29.05.2019, 18:24
Оқылды: 26

Ақұштап ақын Жаңақалада

Бүгін ақын Ақұштап Бақтыгереева Жаңақала ауданына келді.

 IMG_6600

         Ақын алдымен дәулескер домбырашылардың рухына тәу етіп, алыптар алаңына гүл шоғын қойды.

         Алаштың аймаңдайлы ақын қызын аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин бастаған топ қарсылап, құрмет көрсетті. Одан әрі аудандық мәдени-демалыс орталығында айтулы ақынмен кездесу кеші өтті.

         Кеш барысында сұңғыла ақын Есенғали Раушанов, жерлес қаламгерлер Ғайсағали Сейтақ, Мұнайдар Балмолда, Закария Сисенғалилар ақынға амандық тілеп, оның адами асыл қасиеттерін сөз етіп, халыққа жырдан шашу шашты. Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ақынға алғыс хат пен гүл шоғын табыстап, иығына қазақтың ұлттық камзолын жапты.

IMG_6562

         Рухани кеште Жаңақала жұртшылығына бас ие сәлем берген сыршыл ақын ауданның бүгінгі ажарын әңгімелеп, өзіне сый-құрмет көрсеткен ел азаматтарына ризашылығын жеткізді. Кездесуде от тілді шайыр бүгінгі таңдағы қыз тәрбиесіне кеңінен тоқталып, ұлт тағдыры мен оның болашағы жайлы терең сыр шертті.

         -Әйел – ұлттың анасы. Ұрпақты тәрбиелейтін де, ұлтты тәрбиелейтін де сол әйел. Әйел оңбаса, ел де оңбайды. Қызына қырық үйден тыйым жасамаған ел құрдымға кетеді. Сондықтан да біз қыз тәрбиесіне келгенде өте сақ болуымыз қажет. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген. Қыздың әрбір әрекеті мен қимылына бейқам қарамауымыз керек. Қазақ қызы деген ғажап атқа лайықты етіп тәлім-тәрбие беру - мына біздің міндетіміз,-деді қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді өткір сынаған ақын А.Бақтыгереева.

IMG_6539

         Кеште ақынның өлеңдерін мектеп оқушылары жатқа оқып, аудан өнерпаздары әндерін шырқады.

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале