сұрасақ, сөзсіз ала аламыз, - дейді Төлеген Серікқалиұлы.

 Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале