3.06.2021, 14:45
Оқылды: 154

Ақжайықта жекеменшік «Айша» балабақшасы ашылды

Теректі ауданы Ақжайық ауылында жекеменшік «Айша» балабақшасы ашылды. 75 балаға арналған жаңа бүлдіршіндер үйінің ашылуы - ауыл тұрғындары көптен күткен елеулі оқиға.  

61860C67-7BBB-4563-B905-CB606186EB2A

Бөбекжайдың салтанатты ашылу рәсімінде ауыл әкімі Болат Қадралиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Округ әкімі осындай игі істі қолға алған кәсіпкер Қайырғали Қатымғалиұлына ауыл тұрғындары атынан алғысын жеткізді.

Бұдан кейін зейнеткер, ұстаз  Әмина Айтaсова мен ауыл әкімі Болат Александрұлы жаңа балабақшаның лента қию рәсімін жасап, бөбекжай кілтін меңгеруші Света Хайруллинаға табыстады.

Салтанатты шарада ауылдағы "Айгөлек” балабақшасының бүлдіршіндері өнер көрсетіп, енді қабылданып жатқан “Еркем-ай” тобы тақпақтарын айтты.  

     Шара аясында “Айша” жекеменшік балабақшасының қожайыны Қайырғали Қатымғалиұлы барша ауыл тұрғындарын балалар мерекесімен және балабақшаның ашылуымен құттықтап, бастама Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындағанын атап өтті.

Өзім осы жердің азаматымын, күнделікті ауыл тынысы көз алдымда. Ауылдағы “Айгөлек” балабақшасы бүлдіршіндерімізге аздық ететінін аңғардым. Оның үстіне, қаладағы қарындастарымның осындай жеке кәсібі болғандықтан, маған жеке балабақша ашу қиынға түспейтіндей көрініп, тәуекелге бел будым. Бұл балабақша бірден оп-оңай ашыла салған жоқ. “Көп түкірсе – көл” деген, көмек қолын созып жатқан ауыл әкімі Болат Александрұлына, ауыл мектебінің директоры Шолпан Бижанқызына, Мәдениет үйінің директоры Орынша Көшенқызына, “Айгөлек” балабақшасының меңгерушісі Салтанат Мұратқызына, әдістемелік көмек көрсетіп жатқан Теректі аудандық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша әдіскері Элмира Амантайқызы мен аудандық әдістемелік кабинетінің кітапхана қоры әдіскері Айжан Ихсанқызына алғысымды айтамын. Балабақшаның төлемақысы бір жылға дейін бірінші жазылған отыз балаға, көпбалалыларға тегін. Отбасы жағдайына қарай бес мыңнан он мың теңгеге дейін аралықта болады,- деді кәсіпкер өз сөзінде.

Ашылу салтанатынан кейін ғимараттың ішін көріп, тамашалаған ауыл тұрғындары әр топқа арналған заманауи бағытта жабдықталған бөлмелерге көңілдері толып, ризашылықтарын білдірді. Шара соңында ауыл ағасы Сәкен Шегиров бүлдіршіндерге ақ батасын берді.

 Ғазиза Рахметова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале